Негізгі бет  /  мақалалар  /  Instagram: қолыңнан келсе, кәсіп қыл!

Instagram: қолыңнан келсе, кәсіп қыл!

Жадыра Аққайыр
674
Instagram: қолыңнан келсе, кәсіп қыл! Қазіргі жастар «газет оқымайды» деп налимыз. Бүгінгінің «батырлары» әлеуметтік желіде отырады. Оқитындары – жұлдыздар.

Олардан «қандай кітап оқисың?» дегеннен гөрі, «инстаграмда кімдерге жазылғансың?» деп сұраған абзалырақ секілді. Ақыры желілерге байланған екенбіз, оның өзін неге жақсылыққа пайдаланбасқа? Instagram иірімдерін игілікпен илей білсек, бәрі басқаша бола ма, бәлкім?

Адалынан келген ақша ас болар
Инстаграм желісі қазір қызып тұрған кәсіп көзіне айналды. Ол қалай десеңіз, оқырмандар саны артқандар парақшасына ақпарат шығарып, табыс тауып жүр. Мәселен, үстіне сіздің дүкеніңіздегі киімді киіп түсіп, оны сізден алғанын жазғаны үшін ақша алады. Жарнама бағасы да аудиторияға байланысты. Танымал әнші-актерлардан бөлек, өз имиджін жасап жүрген жастардың қарасы көбейді. Соның ішінде соңғы кездері қолданысқа еніп үлгерген – «вайнерлер». Яғни, қысқа ғана (әдетте 30 секунд пен 1 минут арасында) бейнесюжет жасаушылар. Бастапқыда өмірден алынған оқиғаларды теріп, оқырман жинау керек. Уақыт өте келе жарнама берушілер хабарласатын болады. Еліміздің атақты вайнерлері кішігірім топ болып бастап, бүгінде көпшілігі үлкен компанияға айналып отыр. Бір әттеген-ай дейтін тұс – көпшілігінің орыстілді болуы. Айталық, Қазақстан бойында оқырмандар саны жөнінен көш бастап отырған аккаунт – Yuframe. Вайнға (қысқа видео) түсетін төрт қыз-жігіттен бөлек, осы жобаның аясында бірнеше адам жұмыс істейді. Әрбір бейнежазбалары жарнамаға айналды десек, артық айтқанымыз емес. Тіпті оқырмандары да «тірі», себебі бейне қаралымдарының саны миллионнан асады. Бұл дегеніміз, топ жұмысының қарқынды жүріп жатқанын көрсетеді. Жай ғана қарапайым жарнаманың құны – 200 мың теңге. Ал егер оқиға құрастырып, сюжетті сәндеп, жарнама берушінің мекенжайын, инстаграм-аккаунтын көрсететін болса, бағасы екі есе өсіп, 400 мың теңге болады. «Біздің әрқайсымыз ай сайын 200 мың теңге шамасында табыс табамыз. Саясат пен дін тақырыбын ғана қозғамаймыз. Бірақ соның өзінде вайндарымызға қатысты сын-пікірлердің астында қаламыз. Қазіргі таңда имиджбен жұмыс істеп жатырмыз. Жарнама алар сәтте сан рет ойланып барып, қабылдаймыз. Бірақ вайнерлердің кезеңі жақында аяқталады. Сол үшін бар күшімізді Youtube-те танымал болуға салып жүрміз. Әлемдік тренд сондай. Құрылған сәтте біздің мақсат – ақша табу болған жоқ. Тіпті қазірдің өзінде біз ақша табу үшін түсірмейміз. Керісінше, бейне түсіру үшін ақша табамыз» дейді жоба менеджері Расул Абдуллаев. Ал қазақ тілінде бейнежазба түсіріп көзге түсіп жүргендер ішінде orystar_show, xaxa_show, kartop.tv жобаларын атап өтсе болады. Қазақы нақышта, әзіл-қалжыңы аралас бейнесюжеттер жиі жаңарады. Біз болсақ, жастардың бұл талабын қос қолдап қолдаймыз. Инстаграмды игілік жолында пайдалансақ деп жоғарыда атап өткендегі айтқымыз келгені де осы болатын. Жарнамаға тапсырыс түсті екен деп қаржыға құнықпасақ екен. Қашан да адалдықты ту еткен қазақ екеніміз естен шықпағаны игі. 


