Халық артистері құрметтеледі

Тұңғыш рет қолға алынып отырған өнер жарысы 22 ақпан мен 2 наурыз аралығына жоспарланып отыр. Шараның қолдаушысы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры, ЮНЕСКО клубтарының Қазақстан ұлттық федерациясы, Ахмет Жұбанов атындағы қоғамдық қоры.
Қазақ өнерінің қайталанбас тұлғалары Кәукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекованың есімі аталмыш оқу орны үшін ерекше қымбат. Сахна саңлақтарының шығармашылық жолы әу баста осы киелі шаңырақ қабырғасында білім алып жүрген уақытта қалыптасқан. Студент Шабал 1936 жылы Опера театрына шақырылып, өмірінің соңына дейін өнер көрсетті. Мәскеу консерваториясында Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері Мария Владимировадан білім алған жылдары және майдан шебінде өнер көрсеткен сәттерде ғана аз-кем үзіліс жасады. Ол Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Грузия, Әзірбайжан композиторлары жазған қойылымдарда 17 басты партияны шебер орындады.
Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібегіндегі» – Жібек, С.Мұхамеджановтың «Айсұлуындағы» – Айсұлу, М.Төлебаевтын «Біржан-Сарасындағы» – Сара, П.Чайковскийдің «Евгений Онегиндегі» – Татьяна, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Ажар партиясын сомдап, КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Ізденіс аясын Еуропалық репертуармен де байытып, ұлттық нақышпен әрлендірді.
Сахна саңлағы өзінің әріптесі әрі өмірлік жары Кәукен Кенжетаевпен де бірқатар қойылымдарды қатар сомдаған.
Кәукен Кенжетаев 1936 жылы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанындағы қазақ студиясын, 1950 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген.
1942-46 жылдары Хабаровскідегі шекарашылар ән-би ансамблінде, 1946 жылдан Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрында еңбек етті. М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасында» – Жанбота, Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғынында» – Тарғын, «Қыз Жібегінде» – Бекежан, «Дударайында» – Семен, М.Глинканың «Руслан мен Людмиласында» – Руслан, Ж.Бизенің «Карменінде» Эскамильо секілді кейіпкерлерді көрерменге ұсынды.
Сондай-ақ ол режиссер ретінде Е.Рахмадиевтің «Алпамыс», Е.Брусиловскийдің «Амангелді», П.Чайковскийдің «Қарғаның мәткесі», С.Мұхамеджановтың «Айсұлу» операларын жұртшылыққа тарту етті.
«Біздің сүйікті дәрігер», «Тұлпардың ізі», «Ән қанатында», «Ел басына күн туса», «Гауһартас» фильмі арқылы үлкен-кішінің сүйіспеншілігіне бөленді.