Басты  /  мақалалар  /  Ұзақбай Құлымбетовтің шығармашылық мұрасы

Ұзақбай Құлымбетовтің шығармашылық мұрасы

Айқын-ақпарат
566
Ұзақбай Құлымбетовтің шығармашылық мұрасы

Ұзақбай Құлымбетов – кеңестік билік құрылымының Қазақстандағы ең жоғары лауазымдарын иеленді (Қазақ АССР Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы, Қазақ Өлкелік ішкі және сыртқы сауда халық комиссары, мемлекеттік Жоспарлау комиссиясының төрағасы болып жүріп, Қазақ ССР Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары, 1930 жылы бірінші орынбасары, кейін Қазақ Өлкелік Орталық Атқару Комитетінің (КазЦИК) төрағасы. Тұлғаның артында қалдырған мұрасы оның қоғамдық мемлекеттік істерімен тығыз байланысты.

Ұ.Құлымбетовтің ғұмырнамасы мен қоғамдық-мемлекеттік қызметін зерттеушілер – М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков, Х.Алдажұманов, Х.Әб­жа­нов, Б.Қойшыбаев, С.Смағұлова т.б. және жерлестерінің, жер­гі­лікті өл­кетанушылардың еңбектері, із­де­ністері, ұрпақтарының естеліктері, тұл­ғаның қызметі туралы әр қырынан мәліметтер беретін мұрағат құжаттары, артында қалдырған өз еңбектері құлым­бетовтанудың басты деректемелік қоры.
Ұ.Құлымбетовтің білім мен ағарту са­ла­сындағы еңбектері, ұстанымы ерекше на­зар аудартады. Мұнда ұлт тағдырына алаң­­даушылық басым байқалады. Ыр­ғыз мұғалімдер училищесінің түлегі, бір­неше жыл бойы ағартушылық қыз­мет­пен айналысқан Ұ.Құлымбетов осы салаға барынша мән береді. Мә­се­лен, қайраткердің «Қазақстанның мә­дениет шаруа құрылысы (Қазақстан оқытушыларының бірінші съезіндегі баяндама)» атты еңбегіне назар аударайық. Мұнда кеңестік биліктің социалистік құрылыс орнатудағы жетістіктері мен орын алған осалдықтары айтылады, бұ­­ған байланысты шешеннің өз көзқарасы айқын: «Ауыл шаруашылығы өсуімен бірге үкіметтің қолға алған мәсе­лесінің бірі – мәдениет мәселесі: ағарту, денсаулық сақтау жұмыстары. Бұл жөнде мектеп саны артып, оқушылардың көбейіп келе жатқандығын көреміз. ...Менің бұл жерде айтайын дегенім – ағарту жұмысында ілгері бастық десек те, басқаларға қарағанда артта қалып отырмыз. 
Ағарту комиссариатының жоспарынша орындарда оқу жасындағы балалардың 25 пайызы мектепке алынды десек, соның ішінде мектеп жасындағы қазақ балалар – 13-14 пайыз. Ең көбейткенде-ақ 15 пайыз. Қа­­заққа қарағанда еуропалықтардың бас­қа ұлттардың арасында тәп-тәуір деуге болады. 
...Орталықтағы губернияларда, мәселен, Еділ бойындағы неміс республикасында оқу жасындағы балалардың 95 пайызы мектепте, Ресейдің губернияларында 70-80 пайызы мектепте. Бізде оқу жасындағы балалардың 25 пайызы-ақ мектеп көріп отыр, оның ішінде қазақ балалары – 10-13-ақ пайыз. 
