Басты  /  мақалалар  /  Қар көшкіні кезінде қалай әрекет етеміз?

Қар көшкіні кезінде қалай әрекет етеміз?

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
1701
Қар көшкіні кезінде қалай әрекет етеміз? Қазір тау табиғатының ғажайып көрінісі кім-кімді болмасын өзіне еліктіріп, шақырып тұрғаны. Бейне бір ертегі ме дерсіз?! Демалыс күндері болғанда халық тауға ағылады.

Алатау бөктерінде бірі серуен құрса, енді бірі тау спортымен айналысады. Оған алда келе жатқан Алматы қаласындағы ХХVІІІ Қысқы Универсиаданың қауіпсіздік мәселесін қосыңыз. Тау шатқалдарында өтетін жарыс жолдарында қар көшу деңгейі қандай? Жалпы, осы қысқы уақыттың қаншалықты қауіп-қатерге толы екенін жетік білеміз бе? Ол қалай көшеді? Сала мамандары қалай күреседі? Тауда қалай қорғануға болады? Ендеше, қысқы белсенді демалысыңыз үшін біз де осы сауалдарға жауап іздеп, ақпарат жинап қайтқан едік...

Қар көшкіні – тау бетке­йінен түсетін немесе жыл­жи­тын қар массасы. Адам өміріне және шаруа­шылық нысандар­ға қауіпті. Қар көшкіні еңістігі 15°-тан көп, қардың қалың­дығы 30 сантиметрден асатын барлық таулы аудандарға тән.


Қар көшкіні көлемі, көшкін жинағыштың бедері және қар көшкінінің жолы бойынша: қарлы сырғыма (осовы) – беткейдің бүкіл алаңы бойынша түсетін қар көшкіні; астаулы қар көшкіні – шұңғыма, колуар және желге қақталу зонасында тау жыныс­тарының жырытынды түрін­дегі қар көшкіні; секір­мелі қар көшкіні – тік жар­тас­тар мен беткейлерден құлайтын қар көшкіні; Қар­дың консистен­циясы (құр­ғақ, ылғалды және сулы қар көшкіндері) деп бөлініп, өзара жіктеледі. 


Қазақ географиялық қоға­мы қар көшкенде әрекет ету жолдарын кеңінен түсін­діріп келеді. Олардың ескерт­песіне зер салсақ: 
– Егер көшкін сізге жету­ге бірнеше секунд қалса, онда дереу қауіпті аймақтан қашып, жасырынып қалу қажет. Ондайда көзіңізге ұшы­расқан тас, я болмаса ағаш сіздің өмі­ріңізді сақтап қалуы мүмкін. Әсіресе, маңай­дағы ағашқа, шыр­ша мен қарағайға өрме­леп шы­ғуға тырысу керек. 


Сон­дай-ақ өзіңіздегі артық заттардан (сөмке, тау шаң­ғысы) арылуды ұмытпаңыз. Ол сізге барынша кедергі жасайды. Бастысы, дер кезінде қашып өту мен талға өрмелеу немесе талға сүйену сіздің өміріңізді құтқарады;
– Егер көшкін адамды алып кетсе, ең алдымен тыныс алу мүшелерін қардан сақтап қалу керек: алақандарыңызбен, баскиіммен, мойынорағыш­пен, қолғаппен мұрныңызды және аузыңызды жауып, қар астынан шығуға ұмтылыңыз;


– Көшкін кезінде адамдар­дың өмірі мен денсаулығы көптеген факторлармен байланысты, солардың ішінде аса маңыздысы жедел түрде іздеу-құтқару жұмыстары және зардап шеккендерге алғашқы жедел көмек көрсету қызметі болып саналады. Өйткені қар астында қалған адам денесінің температурасы орташа есеп­пен сағатына 3 градусқа дейін төмендеп кетеді. Сол себептен, көшкіннен кейін алғашқы үш сағаттың ішінде көрсетілген көмек маңызды болып есепте­леді. Одан кейінгі әр сағат зардап шеккендердің сәтті оралу мүмкіншіліктерін қатты әлсіретеді. Қар астында ұйық­тап кетпей, қорқыныш пен қобалжудан арылып, құрсаудан шығуға барынша тырысу керек.


