Байлар да үнемдейді

Дамыған елдердегі үйреншікті құбылыс біз үшін жат екені айдан анық. Мұндай әрекетке біздің қазақты алдаса да бармасы анық. Бәрінен де бізде баюдың жолдары қызық. Оны тереңдеп қозғаудың өзі әбестік болар. Алайда нарық басталғанда түн ұйқысын төрт бөлген ақшаны іздеп, жоқтан бар жасап, ақыры қалталылар қатарына қосылғандар жеткілікті. Аталарынан қалған малы жоқ болса да байыған қазақты көрдік. Әмияны ақшадан жыртылғанын көру бұйырмаған шалабайларды да білеміз. Айналып келгенде, жемқорлықтың кесірінен жолы болмағандардың түрмеде теңселіп жүргендері де жетеді. Оларды қомағайлық құртты. Үнемдеу емес, үптеп байығысы келгендердің түбі құритыны анық.
Бәрінен де бізге ата-бабасынан қалған байлықты қалай еселеп жүргендердің тіршілігі қызық. Айталық, күні кеше Kaz.tengrinews.kz сайтынан мынадай мақала оқыдым: «Әлемдегі ең бай адамдардың бірі, Berkshire Hathaway инвестициялық компаниясының басшысы Уоррен Баффет қаржы нарығы құлдыраған күні McDonald’s мейрамханаларынан таңғы ас ішіп, ақша үнемдейді. Бұл туралы ол 30 қаңтарда HBO арнасынан көрсетілетін «Уоррен Баффет болу» деректі фильмінің трейлерінде мәлімдеді деп хабарлайды Lenta.ru.
«Бекон, жұмыртқа мен ірімшігі бар «МакМаффин» 3,17 доллар тұрады. Алайда нарық құлдыраудан басталса, мен 2,95 доллар тұратын сэндвич аламын» деді миллиардер».
Мұндай жағдай біз үшін күлкілі болар. Бірақ «дүниенің долларын» уыстап ұстағандардың кез келген нәрседен үнемдейтіні күлкілі емес. Олардың бір бөлігі хан сарайындай үйлерде тұрмайды, теңіз жағасында тербелген толқынға қарап жатпайды, жеке ұшақ жалдап ұшпайды, дүкен аралап табанын тоздырмайды. Соның арқасында, яғни, ақшаны оңды-солды шашпайтын, жаман жерді баспайтын байлар қолындағы қаражатты қалай тиімді жұмсауды жақсы меңгеріп алған. Біз бай мен кедейді теңестіре алмай жатқанда, сырттағы сұңғылалар қарапайым киініп, көпшілік баратын сауда орындарына ойланбастан бара беретіндігімен ерекшеленеді.
Тауар мен қызметтің қымбаттағанына байлар да қынжылады екен. Өйткені қыруар қаражаты бола тұра артық ақша жұмсауды жөн көрмейтіндер баршылық. Маңдай терімен келген табыстың құнын білетіндер қандай нәрсенің де тиімді, пайдалы болғанын қалайды.
Зерттеушілердің айтуынша, байлар, негізінен, ұсақ-түйекке көбірек қаражат жұмсайды. Соның ізін көтерме сауда орындарынан, жиі жеңілдіктер болып тұратын ірі сауда орындарынан, базарлардан алады. Байлар ақшаны ертесіне табыс әкелетін нәрсеге жұмсауға құштар, ал кедейлер ақшаны мақсатты жұмсағысы келгенімен, ақырында болар болмас нәрсеге шашып алады. Ал ақыл-ойы дұрыс адам ақшаны қуат көзі ретінде санайды. Бір салаға салып, одан түсім алып отыруды дұрыс көреді. Айталық, кез келген дәулетті кісі қымбат көлік мінбейді. Ол уақыт өте келе бағасын тез жоғалтады. Сол себепті арзан көлік мінуге тырысады. Бұл енді дамыған елдердегі көріністер. Бізде ше? Байлардың не мініп жүргенін, қайда демалатынын, не тірлік бітіретінін жақсы білесіздер.
Ақша аспаннан жаумайды. Оның үйіңізге қандай жолмен келіп жатқанын білуіңіз керек екен. Осы орайда мамандар
Р.Кийосакидің кітабын оқуды ұсынады. Онда айлық жалақыны үнемдеп жұмсаудың жолдары көрсетіледі. Жалақының 10 пайызын сақтық үшін жинап қоюды әдетке айналдырған жөн. Ал шығынды азайту – басты мәселе. Қалталылар осылай үнемдейді...
Жер шарында атағы жер жарған миллиардерлер көп. Олардың басым бөлігі бүгінгі күніне түрліше жолмен қол жеткізген. Енді солардың өміріне тоқталып көрелік:
1. Майкл Блумберг, байлы-ғы – 34,3 миллиард доллар.
