Басты  /  мақалалар  /  Нұрғали НҮСІПЖАНОВ: Қазақтың ең үлкен байлығы – ұрпағы

Нұрғали НҮСІПЖАНОВ: Қазақтың ең үлкен байлығы – ұрпағы

Айқын-ақпарат
1534
Нұрғали  НҮСІПЖАНОВ: Қазақтың ең үлкен байлығы – ұрпағы Ол кісі үнемі өзгермейтін сияқты көрінеді. Түрі де, адами болмысы да, мінезі де, тіпті дауысына дейін өзгермеген. Сонау бала кезімізде қазақ телевидениесінің экранынан көрген сол бейне, сол дауыс.

Орындаған әндері де ғаламат. Шеберлігі де ғажайып. Ол кісінің қартаймауының ерекше сыры бар секілді: әнмен өрілген әдемі әлем. Қаңтар айының бесінде ол кісі сексенге келді. Сексеннің сеңгіріне келді деп айту ғана оңай. Әйтпесе, ол кісіні сексенге толды деуге қимайтынымыз анық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, сән-салтанаты жарасқан әнші Нұрғали Нүсіпжанов.

– Нұрғали аға, бірде Әсет Бей­сеуовтің балаларға арналған 70 әні бар екенін айтқан едіңіз? Ол әннің бәрі қайда? Неге орындалмайды?
– Әсет Бейсеуовтің балаларға арнап жазған жүзге тарта әні бар. Біз барымызды-жоғымызды іздеп жүрген, намысымыздың салмағы қандай болатынын біліп жүрген халық емеспіз. Егемендік алдық деп, шылбыр-тізгінді бос қоя бердік. Екі қолымыз қалтамызда. Жоғымызды түгендегіміз келеді, бірақ барымызды пайдалана ал­майтынымыз жаман. Тәуелсіздік алу жолында жанымызды беріп, күндіз-түні күрестік. Бұрын теле-радиода қызмет істеп, он жылдай музыка редакциясын басқардым. Онда «Қазақстан» ұлттық арнасы ғана бар. Қазір өткенге көз жүгір­тіп қарап отырсам, көп шаруа ат­қарған екенбіз. «Алтын қорда» қаншама інжу-маржандарымыз жатыр. Соны іздемейміз. Шын­туайтына келгенде, біз тарихымыз жазылмаған халықпыз. Тарихи дүниелеріміздің өзі біркелкі емес. Тарихшылар жазып жүрген дерек­тердің өзі әр алуан. Бірі-бірін жоққа шығарып отырады. Демек, бірізділік жетіспейді. Құнды­лықтар құлдырап барады.
– Көрнекті ғалым, академик Төрегелді Шармановтың «Құнды­лықтар құлдырауы» деп толғам жасағанын жақсы білесіз. Ғалым қазақ ғылымының әлсірегенін, ұлт­тық құндылықтардың құлды­рағанын ашық айтты. Сіз де қазақы құндылықтардың әлсірегенін айтасыз. Тәуелсіз елдің жастары құндылықтардан неге алшақтап барады?
– Тіптен, ұят. Кітап оқы­май­тын жастарды көріп, қынжылам. Жасымыз сексенге келсе де, кітап ақтармай отыра алмаймын. Түр­тініп, тарихи дүниелерді түртіп алып жүремін. Кейде тарихшы болып кеткен жоқпын ба деп қор­қамын. Кей-кейде қолыма си­рек кітаптар түсіп қалады. Соны бас-аяғына шейін ақтарып, оқып шық­қанша, тыным таппаймын. Жастар неге құндылықтардан алшақтап кетті дегенге келсек, тәрбиеден алшақтап кеткендігі. Кітап оқымайтындығы. Менің қатарластарымның бақыты неде? Олар білім мен білікті қатар алып жүрді.
– Шын мәнінде, сіздің буынның бақыты неде?
– Қарапайым отбасында дү­ниеге келдік. Қарапайым тұрмыс кеш­тік. Отбасында әкеміз үнемі «Айналайын, адал еңбек ет. Адал тапқан нанның дәмі тәтті бола­ды» деп айтып отыратын. Біздің буын еңбекке ерте араласты. Есі­міз кі­ре­сілі-шығасылы төрт-бес жасы­мызда колхоздың жұмысы­­на пай­даланды. Одан бөлек, үйдің шаруасы да сенің мойныңда. Бүгінгі біздің балаларымыз, неме­релеріміз осыны сезінген жоқ. Қаланың тіршілігін көріп, сезіп, өсіп келеді. Кей-кейде сол бала­лық шағымды, еңбекпен өскен өмірімді сағынам. Балаларымды, немерелерімді еңбекке баулығым келеді. Асфальтта өскен бала қара нанның қадірін қайдан білсін?! 