– Қар тұтқынында болған 3 сағаттан кейін 90%-ға жуық зардап шеккен адамдар тірі қалмайды. Жалпы, тауға шыққанда қанық қызыл түсті киімді пайдаланғаныңыз жөн. Ол көшкін кезінде қалып қойғанда, қандай да бір белгі береді. Мынаны ескеріңіз, тау әуесқойларында болатын барлық қайғылы оқиғалардың 25% -ға жуығы осы қар көшкі­нінің еншісінде болып отыр.

 


 

Дерек пен дәйек:

Үлкен Алматы өзені алабындағы «БАО» гидро­бекетінің мәліметі бойынша, биылғы жылы қар жамылғысының көлемі былтырғы жылмен салыс­тырғанда 1,5-2 есе жоғары болды. Өткен жылы қаңтар айында қар қалыңдығы 46 см болса, ал биыл бұл көрсеткіш – 86 см. Бұл дегеніміз – был­тыр­ғы жылмен салыстырғанда биылғы жылы қар қалың.

 


 


 

УНИВЕРСИАДАДА ҚАУІПСІЗДІК КҮШЕЙЕДІ

 

Әсия БОСТАЕВА, ҚР ІІМ ТЖК «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі Төтенше жағдайлардың алдын алу және қорғаныш құрылыстарын пайдалану бөлімінің бас инженер-метеорологы:

– Елімізде Іле, Жетісу, Талас Алатаулары мен Қаратау жоталары, Алтайдың қазақстандық бөлігі қар көшкінінің ең белсенді аймағы саналады.
Біздегі деректерге сүйенсек, республика аумағында 500-ге жуық қар көшкіні қалыптасатын ошақтар бар, оның 150-ден көбі 800-ден астам әртүрлі нысандарға, 350 шақырым республикалық, мемле­кет­ара­лық, облыстық және жергілікті жерлердегі автокөлік жолда­рына және 4000 жуық тұрғындарға қауіп төндіреді. Қазіргі уақытта «Қазселденқорғау» ММ-нің теңгерімінде Алматы және Шығыс Қазақ­стан облыстарында орналасқан қар көшкініне тосқауыл болатын 2100-ден астам қарұстағыш қалқандар бар.
Біздің мекеме – тұрғындардың және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жыл сайын қар көшкінінің алдын алу жұмысын жүргізеді. Сондай-ақ осы 2016-2017 жылдардың қысқы кезеңінде Республика бойынша Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында 22 қар көшкінін алдын ала түсіру жұмыстарын жүргізді. Соның бірі Алматыда Іле Алатауы Кіші Алматы өзені алабында, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты аумағында, №17 (Эдельвейс) қар көшкіні бөгетінде 1 рет түсірілім жүргізілді. Бұл жұмыстар ары қарай қысқы кезеңде жалғасын табады.
Тұрғындар мен қала қонақтары жиі ағылатын тау шаңғы курорты аймағында қар көшкінінің алдын алу мәселесі жиі қадағаланады. Әсіресе, Универсиада кезінде бұл аумақта қызметкерлеріміз бақылауды күшейтеді. Осы қауіптің алдын алу мақсатында бірнеше жауапты ұйымдармен жүргізілген келісім негізінде бірлесіп қызмет атқарамыз. «Қазселденқорғау» ММ мамандары өздігінше, сонымен қатар құрамында ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар комиссияларымен бірлесіп қауіпті аймақтарға жер беті және аэрошолу зерттеулерін жүргізеді. 


Жалпы, алматылықтар мен қала қонақтары көп серуендейтін Үлкен және Кіші Алматы өзені алаптарында 100-ге жуық көшкінжинағыш бар. Сондықтан тауға шығарда қауіпсіздік мәселесін басты назарда ұстанған шарт. 
Сондай-ақ қар көшкіні кезеңіне дайындалу мақсатында «Қазселденқорғау» басқармалары қауіпті жерлердегі өзен арналары мен автожолдарға ақпараттық тақталар мен ескертпе белгілерін қояды.