Бұлай болуға негізгі себеп не, соған келейік. Оқушыларға мұның себебі айтпай да белгілі. «Мұның бірінші себебі – берілген қаржының аздығы. Бердік деп отырсақ та, аздық қыла береді. Мәселен, 24-25 жылы мәдени жұмысқа деп 36 пайыз шығарған екенміз, қазірде жалпы бюджетімізден 41 пайыз шығарып отырмыз. Осының 35 пайызы ағарту комиссариатына беріледі. Бірақ осы жетіп отырған жоқ»  деп қа­зақ ұландарының мектепке баруына ке­дер­гілерді басқа ұлт өкілдерінің осыған ұқ­сас мәселелерімен өзара салыстырмалы әдіс­термен талдау жасайды. Оқу-ағарту саласының жолға қойылуы оқытушы ма­мандардың жеткіліктілігімен, мұға­лім­дердің қамтамасыз етілуімен ты­ғыз бай­ла­нысты. Бұл сұраққа да Ұ.Құлым­бетовтің пікірі мен шешімі нақты. «...Екінші жағы­нан – мектептің жаны деп саналатын оқы­тушылар аздық қылып жатыр. Ескі оқытушылардың көбі, оның ішінде өзім де бармын, кеңес қызметіне шығып кеткен. Жаңа оқытушыларды асықтырып, қысқа уақытты курстардан шығарып жатырмыз. Бұдан былайғы біздің алдымызда тұрған бір мәселе – оқытушылар әзірлейтін мек­тептердің санын өсіру, мәдени-ағарту жұмысына күш салып, оқытушыларды даярлау жұмысын қолға алу. Бізде қазірде 14 педтехникум, 4 ағарту институты, бір жоғарғы дәрежелі мектеп, бұл Ташкенттегі педвуз бар. Оқу жұмысының қай тарауында болса да жоғарғы дәрежелі мектептің жоғын, әсіресе, оқытушыларды әзірлейтін мектептің жоғын еске алып, үкімет өзінің аз бюджетінен жырып беріп, ысылған оқытушылар даярлауға кірісіп отыр. Бұл біздің бірінші қолға алып отырған жұ­мы­сымыз, ауыл мектептерінің көркеюі – осының жемісті болуына байлаулы. Ағарту жөнінде үкіметтің тағы бір қолданған ша­расы – жарлы студенттерге жәрдем беру туралы. Бұған үкімет бұрыннан да назарын аударып келе жатыр еді, әсіресе, биыл өте жіті кірісіп отыр. Өткен жылы 200 адамға стипендия берілсе, биыл 400 адамға беріліп отыр. Бұл қарапайым студенттерімізге оқуын бітіруге мүмкіндік береді. 
Ағарту жөнінен кемшілігіміз көп. Бұл жерде мектептің аздығын, оқу жасындағы балалардың, әсіресе, қазақ балаларының аз алынғандығын, оқытушылардың әзір­лі­гінің шамалы екендігін айтып өттім. Одан басқалары да толып жатыр»  деген қай­раткер ұлт ісін осылайша көтеріп, қазақ халқының ағарту, білім алуын жан-тәнімен қолдауға тырысты.
«Өткен 16 жылдық дәуірде әлеуметтік мәдениет құрылысы жөнінде де орасан зор жұмыстар істелді. Бұл 16 жылдың ішінде миллиондаған сауатсыз адамдарды оқытып, хат таныттық, жүздеген бастауыш, орталау, жаңа мектептер аштық, техникумдар мен жоғары дәрежелі оқу орындарын құрдық. 1913 жылы Қазақстанда 1475 мектеп, олар­да 81 мың оқушы болса, 1935-1936 оқу жы­лында 484 мың 421 оқушы бар, 7004 бас­тауыш мектебіміз, 5961 оқушысы бар, 653 ор­талау мектебіміз, 2599 оқушысы бар 123 орта мектебіміз, 16 жоғары дәрежелі оқу орындарымыз, 83 техникумымыз, жоғары дәрежелі ауылшаруашылық 6 мектебіміз болды. 1936-1937 жылдың жоспары бо­йын­ша жұмыс істейтін: 6291 бастауыш мектепте 796 мың оқушы, 1151 орталау жаңа орта мектептерде 172,2 мың оқушы болуы тиіс. Бұл түпкілікті мектептердің сыртында жыл сайын, барлық комиссариаттарда, түрлі курстар өткізіп отырмыз. 