Майкл Блумберг Нью-Йорк қаласының мэрі болуға талас барысында жұрт көзіне іліккен. Bloomberg L.P – халықаралық ақпараттық компаниясының негізін қалаған және акционері болған. Осындай байлыққа қарамастан, 10 жылдан бері жұмысқа екі аяқ-киімді кезек-кезек киіп келеді екен. Қара түсті мокасиндер миллиардер үшін өте жайлы көрінеді.
2. Билл Гейтс, байлығы – 79 миллиард доллар.
Өткен күндерінен сабақ алып жүретін байлардың бірі. Билл Гейтс бірде: «Табысыңды тойлау – өте тамаша. Алайда сәтсіздіктен сабақ алу одан да маңызды» деген. Ол да барынша үнемшіл.
3. Ингвар Кампрад, байлы-
ғы – 53 миллиард доллар.
Ингвар Кампрад – IKEA компаниясының негізін қалаушы. Қажетсіз шығындардан қашып жүретіндердің бірі. Жекеменшік ұшаққа әсте мінбейді. Билетті эконом-класқа алу әлі күнге дағдыға айналған. Кампрад өзінің мемуарында: «Бізге қымбат көліктер керек емес, ғажайып аты да, әдемі униформа және басқа да символдардың қажеті жоқ. Біз өз күшімізге, өз еркімізге сүйенеміз» деген. Ең қызығы, ол бір креслоны 30 жылдан бері пайдаланып келеді.
4. Опра Уинфри, байлығы – 2,9 миллиард доллар.
Телеарналарда шоу-бағдарламалар жүргізу арқылы танылған және байыған. «Сенімге жүгініңіз. Сенім ғана үмітіңізді ақтайды» деген ол қанша бай болса да өте қарапайым киінген.
5. Ричард Брэнсон, байлығы – 5,1 миллиард доллар.
Британдық миллиардер және Virgin Group компаниясының негізін қалаған Ричард Брэнсон өзінің алдына қойған қарапайым мақсаттарын қағазға тізіп қоятын болған. Тіпті қайсыбірі ақылға сыйымсыз болса да ол өз дегеніне жету үшін күресті. Күндердің-күнінде сол мақсатына жететініне кәміл сенді.
6. Карлос Слим, байлығы – 78,5 миллиард доллар.
Жұртқа ақшаны ертерек үнемдеуге кеңес беруге құштар. Мексикалық бизнесмен Карлос Слим ең бай адам Билл Гейтстің шаруасын дөңгелетіп әкетуіне септігін тигізген. Оған неден, қалай үнемдеуді үйреткен.
Дерек пен дәйек
Уоррен Баффеттің байлығы – 44 млрд доллар. 81 жастағы қария 1958 жылы 31500 долларға сатып алған қарапайым үйде әлі күнге дейін тұрады.
АҚШ-тың күні кешегі президентінің Құдай қосқан қосағы, 48 жастағы Мишель Обаманың отбасылық байлығы – 2,6-8,3 млн доллар. Ол азық-түлікті супермаркеттерден сатып алады. Киім-кешекті ең арзан жерлерден таңдайды.
37 жастағы актриса Хилари Свонктың байлығы –
40 млн доллар. Ол купон жинап, оны супермаркеттерде тегін тамақ алуға айырбастайды.
61 жастағы танымал инвестор Дэвид Черитонның байлығы – 1,3 млрд доллар. Мейрамханаларда тамақтанып, артылып қалған асын үйіне алып кетуге әдеттенген.
Мұнай магнаты Томас Бун Пикен 84 жаста. Байлығы – 1,4 млрд доллар. Бір киер киімдерді 5 жылда бір рет қана сатып алады екен.
7. Джон Кодвелл, байлығы – 2,6 миллиард доллар.
Ағылшын бизнесмені ұялы телефондар шығару арқылы байыған. Қыруар қаражаты бола тұра қымбат көлік мінбеген, ақшасын текке шашпаған. Әлі күнге дейін жаяу жүруге дағдыланған. Асыққанда мотоциклмен немесе қоғамдық көлікпен жүргенді ұнатады.
8. Дэвид Черитон, байлығы – 1,7 миллиард доллар.
Дэвид Черитон – Google-дің алғашқы инвесторларының бірі. 1998 жылы салған қаражатынан қомақты өсім алып тұрады. Осыған қарамастан, ол арзан шаштаразға барады.
9. Марк Цукерберг, байлығы – 30 миллиард доллар.
Acura көлігін мінеді (құны 30 мың доллар), қарапайым өмір сүреді. Жер шарындағы жас миллиардер не істесе де ақшасы бар. Алайда ол ел көзіне ерекше түсіп көрмеген.
10. Джон Дональд Макартур, байлығы – 3,7 миллиард доллар.
Макартур – Bankers Life and Casualty Company мекемесінің бірден-бір акционері. Осыншама қаржысы бола тұра ол қымбат дүниелерге қызықпайды.