Жоғарыда ұлттық құндылық­тар туралы текке әңгіме қозғаған жоқпын. Қазір бізде мектеп, инс­титут, академия ондай тәрбие бере алмайды. Ата-әже институты жоғалды деп байбалам салып жүр­гендер көп. Ұлттық қасиеті­мізді ұлықтайтын, ұлттық құнды­лықтарға икемдейтін жүйе қалып­таспаған. Қалтамызда ақша болса, сонымен, дүниені аралағымыз ке­ліп тұрады. Елді көрген, шарта­рапты шарлаған жақсы. Бірақ сол елдің озық дүниелерін өзіміздің ұлттық құндылықтарымызбен ұш­тастыра алып жүрміз бе? Ең өкі­ніштісі – осы. Кеңес заманын­да патриотизмді бойға сіңірмеген, өз еңбегімен еленбеген адамды сыртқа шығармайтын. Қазір жағдай мүлдем бөлек. Мұның бәрі тәлім-тәрбиенің ақсап жатқан­дығынан хабар береді. 
– Музыкалық редакцияны бас­қарған жылдары «Алтын қорға» қа­зақтың қаншама інжу-маржаны жи­нақталғаны белгілі. Сол қымбат қазыналарымыз қайда?
– Әңгімені Әсет Бейсеуовтен бастадық қой. Бір кездері оның 500 әнін жинақтап, екі томдығын шығарғанбыз. Кітаптың шығуына марқұм Заманбек Нұрқаділов көмектесті. Соның ішінде 100-ге тарта әні балаларға арналған. Қазір «ән шығарғыштар» көбейді ғой. Балаларға арналған неше түр­лі әнді еститін болдық. Олар­дың арасында Әсеттің әндері естіл­мейді. Көмескі тартып ба­рады. «Балаға арналған ән жоқ» деушілер көп. Барымызды баға­лай алмай отырған өзіміз ғой. Әсет­тің 100 әні қайда? Оны неге пайдаланбаймыз? 
– Сөзі де, әні де «жарымжан» дүниелердің көбейгені туралы ай­тылып та, жазылып та жүр. Тіпті жас балаға үлкендердің әнін айт­қызу сәнге айналып барады. Әр адам өз жасына лайық әнді орын­дау қажет емес пе?
– Ән айтқысы келетін, айтып жүрген балапандардың талабы жақсы. Оған қарсы болмау керек. Бірақ «сүйдім, күйдім» деп айтуға әлі ерте. Өкінішке қарай, ата-ана­лар баласына осындай әнді жат­татып жүр. Бұған бір жағынан телеарналардың да кінәсі бар. Олар ұлттық дүниеге көп бас ауыртпайды. Кезінде өзіміз де сол телеарнаның мектебінен өттік. Сол кездің бір артықшылығы, кез келген ән көркемдік кеңестің ше­ші­мінсіз эфирге өтпейтін. Талап-талғам жоғары болды. Қай әншіде қандай жаңалық бар? Қандай тақырып көп қозғалып жүр? Осы­ны ойлап жүрген біреу бар ма? 
– Ағалардың аманатына адал­дық дегеніміз не?
– Өнердің жолы жеңіл емес. Бұрын біз, өнер адамдары, компо­зиторлар бір-бірімізбен тығыз байланыста болдық. Менің дау­сыма сай ән жазған авторларым болды. Талғамымыз ұқсас болды. Олар бар мен жоқты ажырата білді. Олар Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов сияқты мықты азаматтар еді. Мен солардың аманатын арқалап, көтеріп жүрмін. Ол – менің өмір бойы арқалайтын аманатым. Оны бір жерде шашып, түсіріп алуға қақым жоқ. Неге дейсіз бе, адам­дық қасиетім де сол аманатпен өлшенеді. Аманатқа қиянат жа­сауға болмайды. Бұл аманат маған ғана тиесілі емес. Ол менен кейін­гі буынға да жүктеледі. Ол – аға­лар арқалаған қазақ өнерінің жүгі. Ол жүк жеңіл емес. 
