Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жасыл құрлықтағы жарыс

Жасыл құрлықтағы жарыс

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
271
Жасыл құрлықтағы жарыс әлемнің ең үздік теннисшілерінің басын қосады

Теннисшілер арасында жыл сайын өтетін мәні мен маңызы ерекше зор төрт турнир бар. «Үлкен дулыға» санатына жататын сол жарыстарда барынша табысты өнер көрсету – әр ойыншының арманы әрі мақсаты. Себебі, сол бәсекелерде көзге түсу арқылы жанкүйерлер алдында зор беделге ие болуға, әлемдік рейтингте жоғарлауға және материалдық тұрғыдан мол олжаға кенелуге тамаша мүмкіндік туындайды. Сондықтан да тасы өрге домалап тұрған әрбір сайыпқыран өзге доданың барлығын сол турнирлерге даярлық ретінде қарастырады. 

Қазірге кезде барлық мық­тылар Австралияның ашық біріншілігіне қызу даярлануда. «Үлкен дулыға» санатындағы бұл турнир биыл 16 қаңтарда басталып, 29 қаңтарда өз мә­ре­сіне жетеді. Сонау 1905 жыл­дан бастау алатын аталмыш жарыста талай жақсылар мен жайсаңдар жасындай жарқырап, әлемдік спорт тарихына өз есімдерін алтын әріптермен жазып кеткенін жанкүйерлер жақсы біледі. Ерлердің жеке­леген бәсекесінде ең көп же­ңіс­ке жеткен австралиялық Рой Эмерсон мен сербиялық Новак Джокович екен. Жасыл құрлықтың өкілі өткен ғасырдың алпысыншы жылдары атой салса, Сербияның сайыпқыраны қазіргі кезде шашасына шаң жұқтырмай жүр. Сонымен қатар төрт реттен топ жарған Джек Кроуфорд мен Кен Розуолл (Австралия) және Андре Агасси (АҚШ) мен Роджер Федерердің (Швейцария) де есімдері аңызға айналды. 
Әйелдер сайысында Маргарет Смит-Кортқа тең келер ешкім жоқ. Австралияның аруы өзінің спорттық ғұмырында осы тур­нирде 10 мәрте жеңіс тойын тойлады. Бұл көрсеткішке ол 1960 – 1971 жылдар аралығында қол жеткізді. Смит-Корттың алдында оның отандастары Дафна Акхерст пен Нэнси Уинн-Болтонның бақ жұлдыздары жанды. Алғашқысы 5 рет, екін­шісі 6 реттен қарсылас шақ келтірмеді. Қазіргі кезде Серена Уильямстің қарқыны күшті. АҚШ спортшысы 6 мәрте тең­дессіз деп танылды. 
Австралияның ашық бі­рін­­шілігі барысында талай ре­кордтық көрсеткіштер тір­кел­генін де айта кеткен абзал. Мә­селен, швейцариялық Мар­тина Хингис 16 жасында топ жарса, жергілікті өрен Кен Розуолл 18 жасында дара шықты. Араға 19 жыл салып Розуол тағы бір рекордтық көрсеткішті тіркеді. Ол 37 жасында алдына жан салмай, өз есімін тарихта «ең қарт» чемпион ретінде қалдырды. Әйелдер арасында бұл көрсеткіш 36 жасқа таяған Тельма Лонгқа тиесілі.
2012 жылы өткен финалдық сайыста сербиялық Новак Джокович пен испандық Рафаэль Надаль күш сынасқан болатын. Бұл бәсеке 353 минутке созылып, 5:7, 6:4, 6:2, 6:7, 7:5 есебімен алғашқысының пайдасына шешілді. 2011 жылғы ақтық сында италиялық Франческа Скьявоне мен ресейлік Светлана Кузнецова кездесті. 284 минутқа созылған тартыс 6:4, 1:6, 16:14 есебімен аяқталды. Жеңіске Апен­нин түбегінің аруы қол жет­кізді. Бұл – аталмыш турнирде ең ұзаққа созылған матчтар.
Биылғы жарыстың жүлделік қоры 36 110 000 АҚШ доллары. Атап айтсақ, ерлер мен әйел­дердің жекелеген сайысында бас жүлдені олжалаған теннисші 3,5 миллионнан аса долларды олжалайды. Ақтық сынға жет­кендері сол соманың тең жарымын иемденеді. Жартылай финалға жолдама алғандар $800 мың және ширек финалға шыққандары $400 мыңға жуық қаржыға иелік етеді. Тіптен осы турнирдің алғашқы ай­на­лымында сәтсіздікке ұшы­рағандардың өздері үйлеріне құр қол қайтпайды. Тұсаукесер кездесуде тізе бүккендердің өздері $40 мыңға жуық долларды қалтаға басады. Оның сыртында әлемдік рейтингтегі жағдай түзеледі. 