Қар көшкінінен қорғау мақсатында аймақтардағы әкімшілікке, ұйымдар мен кәсіпорындардың басшыларына, сондай-ақ қоғамдық бау-бақшалыққа ескертпе-хабарламаларын және «Сақ болыңыз, қар көшкіні!» деген ақпараттық кітапшаларын таратады. Жалпы, ескертпе-хабарламалар берілген тұрғындардың және қала қонақтарының, ақпарат кітапшаларын алған адамдардың осы ескертпелерге мұқият назар аударып ескергені жөн болар еді. Сондай-ақ тұрғындардың күнделікті ауа райы болжамына назар салып, ұялы телефон арқылы келген хабарламаларды ескере отырып тауға шығуын сұраймыз.


 

Назар аударыңыз! БЕЙНЕКӨРСЕТІЛІМ!


 

БІЗ БІРЛЕСІП ҚИМЫЛ ЖАСАЙМЫЗ

 

Шолпан ҚҰЛБЕКОВА, ҚР ІІМ ТЖК «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі Төтенше жағдайлардың алдын алу және қорғаныш құрылыстарын пайдалану бөлімінің бас инженері:

– Қар көшкінi – жылдың кез келген уақытында, тұрақсыз күйдегі жеткілікті қар мөлшері бар барлық беткейлерде пайда болуы мүмкін болғандықтан, таудағы ең қаһарлы және апатты қауіптердің бірі.
Біздің мекеме қар көшкіні қаупі кезеңінде дайындық пен қауіпсіздік мақсатында қолдан көшкін жасау бойынша іс-шараларды үнемі жүйелі кесте бойынша жүргізіп, жоспарлап отырады. Сондай-ақ құлақтандыру және бақылау қызметінің жұмысы әзірленіп, дабыл ескерту негізінде бұл қызмет күшейтіледі. Айта кетерлігі, мұндай төтенше оқиға орын ала қалған жағдайда біз әртүрлі деңгейдегі әкімшілік, қалалық және облыстық ТЖД, ҚР ІІМ ІІД және басқа да мүдделі ведомствалық ұйымдармен бірлесіп әрекет етеміз.

Сонымен қатар біздің мекеме мамандарымыз «Қазжарылысөндіріс» АҚ бөлімшелерінің, «Қазгидромет» РМК, «Республикалық жедел-құтқару жасағы» ММ, «Медициналық апаттар» ММ, қалалық және облыстық ТЖД, әкімшіліктердің мамандарымен бірлесе отырып аталған жұмыстарды бірге атқарады. Соның нәтижесінде, сіз және сіздің жақындарыңыздың қауіпсіздігін қатаң түрде бақылаймыз. Білесіздер ме, апаттың алдын алу мақсатында қауіпті аймақтардың қар көлемін үнемі бақылап, қар көшкінін алдын ала түсіру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл таулы аумақ тұрғындары мен оған саяхаттап баратын жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 


 

Ескертуді ескеріңіз!

 

Әзімхан ТІЛЕКЕ, қала тұрғыны:

– Тау құдіретін тауға шыққалы ерекше түсіндім. Тау жарықтықтың адам ағзасына ем екенін ерекше атап айтқым келеді.
Алматылық ағайындар, асқар Алатаудың табиғатын тамашалап, демалып, серуендеп қайтқандарыңызды құп санар едім. Біздің Алатауға сонау Алмания (Германия), Бельгия, Ресейден келіп, серуендеп жүргендердің талайын кезіктірдім.
Бірақ тауға шығар алдында міндетті түрде кез келген ауа райы болжамына көңіл бөлген жөн. Әсіресе, қыстың көзі қырауда төтенше жағдайлар министрлігінің ескертпе хабарламасына мән берген абзал. Ол сіздің және сіздің достарыңыздың белсенді демалысы мен өмір қауіпсіздігінің алдын алады. Сондықтан да тау бөктерінде, шатқалдары мен асуларында, биік шыңдарына шыққанда үнемі мұқият болу қажет. Сақтық бар жерде демалыс тиянақты әрі белсенді өтеді. Қар көшкінінен абай болайық! Тау қателікті кешірмейді!

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