Негізгі бет  /  мақалалар  /  Үндістанда мұғалімдерді оқушылармен суретке түсуге міндеттеді

Үндістанда мұғалімдерді оқушылармен суретке түсуге міндеттеді

Айқын-ақпарат
270
Үндістанда мұғалімдерді оқушылармен суретке түсуге міндеттеді Үндістанның Білім министрлігі балалардың сабаққа келуін селфи арқылы тексеруді қолға алыпты. Енді мұғалімдер сабақ басында келген оқушылардың бәрімен суретке түсуі тиіс.

Содан кейін мемлекеттік ортақ SARAL деректер базасына жібереді. Бұл базада Үндістандағы мектептер, мұғалімдер мен оқушылар туралы мәліметтер электронды түрде жиналған. Білім министрлігі оқушыларды осылай түгендемек екен. Мектептегі селфи суреттерін жинау үшін арнайы қосымша әзірленген.
 
Мамандар бұл шараның кейін қағаз нұсқалы журналды алмастыруы мүмкін екенін айтып отыр. Баланың сабаққа келгенін дәлелдейтін селфи эксперимент форматында енгізілген және әзірге дүйсенбі күндері ғана талап етіледі.
 
Алайда көптеген мектеп директорлары мен ұстаздары бұл әдістің тиімсіздігін айтып жатыр. Нагпур қаласындағы мектеп директоры: «Әр сыныпта 50-60 оқушы бар. Селфи түсіру қиын. Себебі кадрға бәрі сыймайды. Барлық мұғалімде сапалы смартфон жоқ»-деген уәж айтады.
 
Ал басқа бір ұстаздар фотосуреттерді қолдан оп-оңай жасауға болатынын жеткізді. «Білім министрлігі балалардың сабаққа қатысуын бұлай қадағалай алмайды. Себебі әр оқушының бет-әлпеті үнемі анық көріне бермейді. Егер мұғалім балалардың сабаққа түгел келгенін көрсеткісі келсе, басқа сыныптардың оқушыларын әкеліп суретке түсіре салады»-дейді олар.