11. Томас Бун Пикенс, байлығы – 1 миллиард доллар.
Мұнай магнаты Пикенс – ақша үнемдеуден алдына жан салмаған адам. Әмиянында қажетті ғана қаражат жүреді. Басы артық ақша ұстамайды. Дүкенге барарда ол өзіне қажетті заттардың тізімін жазып, соны ғана сатып алады.
12. Джим Уолтон, байлығы – 34,7 миллиард доллар.
Джим Уолтон – WalMart-тың негізін қалаушы Сэма Уолтонның кенже ұлы. Өте қарапайым өмір сүреді. Оған мұны үйреткен әкесі. Қаржы саласында тасы өрге домалап тұрса да 15 жылдан бері бір көлікті мінеді.
13. Дональд Трамп, байлығы – 3,9 миллиард доллар.
АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп – зор табысқа жеткен байлардың бірі. «Егер сіздің жұмысыңыз өз жемісін берсе, жұрт сізді кездейсоқ бақытты адам деп есептейді. Солай болуы да мүмкін. Жұмыс істейтін миыңыздың болғаны қандай жақсы» дейді ол.
14. Роберт Куок, байлығы – 11,5 миллиард доллар.
Роберт Куок – Малайзиядағы өте бай адамдардың бірі. Ол анасы үйреткен ережемен жүреді.
Роберт «қаржы саласында табысқа кенелу үшін батыл болу керек және өз жолыңдағы мүмкіндіктердің бәрін пайдалан» деген ұстанымды ұнатады.
15. Ли Кашин, байлығы – 31 миллиард доллар.
Ли — Азиядағы шіріген байлардың бірі. Ол өзінің тамаша табысын қарапайым өмір сүруімен байланыстырады.
16. Джек Ма, байлығы – 10 миллиард доллар.
Джек Ма – Alibaba Group компаниясының негізін қалаушы. Ол клиенттерді бәрінен жоғары орынға қояды. Өзін байытқан солар деп түсінеді. Сол себепті олардан асып-тасып жүргенді ұнатпайды екен.
17. Говард Шульц, байлығы – 2,2 миллиард доллар.
Starbucks компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы. Шульц «капиталдан гөрі, адамның мәртебесі жоғары. Миллиардерлер тізімінде тұруды ұнатпаймын. Өзіме не жетіспейтіндігін анықтаған емеспін. Өз орнымды анықтауға әлі күнге тырысумен келемін» дейді ол.
Иә, байлар төңірегінде қызықты әңгімелер көп, қауесет те жетедi. Дегенмен олардың үнемшілдігіне көптеген кедейлердің өздері қызығады. Шын мәнінде миллиардерлердің дені үнемшіл. Сараңдары да жеткілікті. Айталық, әлемде төрт миллиардердің бірі бағасы 100 доллардан артық аяқкиім алмайды. Миллиардерлердің жартысы ғана жаңа көлік мінеді. Бір бөлігі 250 доллардан қымбат емес сағат тағады.
Тіпті таңғалатын жағдайлар бар. Мысалы, белгілі қаржыгер Генриет Хоуленд Грин (1916 жылы өлген) қарттықтан қажыған кезде сол кездегі ақшамен 20 млрд доллары болған. Чикагода өз үйі бола тұра, өте арзан пәтер жалдап тұрған. Қымбат болғандықтан пешті пайдаланбаған. Тамақты ыстық батареяға жылытып жеген.
Баласы ауырғанда аяғына ота жасату үшін бірнеше күн арзан аурухана іздеген. Сөйтіп жүргенде, уақыт өтіп кетіп, ақыры дәрігерлер баласының аяғын кесіп тастапты.
Джон Пол Геттидің үйінде қарапайым телефонмен бірге таксофон да болған. Кейде арзан болған соң, соны пайдаланған. Бірде қарақшылар оның сүйікті немересін ұрлап кетіп, баланы сатып алуға 17 млн доллар сұрайды. Ол бұзақылармен саудаласып жүргенде немересі құлағының жартысынан айырылады.
Тetra Pak компаниясының басшысы Ханс Раусингтің автопаркінде жалғыз көлік болған.
Ол – «Нива» көлігі.
IKEA жиһаз компаниясының иегері Ингвар Кампрад – Швециядағы байлардың бірі. 28 млрд доллары бар. Соған қарамастан, ол арзан мейрамханалардан тамақ ішеді. Автобуспен жүреді. Үш жұлдызды қонақүйлерге ғана түнейді. Үйіндегі жиһаздарға 30 жыл болған.
Міне, дүниенің кілтін ұстағандардың бір құпиясы осындай. Үнемдеу арқылы да ақшасын еселеп көбейтіп жатыр. Ал қазақтың қалталылары үнемшілдікті қашан үйренеді? Байлығын жұртпен бөлісуге қалай қарайды?