Агро-индустриялық кешенде болды

Парламент Мәжілісінің, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері депутаттары Балайым Кесебаева, Бақытбек Смағұл, Абзал Ералиев, Генадий Шиповских, Әлия Сапарова Сыр өңіріндегі жұмыс сапары барысында Қызылордада тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіретін және 150 тонна күріш өңдейтін және құс шаруашылығын дамытып отырған «Жан-Арай» агро-индустриялық кешенінің жұмысымен танысты.
Халық қалаулылары ауыл шаруашылығын дамыту, жаңа технологияларды енгізу мәселелерін сөз етті. «Ауыл шаруашылығы қай кезеңде болмасын экономиканың локомотиві болып қала береді» деді сөз барысында Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Балайым Кесебаева.
Зауытта 250-ге жуық адам жұмыс істейді. Кәсіпорында шикізат және дайын өнімдер сақтайтын қоймалар, автотаразы мен зертхана, қалталау цехы, ұн тарту диірмені мен макарон шығару өндірістері бар. Аталған өндірістерден шығатын дәнді дақыл қалдықтарын құрама жем шығаруға пайдаланады. Жыл сайын облыс көлемінде мал басының көбеюі өз кезегінде құрама жем зауытының жұмысын жандандырды. Кәсіпорын басшысы Бақдәулет Мақашев бұл жұмыстардың ары қарай жалғасатынын айта келе, келешекте ұн шығару зауытын және макарон фабрикасын іске қосуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Қазіргі таңда, барлық ғимараттар салынулы тұр. Жоба құны – 375,9 млн теңге. Зауыт мемлекеттік және жеке әріптестік негізде жұмыс істейді. «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның үлесі – 49%, яғни 137 миллион теңге болса, қалғаны «Жан-Арай Жем» ЖШС-ның өз үлесіне тиеді. Өндіріс ошағына «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы инфрақұрылым тегін жеткізіліп берілген. Кәсіпорынға қажетті шикізатты – күрішті, бидайды, жүгеріні және күнбағысты жергілікті шаруашылықтар өсіреді» деді кәсіпорын басшысы, облыстық мәслихат депутаты Бақдәулет Мақашев.
Өңірдің ауыл шаруашылығы саласын жетік меңгерген халық қалаулысы Абзал Ералиев: «Бүгінде аймақ шаруалары жылына 60 мың тонна мал азығын тұтынады. Бұл құрама жем зауыты сол сұраныстың жартысын өтеп отыр. Өңірде жыл сайын мал саны артып отырғандықтан облыстың ауыл шаруашылығы саласында құрама жем өндіретін жалғыз өндіріс аздық етеді. Сондықтан ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар арқылы осындай өндірістер санын көбейту керек» деді ол.
Кешен жұмысымен танысып, жұмысшы ұжыммен кездескен депутаттар Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауынан, «100 нақты қадам» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларынан туындайтын шараларды кеңінен насихаттап, Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыс барысы мен оң өзгерістерді, қабылданған заңдар мен алдағы уақытта депутаттардың назарына ұсынылатын жобалар жайында атап өтті. Сондай-ақ кездесу барысында депутаттар жұмысшылар тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсыныс тілектерді назарға алып, оңтайлы шешімін табуына жұмыс жасайтындықтарын жеткізді.