Басты  /  мақалалар  /  Алаш үкіметінің қазынашысы

Алаш үкіметінің қазынашысы

Айқын-ақпарат
1148
Алаш үкіметінің қазынашысы Ұлт-азаттық жолындағы күресінде ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы жаңа толқын «Алаш» қозғалысы пайда болып, «Алашорда» партиясы мен үкіметі құрылды.

Алашорда өз алдымызға ел боламыз деген мұратпен тәуелсіздік туын көтерді. Осы ұлы мұрат жолында күрескен жүздеген, мыңдаған ұлтшыл, мемлекетшіл тұлғалардың бәрін әлі де болса толық танып, біле алмай келеміз. Осынау Алаш қозғалысының қызметіне араласқан тұлғалардың бірі – Әнияр Қожабайұлы Молдабаев (1850-1934).

Әниярдың әкесі Қожабай Шегірұлы сүйектен, ағаштан өрнекті бұйымдар жасайтын шебер, ісмер адам болған. Қожабай 1858 жылы дүние салады да, Сүндетбай, Үмбет­бай, Әнияр атты балалары әкесінің інісі Молдабайдың қолында тәрбиеленеді. 
1865 жылы 15 жасар Әниярды Абай Молдабайдан сұрап алып, Семей шаһа­рындағы орыс-қазақ учи­ли­щесіне оқуға береді. Оны бітірген соң, Әнияр Ташкентке барып жоғары білім алады. Заң қызметкері болып шығып, жолдамамен Әндіжанда, кейінде Марғұланда кіші шенеунік болып қызмет іс­тей­ді. Сондағы өзбектің бай саудагерінің қызына үй­ле­неді. 1890 жылдары Се­мей­дегі мемлекеттік банктің қыз­меткері, кейін оның мең­герушісі, уезд соты болады. 
Әнияр Молдабаев Семейге келіп қызмет жасап жүргенде Абай өзінің әулетінен мал жиғызып, 30 бестінің қар­жысына Семейдегі Москвин деген орыстың үйін Әниярға сатып әпереді. 
Әнияр өзінің жалғыз ұлы Сапарғалиға (1890-1974) Кәкітайдың қызы Кәкішті айттырып алып береді де, Ысқақ, Абай тұқымдарымен құдандалы, сүйек болады. Ке­йін де сүйек жаңғыртысады. Әнияр Абайдың тұңғыш жи­на­ғын бастырып шығаруға көп қыз­мет еткен адам. 
Әниярдың үйі Семейге келетін Тобықты елінің игі жақсылары ғана емес, Әли­хан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермекұлы, Халел Ғаппасұлы, Рақымжан Мәрсекұлы, Сыдық Дүй­сен­байұлы, Мұстақым Мал­дыбайұлы, Биахмет Сәрсенұлы сияқты азаматтар жиі бас қосатын орынға айналған. 
Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи еңбегінде – «Се­мейде областной «Алаш» пар­тия­сының ашылған хабарын жаз­ған едік. «Сарыарқаның» соңғы нөмірінде бұл туралы мынандай мақала басылды дей келе, Семей уезінде Алаш партиясының уақытша облыстық комитетінің мәжі­лі­сі өткенін, комитеттің пред­седателі Халел Ғаппасұлы, жолдасы Ахметжан Қозы­бағарұлы, секретары Сыдық Дүйсенбайұлы, қазынашысы Әнияр Молдабайұлы, құрметті председателі Әлихан Бөкейхан болғанын жазады. 
Әнияр – сол кездегі мем­лекеттік банктің қазақ арасынан шыққан тұңғыш қызметкері. Әдетте, Әнияр Молдабаевтың қоғамдық қызметі туралы айтқанда, алдымен оның банк саласындағы жұмысына ерекше тоқталып өту керек. 1915 жылғы «Қазақ» газетінде: «Семей. 1913 жылы Семейде «Общество взаймный кре­дит банкі» ашылып еді. Сол банктің қазір 301 члені, 41 820 сом капиталы болды. Биыл­дан бастап бұл банкке ақ­ша салғандарға салған со­ма­сынан он есе артық кредит ашылатын болды. Бұл банктің учетный комитетіне 12 кісі сайланды, мұның екеуі – қазақ. Государственный банк­те көп жылдан бері қызмет етуші Әнияр Молдабаев һәм Заречный слободка саудагері Ғабдулрахман Юсіпұғылы (Абдырахман Жүсіпов). Бұл екеуі де халық жайын жақ­сы білетін адамдар» деп жа­зы­лыпты.
Бұл банкті қазақтар «Уақ-қарыз» серіктігі деп атаған. 1918 жылы «Абай» журналын бастырып-шығарушы «Уақ-қарыз» серіктігі екенін ескер­сек Әнияр Молдабаевтың да тікелей қатысы барын айтуы­мыз керек. Сол заманның ірі кәсіпкерлерінің бірі Абды­ра­х­ман Жүсіповтың үйінде орна­ласқан «Жәрдем» баспа­сы­нан «Абай» журналы мен «Са­рыарқа» газеттері шығып тұрған.
Алаш ұлт-азаттық қозға­лы­сы жылдары Әлихан Бөкей­хан­ның басшылығымен «Алаш» партиясының Семей облыстық комитеті құрылған кезде Әнияр Молдабаев бірауыздан оның қазынашысы болып бекиді. Партияның мүшелік жарнасын жинау, жалпы партиялық қаржы мәселесі мен кейін Алаш ұлттық авто­но­миясы мен үкіметінің жүйелі жұмыс атқаруын, қаржылық мәселелердің дұрыс шешіліп оты­рылуын реттеген, қазіргі тіл­мен айтқанда Қаржы министрі қызметін атқарды. 
Осы жерде бөле-жарып ай­тып кететін жайт, ол – қазақтың ауқатты азаматтарының Алаш партиясына, Үкіметіне және көсемдері мен қыз­меткерлеріне демеушілік жа­сап отыруы. Алашорда қай­­раткерлері Шыңғыстау, Абы­ралы өңірлеріндегі және Қарқаралы маңындағы қазақ дәулеттілерінің қолдауына сүйеніп отырған. 1906 жылы Міржақып Дулатовты түрмеге қамағанда Қаражан Үкібаев оны шығарып алу үшін кепіл­дікке 2500 рубль төлепті. Ал Омбыда Ақайдың Хасені 5000 мың рубль берген. Әлихан Бөкейхановтың 1908 жылы сегіз ай Семей абақтысында отырғаны белгілі. Сол кезде оны ауырды деп естіген Ораз­­­байдың баласы Медеу он құлынды бие Шағылға байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз бен бір бағлан сойып апарып, мәжіліс құ­рып отырған екен.