Төңкеріске  дейінгі дәуірде балалар ала­ңы, балалар бақшасы, балалар яслилері де­гендер ауызға  да алынбап еді, ал, 1936 жылы 250 түпкілікті балалар бақшасы бар, олар­да 12000 бала болды, жаңа маусымда ба­лалар алаңында 61000 бала болды. Түп­­кілікті жұ­мыс істейтін 242 балалар ясылдерінде 7365 бала бар, маусым кезінде жұмыс іс­тей­тін, 2144 балалар ясылдерінде 53463 бала болды», – деп сандық мәліметтер бер­уі, автор еңбегінің ғылыми құндылығын дә­лел­ді етіп, оның деректемелік маңызын ай­ғақтай түседі. Сондай-ақ бұл еңбектер ке­ңестік құрылыс тәжірибесін зерттеуде, тал­дауда жаңаша ой қорытуларға ықпал ете алады.
Ұ.Құлымбетов кеңестік биліктің ұлт­­­тық мәдениетке қатысы жайында 
«...Ке­­ңес халқының көркемөнер жөніндегі таланты өркендеп өсті. Қазақ халқының бай шығармашылығына сүйенген қазақ көркемөнері, әсіресе, соңғы 3 жылдың ішін­де бұрын болып көрмеген дәрежеге көтерілді. Қазақ ұлтынан актер, әнші, күйші, композитор, жазушы жаңа кадрлар шығып жетілді. Байсейітова, Жандарбеков, Өмірзақов, Жандарбекова және басқа солар секілді актерлердің атағы бүкіл Кеңес Одағына жайылды. Сейфуллин, Майлин, Мұқанов, Әуезов, Жансүгіров сияқты қазақ жазушыларының талай шы­ғар­малары орыс тіліне аударылып, бүкіл Кеңес Одағындағы еңбекшілердің арасына таралды. Қазақ көркемөнерінің Мәскеуде өткізілген декаднигі жаңа 14 қызметшіңізге Кеңес Одағының ордені берілуі, біздің актерлеріміздің, әнші күйшілеріміздің, жазушыларымыздың асқан өнерпаздығын сипаттайды. Ғасырлар бойы ауызбен ай­ты­лып, қазақ еңбекшілерінің арасына жа­­йылып болған тамаша халық жырынан құралған «Қыз Жібек», «Жалбыр» пьеса­ла­ры Мәскеу сахнасында қойылды. Қазақтың бай ауыз әдебиеті, патша тұсында ретке келтіріліп, баспаға басылып, әдебиет бо­лып жарыққа шыққан соң, тек жүз жыл бойы ауызша айтылып келді. Ұлы Қазан төңкерісі мен партиямыздың Ленин-Ста­лин ұлт саясаты ғана, қазақ халқының шы­­ғармашылығының өркендеуіне еркін, кең жол ашты. 
Автономиялы республикамыздың 16 жылдық мерекесінде – 24 театр, 1 филор­мониямыз болып отыр, олардың ішінен қазақ театры – 18, ұйғыр театры – 1, өзбек теа­тры – 1, өлке көлемінде 75 дыбысты, 209 дыбыссыз түпкілікті кино жаңа 556 ды­бысты, дыбыссыз көшпелі кино барлық кол­хоздарды қамтамасыз етіп отыр деуге болады. 
Революциядан бұрын Қазақстанда мәдениет күші дегенде бір инженер, бір­неше ондаған тілмаштар мен мұғалімдер, бірнеше мың ғана жұмысшылар бар еді. Қазақстанның құрылғанына 16 жыл толғанда біздің жүздеген инженер, ондаған профессор, доценттер, мың­даған мұғалімдер мен дәрігерлер, агро­номдар және басқа оқығандарымыз болып отыр. Бұлар еңбекші бұқараның өз арасынан өсіп, тәрбиеленіп жетті. Өнерлі кәсіппен транспорттағы жаңа ауыл шаруашылығындағы жұмысшылардың саны 700 мың кісі, мұның 400 мыңдайы қазақ» деп жазды. 