 

Бүгін Майя Бекбаеваның «Давайте говорить» ток-шоуында болдық. Бас тақырып – Мақпал Исабекованың инстаграм аккаунтын сатып жіберіп, алған ақшасын қайырымдылыққа салғаны еді. Дұрыс қой, садақа бергенге не жетсін. Бірақ сол 1,5 миллион теңгеге сатып алынған 1 миллион оқырманы бар аккаунттың аты «Норка Астаны» болып өзгеріпті. Кәдімгі ішік-тон сататын дүкенге айналған ғой. 1 миллион адамнан соңғы екі аптада 7 мыңы ғана парақшаны оқудан бас тартыпты.
Білмедім, өз ұстанымым бойынша, мұны теріс қылық деп білемін. Сені жақсы көрсін, жек көрсін, қанша жылдан бері келе жатқан оқырмандарыңды мейлі қандай мақсатта болмасын сатып жіберу – жұрттың саған деген махаббатын сату...
Әлішер Елікбаев айтпақшы, біз әлеуметтік желіде өз репутациямызды сатамыз. Сол үшін жұмыс істейміз, соған ақша саламыз, бірақ оны болымсыз атақ, толымсыз ақша үшін сатуға болмайды деп есептеймін. Әлде сіз басқалай ойлайсыз ба? 

Өркен Кенжебектің facebook парақшасынан алынды.


 

Желіде де жақсылықтың жаршысы болғанға не жетсін?!
Жұлдыздар миллион оқырманға қол жеткізгенде кішігірім той болады. Ең алғаш бұл межеге Баян Мақсатқызы жетіп, осының құрметіне байқау ұйымдастырған да еді. Соңына ілесе бірқатар танымал адамдар мұндай ерекше күнді атап өтпеске болмайды дейтін секілді. Әріптестер бір-біріне сыйлық жасап, арнайы жазбамен «марапаттайды». Ал жақында инста-оқырмандарының саны миллионға жеткен әнші Мақпал Исабекова басқаша тәсіл ойлап тауып, ұпайын түгендеді. Ол аккаунтын 1,5 миллион теңгеге сатты. Бұл ақпарат бүкіл желіні шарлап, біраз талқыға түсті. Аукционнан түскен қаражатты Мақпал қайырымдылыққа жұмсады. Яғни, Әсел есімді қыздың еміне төлеп берді. Ол бүгінгі таңда Қытайда, ота жасатар сәтті күтіп жүрген көрінеді. Ал бір миллион аудиториясы бар белсенді парақшаны өз бизнесін жарнамалау мақсатында астаналық қыз сатып алды. Бүгінде парақшада бір миллион емес, 991 мың оқырман бар. Бұл мәселені екі жақты қарастырып көруге болады. Біріншіден, оның игілік жасау мақсатында көмек беру ниетін дұрыс делік. Себебі, қайырымдылықтың қай түрі болмасын сүйсінуге тұрады. Тіпті әр адам мүмкіндігіне қарай өзгеге қол ұшын созар болса, қуанарымыз хақ. 
Ал екінші жағынан өзгелердің саған деген көңілін саудалау да секілді. Әлбетте сізді шынайы жақсы көретін жандар жаныңыздан әрдайым табылады. Аккаунтыңызды ауыстырсаңыз, жаңасына жапа-тармағай көшеді. Бұл – махаббат. Бірақ осы парақша сату бизнесі белең алса, қадір қашып кетпес пе екен деген ой мазалайды. Ел алдында жүргендер жауапкершілік сезінуі тиіс дегенді жиі айтамыз. Өзгеге үлгі-өнеге болуы керек деген де бар. Бірақ жеке парақшасы болғандықтан, басқаларға бағыт беруге құқымыз жоқ. Байқасақ, барлық инста-жұлдыздардың өмірі жұмақтай-ақ. Ішетіні – алдында, ішпейтіні – артында. «Көйлегі көк, тамағы тоқ» дегеннің заманы енді келгендей. Барлығы айналып келгенде, сол баяғы жарнаманың жағдайына тіреледі. Қалай десек те, заманына сай бұл да – бизнес. 


 

ТҮЙІН:

Жылтырақ өмір, жасанды қылықтан жалыққан кезде көңіл толқынын тербетер дүние жетіспей жатады. Ондайда инстаграм ақтарып, желідегілермен жыртысқаннан гөрі жалғыз отырып, ойға берілген жөн-ақ. Жан дүниесін рухани байытуды әдетке айналдырғандар кітап оқыр, енді бірі тау-тасты кезіп кетер... Ал басқалары ше? Амалсыз, әлеуметтік желіні жағалайды. Көретіні – өсек-аяң, ұрыс-керіс, айтыс-тартыс. Біреудің екінші біреуде алмағы бардай пернетақтаны «пиқылдатып» пікір жазады. Сондағы талқыланатыны – салынған суреттегі адам, оның киімі, мінезі және осы секілді мәнсіз дүниелер. «Бәріне бірдей жақпайсың» деп жұлдыздардың ондайларға қарсы иммунитеті де қалыптасқан. Өзгенің өміріне араласып, жанын жаралауға неге құмармыз? Одан келер пайда қандай? Көзіміз жақсы дүниелерді ғана көрсе, оқыса – қандай керемет! Бәлкім, ол үшін тірі классиктер инстаграмға тіркелуі керек шығар? Мәселен, сіз, Мұхтар Мағауинді оқыр ма едіңіз, оқырман?