Алашорда үкіметінің ор­талық басқару органы Бү­кіл­халықтық Кеңес пен Се­мей облыстық советінің Алаш қалалық думасы мен Алаш қалалық қоғамдық бас­қармасының, сондай-ақ Семей уездік Земство басқармасының кеңселері негізінен Алаш қаласында қоныс тепті. Семей уездік Земствосына қатысты бір құжатта оның кеңсесі Алаш қаласындағы белгілі бай-көпес Қаражан Үкібаевтың үйінде орналасқаны атап көрсетілген. Сонымен қатар Қаражан Үкі­баев өзінің көптеген үйлерінің тағы бірін Алаш қаласында қазақ балаларын оқыту үшін мектеп ғимаратына берген көрінеді.
Сол сияқты Әнияр Молда­баевтың үйінде Алашорда басшылары Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатовтың отбасылары тұрғаны туралы Гүлнар Міржақыпқызы: «Әкем 1921-1922 жылдары Семей губсотында жұмыс істейді де, біз Комиссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың екіқа­батты жекеменшік үйінде тұр­дық (кейін Абай музейі болды). Үстіңгі қабатында біз – Дулатовтар, біріншісінде  Әлихан атаекемнің (Бөкей­ханов) үй-іші жайғасқан еді» деп өзінің «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты еңбегінде жазады.
Біз сөз етіп отырған Әнияр Қожабайұлы Әнет бабаның бесінші ұрпағы екен. Әнет Кішікұлы (1623-1723) «Жеті жарғыны» құрастыруға қа­тыс­қан атақты жеті бидің бірі. Әнет баба сүйегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы Қалқаман-Мамыр поэмасында:
Әнет бабаң – Арғынның ел ағасы,
Әрі би, әрі молла ғұламасы.
Орта жүзде үлгі айтқан ғаділ екен,
Сол кезде тоқсан беске келген жасы, – дейтін.
«Әнет бабаң емес пе менің атам» деп аруақты би Кеңгірбай сыйынатын қасиетті адам осы кісі. Әнет баба Кішікұлы өз за­­манында «Билердің биі», «Ұлылардың ұстазы», «Баба» атанған, оқымысты ғұлама, мемлекетаралық мәмілегер болған, көрнекті тарихи тұлға. 
Ұрпақтан-ұрпаққа жалға­сып келе жатқан тектіліктің тамырына үңілсек, шежіре деректері бойынша Әнет баба Абай Құнанбайұлының алтыншы атасы Әйтекпен бір туысады. Әнет бабадан Шақа, Шақадан – Тәуке, Тәукеден – Шегір, одан Қожабай, Мол­да­бай, Тәкі туады. Қожабайдан – Сүндетбай, Үмбетбай, Әнияр туған. Әниярдың Сапарғали есімді ұлы болған. 1910 жылдары ол баласын Кәкітайдың қызына үйлендірген. Сапарғалидан Мұхаметқали атты немере сүйген. Әниярдың ағасы Сүндетбайдан Қалаубек пен Исламбек туған. Исламбектен Самат, Сағынтай, Мақсұт және Нұржамал есімді бала­лар тарайды. Нұржамалды кіш­кене күнінен Әнияр өз бауырына басып, атақты Абай атамыздың атасы Өскенбайдың Жақыбынан туған Ақберді қажының Ұсатайының ұлы Жұматайға ұзатады. Ақберді мен Сүндетбай балалары елге сыйлы болған. Ақбердінің ба­ла­лары  Қисатай мен Өмір­тай судья болып Семей уе­зі­­нің Шыңғыс болысында қыз­­мет жасаған, ал Исламбек ал­қа би болып сай­ланған. Ис­ламбек Кеңес өкіметінің қу­ғы­нына түсіп, бала-шағасы да елден кетуге мәжбүр бо­ла­­ды. Исламбектің бір ба­ла­сы – Мақсұтты Әнияр өз аты­­на жаздырып, мектепке бе­­ріп, аман сақтап қалған. Исламбектің тағы бір баласы Самат Сүндетбаев өзінің тала­бы­мен оқу оқып, еңбекпен кө­теріліп, кейін Кеңес Ода­ғы­­ның дипломатиялық кор­пу­сының өкілі, Йемен Араб Республикасындағы елшіліктің екінші хатшысы болды. Әниярдың тәрбиесінде өскен Мақсұт кейін Қарауылға оралып, дүкен-шеберхана ұстаған, ауылда техника тілін жетік білетін бірден-бір адам болған. Әнияровтар әулеті бабаларының атын сақтап, игі істерін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келеді. 


Ардақ БЕРКІМБАЙ,
журналист-зерттеуші