– Қазіргі жас әншілерді той асырап отырғаны жасырын емес. Тойшыл, сауықшыл әншілер кө­бейді. Қоғам осындай сұранысты қанағаттандырып отырса, қарсы бола аламыз ба?
– Оның басты себебі – тез та­ны­мал болуға ұмтылу. Тез таны­мал бо­луға ұмтылу білімді көп қажет етпейді. Олардың көбі білім алып, бас ауыртқысы келмейді. Біздің кезімізде бір әріптің басы қисай­майтын, бір адамның аты эфирде бір күнде екі рет қайта­лан­байтын. Ешбір әнші эфир­құмар болған емес. Қазір кері­сінше, барлығы эфирге ұмтылып тұрады.
– Сауықшыл емес, өнерге адал әншілер қалай өмір сүреді?
– Өнерге адал адамдар таза өнердің жолында жүр. Жастар сауық­шыл, думаншыл болып кетсе, бұған біздің кінәміз жоқ. Өйткені қазір жастарды көше тәрбиелеп кетті. Ақша тәрбиелеп кетті. Сөйтіп, біз егемен елдің қорғаны болатын патриоттарды тәрбиелеудің орнына, намыссыз, жасық ұрпақты көбейтіп алдық. Олар үшін құндылық жоқ. Қала­ған еліне кете алады. Қалаған жер­інде тұра алады. Ақшасын төлесе, кез келген жұмысты ат­қаруға дайын. «Өзге елде сұлтан болған­ша, өз еліңде ұлтан бол» дей­тін мораль қайда кетті? Мүм­кін, біз­дің бұл ойымызға бүгінгі жастар келіспейтін де шығар. Бірақ ұрпақ тәрбиесінде көп ол­қылықтар жі­беріп алғанымызды мойындауы­мыз керек. Отанын сүю, ұлтыңды сүю туралы мораль айтсаң, күле қарайтындар өте көп. Айтпасқа тағы болмайды. Оны біз қазір айтпасақ, ертең кешігіп қалуымыз мүмкін. Ең өкініштісі, кейде көшеде бейәдеп көрсетіп отырған жасты көрсең, қамшымен бір осып жібергің келіп тұрады. 
– Өз балаңызды ше? 
– Менің балам әдепсіздік та­нытса, солай жасар едім. Бірақ ба­лаларым ондай қадамға бармай­ды. Қазақ неге «қызға қырық үй­ден тыйым» дейді? Барлық жа­мандықтан тыю дегенді айтқысы келіп отыр. Өрескел нәрсені көр­генде, оның кімнің баласы екені маңызды емес. Қарагөз­деріміздің барлығы – өзіміздің баламыз. Оны жамандыққа жі­бер­меуім ке­рек. Ол – менің міндетім. Жас­тарға ие болуымыз керек.
– Жастарды ұлттық құнды­лық­тарға тәрбиелеуде кешігіп қал­ған жоқпыз ба?
– Кешікпеу үшін қазірден бастауымыз керек. Қазір бастама­сақ, ертең қиын болады. Ұлтты сақтау үшін ұрпақты сақтауымыз қажет. 
– Қазір шетке білім алуға кет­кендердің көбі елге оралғысы келмейді. Неге?
– Ондайлар да бар. Жалпы, өзге елдің білімін алған дұрыс. Соны өз еліміздің құндылық­та­рымен ұштастыра білсе, одан пайда көп. Отаным, елім деп намысын қамшылайтын жастар көбейсе, ел бұзылмайды. 
– Неден қауіптенесіз?
– Ақыл-парасаты ешкімнен кем емес, қазақтың мықты жас­тары желкілдеп өсіп келеді. Еге­мен елдің жоғын жоқтайтын, со­ның қорғаны болатын, Мәңгілік елге бастайтын қазақтың ұрпағы көбейсін деп тілеймін. Қазақтың ең үлкен байлығы – ұрпағы. Әрбір адам ұрпағымен мәңгі. Ұрпақ бол­ғанда да, азат, намысшыл, са­налы балалары бар елдің ғұмыры ұзақ болады. Сондай парасатты ұрпағымыз болса, ешнәрседен қауіптенбес едім. Еліміз аман, жұр­тымыз тыныш болсын!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