Талантты басшы, іскер, қайраткер азамат Ұ.Құлымбетовтің өмір жолы мен ұстанған бағыт-көзқарасы айқын және оның орындалуына толық сенушілік байқалады. «Кеңес әйелдері – толық праволы азамат» атты Қазақстан қыз-келіншектерінің республикалық І съезінде сөйлеген сөзінде (1935 ж) қайраткер тұлға өз ойын былайша жеткізеді: 
«...Біздің өлкемізде туып отырған бұл жағдайдың ерекше маңызы бар. Олай болатыны – революциядан бұрынғы Қазақстанда әйелдерді қорлау, еңбегін жеу басқа елдердегіден де артық болды. Қазақ әйелдері правасыз болды. Қараңғы сауатсыз болды. Қазақ әйелдері күң деп есептелінді. Базардағы сатылатын зат орнына ұсталды. 
Бұрынғы күндерде орыс халқында: «Тауық құс емес, әйел кісі емес» деген, қа­зақ халқында: «Ақылы қысқа, шашы ұзын» деген әйелдерге арналған мақалдар болатын. Өткен өмірдегі жабайылықты, айуандықты, әйелдердің еріксіз болғанын, қорлықта болғанын, осы мақалдар толық көрсетеді. Тілсіз, үнсіз, қорғансыз болған қазақ еңбекшілерінің әйелін кімдер қорламады? Жұрттың бәрі қорлады. Жұрттың бәрі «күң» орнына ұстады. 
Қазақ әйелі сатылу, саудаға түсетін тауар, малмен бірдей болды. Орыс империализмінің қазақтың байлары мен молдасының адам айтқысыз қанауында болды. Еркектердің өз әйелдерін аяусыз түрде ұратын-сабайтынын да білетін болуыңыз керек. Қазақ әйелдерінің халі осындай адам шыдағысыз ауыр күйде бола тұрса да, оны ескерген жан болмады. Үкімет те, бай да, патшаның шенеуніктері де әйелді бұл халден құтқару дегенді ойлаған жоқ. Ең болмаса әйелдерде адам-ау дегенді еске алмады.
Әйел мәселесі қазіргі дамыған қоғамда да өз өзектілігін жоймай келеді. Жаны нәзік әйел баласының адами құқықтарын көтеруге жан-тәнімен қолдау жасаған Ұ.Құлымбетовтің ойымен келіспеу мүмкін емес. Кеңестік саясаттың әйел-ананы қорғау, оны жеке тұлға ретінде көтеру бағдарын педагог ұстаз Ұ.Құлымбетовтің қолдайтыны түсінікті еді. Әйел-ананың тағдыры толыққанды шешілмеген бүгінгі адамзат қоғамында Ұ.Құлымбетовтің ұстанымы өміршеңдігін сақтап қалып отыр.
Қайраткердің әлеуметтік мәдениет пен ағарту саласындағы еңбектері тарихи құндылығын сақтауымен қоса, өзектілігін дәлелдеп береді. Кеңестік қайшылықты қоғамда өмір сүріп, сол жүйені құруға атсалысқан, оның идеяларына қалтқысыз сенген Ұзақбай Құлымбетов тәрізді тұл­ға­лардың өмір жолын, шығармашылық мұралары мен еңбектерін зерттеп, зерделеу болашақ үшін де өзекті.
Жалпы, Ырғыз өңірінен шыққан Ұзақбай Құлымбетов (1891-1938), Телжан Шонанов (1894-1938), Темірбек Жүргенов (1898-1938), Тел Жаманмұрынов (1888-1938) т.б. тұлғаларды толыққанды, жүйелі түрде, сан алуан дерек көздерімен зерттеу кеңестік кезеңдегі қазақ интеллектуалдық өресінің тоталитарлық езгіге түсуінің қасіретті шындығы болып, тағылымдала түседі. 


Гүлбану ЖҮГЕНБАЕВА, 
тарих ғылымдарының докторы, 
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және
 этнология институтының Тарихнама, 
деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі