Негізгі бет  /  мақалалар  /  АЛАУГЕРЛЕР АНЫҚТАЛДЫ

АЛАУГЕРЛЕР АНЫҚТАЛДЫ

Айқын-ақпарат
316
АЛАУГЕРЛЕР АНЫҚТАЛДЫ Қазақстанның 16 қаласы Универсиада эстафетасына қатысу құрметіне лайықты тұлғалардың есімін анықтады. Бір мың алау көтерушінің 70% ғылым, мәдениет және спорт саласында жетістіктерге жеткен 17-28 жас аралығындағы студенттер.

Сондай-ақ спорт пен қоғам­дық өмірде еңбек сіңіріп жүрген Қазақстанның ең белсенді аза­маттары да алау көтеруші құрме­тіне ие болды. Олардың қатарында грек-рим күресінің 1980 жылғы Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, бокстан 2000 жылғы Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, 1988 жылғы Олим­пиада ойындарының күміс жүл­дегері, Қазақстан Республика­сының еңбек сіңірген бапкері Дәу­лет Тұрлыханов, бокстан екі дүр­кін әлем чемпионы Назым Қы­зайбай, жүзуден 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, Әбу-Дабиде өткен джиу-джитсудан әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаева және түрлі жылдары Қазақстанға жеңіс  сый­лаған тағы да басқа спорт­шылар бар.
Алау көтерушілерді іріктеу үш кезеңнен тұрды. Іріктеудің бірін­ші кезеңі 1 қыркүйек күні бас­талып, республикамыздың бар­лық жоғарғы оқу орындарын қамтыды. Университеттер ішкі байқау қорытындысы бойынша өз өтінімдерін ұсынды. Екінші кезеңде іріктеу барысына облыс­тық орталықтарда Эстафетаны өткізумен айналысатын аймақтық штабтар қосылды. Штабдың мін­деті алау көтерушілерді іріктеу ба­рысын бақылап, байқау кезінде шынымен де маңызды әрі тар­тым­ды үміткерлерді өткізіп ал­мауға бағытталды. Сондай-ақ екінші кезеңде алдыңғы Универ­сиадалардың жеңімпаздарынан, спорт, ғылым және мәдениет саласындағы жұлдыздардан құ­ралған қатысушылар анықталды.
Іріктеудің үшінші кезеңінде қалаған адам www.torchrelay.kz сайтында өтінім толтырып, Эста­фетаға алау көтеруші ретінде қатысуға өтінім жібере алды.
ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы универсиада алауы 2017 жылдың 25 қаңтарында Астанада тұтатыл­мақ. Бес күн аралығында әрбір облыс орталығында алауды жа­ғуға арналған өз салтанаты және Эстафетаның өз кезеңі өткізілетін болады. Алау эстафетасы өңірлер­де өткізілгеннен кейін 16 қа­ты­сушы алауды Алматыға жеткізіп, осында Универсиаданың ашылу салтанатында алау бір тостағанда біріктірілмек. Студенттік ойын­дардың астанасында алауды 100 адам көтеріп өтеді.
Жалпы алғанда Универсиада алауы 22 500-ден астам шақырым жолды артта қалдырып, оның 200 шақырымын алау көтерушілер жүріп өтпек. Студенттік ойын­дардың ресми әуетасымал­дау­шысы – «Эйр Астана» ком­па­ниясы алауды аймақтардан Алма­тыға жеткізеді. Осылайша, Эста­фета алауы қалған 22 300 шақы­рымды Алматыға дейінгі жолда өткізеді. Ал 29 қаңтарда Универ­сиада – 2017 іс-шара­сының ресми ашылуы салтанаты өтеді.
Алау эстафетасының аймақ­тардағы бағдарламасы:
– 2017 жылдың 25 қаңтарында Астана қаласында ХХVІІІ Дүние­жүзілік қысқы универсиада алауы тұтатылмақ;
– 26 қаңтарда алау облыс ор­талықтарында, атап айтқанда, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Қостанай және Қара­ғанды қалаларында тұтатылады;
– 27 қаңтарда Ақтөбе, Орал, Атырау және Ақтау қалаларында тұтатылады;
– 28 қаңтарда Қызылорда, Шым­кент, Тараз, Талдықорған қа­лаларында тұтатылады;
– 29 қаңтарда алауды тұтату салтанаты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өтеді.
Е.АТЫХАН