Әлемдік рейтинг жайында әңгімелейтін болсақ, қазіргі кезде ерлер арасында Энди Маррей көш бастап тұр. 29 жастағы Ұлыбританияның өкілі осы спорт түрін серік еткелі бері $53 324 019 пайда тапқан екен. Ол Уимблдонда екі рет жеңімпаз атанса, АҚШ-тың ашық біріншілігін бір мәрте ұтты. Ал Австралиядағы жарыс пен Ролан Гарроста Маррей тек финалға шығумен ғана шектеліп жүр. 
Ұзақ уақыт бойы шашасына шаң жұқтырмай келген Новак Джокович қазіргі кезде екінші орынды қанағат тұтуда. «Үл­кен дулыға» санатындағы тур­нирлерде 12 рет жеңімпаз атан­ған 29 жастағы Сербия саңлағының теннис ойнап тап­­қан табысы – $104 563 310. Үшін­ші орында – Милош Раонич. 26 жастағы Канада спортшысы «Үлкен дулыға» додаларында бірде-бір рет бас жүлдені олжалаған емес. Десек те, түрлі турнирдегі толағай табысының арқасында осындай деңгейге жетіп отыр. Оның табысы – $14 416 912. 
Сонымен қатар «ТОП-10» теннисшінің қатарына Стэн Вавринка (Швейцария), Кей Нишикори (Жапония), Гаэль Монфис (Франция), Марин Чилич (Хорватия), Доминик Тим (АҚШ), Рафаэль Надаль (Испания) және Томаш Бердых (Чехия) сынды саңлақтар еніп отыр. Ал әлемдік теннис тарихындағы ең үздік ойыншы атанған Роджер Федерердің көрсеткіші күн санап нашарлап келеді. «Үлкен дулыға» турнир­лерінде 17 рет жеңімпаз ата­нып, көптеген рекордтық нәти­жені тіркеген 35 жастағы Швейцарияның мақтанышы, бұл күндері небәрі 17 орынды қанағат тұтуда. 
Әйелдер арасында Анжелик Кербер көш бастап тұр. Былтыр Австралия мен АҚШ-тың ашық біріншілігін ұтып, Уимблдонда финалға дейін жеткеннен кейін неміс қызының тасы өрге до­малап, ол әлемнің «бірінші ра­кеткасы» атанды. Германиялық теннисшінің табысы – $19 321 784. Керберге қарағанда Серена Уильямс әл­де­қайда ауқатты. 35 жастағы АҚШ спортшысының кортта жүрген кезден бергі кірісі $81 758 451. Алайда былтыр ол тек Уимблдонда топ жарумен ғана шектелді. Соның кесірінен тұғырдан тайып, үздіктер тізі­мінде екінші орынға сырғып түсті. Сондай-ақ, «ТОП-10» ойын­шының қатарында Агнешка Радваньска (Польша), Симона Халеп (Румыния), Каролина Плишкова (Чехия), Доминика Цибулкова (Словакия), Гарбин Мугуруса (Испания), Мэдисон Киз (АҚШ), Светлана Кузнецова (АҚШ) және Йохана Конта (Ұлыбритания) секілді сұлулар бар. Жоғарыда есімдері аталған жұлдыздың барлығы да Мель­бурндегі додада өнер көр­сетеді. 
Қазақстан теннисшілері ара­сынан Австралияның ашық біріншілігінде ең табысты өнер көрсеткен Михаил Кукушкин. 2012 жылғы жарыста ол төртінші айналымға дейін жеткен еді. Сол турнирде отандасымыз ис­пандық Гильермо Гарсия, сербиялық Виктор Троицки және франциялық Гаэль Монфисті ұтып, бұл күндері әлемнің бірінші ракеткасы атанып отырған Энди Маррейге есе жіберді. Галина Вос­кобоева (2009, 2012) мен За­рина Диас (2014, 2015) екі рет­тен үшінші кезеңде күш сы­насу құқығына ие болды. Ярослава Шведова (2015) мен Юлия Путинцева (2016) бір мәрте сол межеге жетті. Міне, Мельбурндегі бәсекедегі ең үздік көрсеткішіміз осындай. 
Қазіргі кезде Қазақстанның үш теннисшісінің жасыл құр­лық­та өтетін турнирге қа­ты­суға мүмкіндігі бар. Олар – Юлия Путинцева, Ярослава Шведова және Михаил Ку­куш­кин. Бұлар әлемдік рейтингте «ТОП-100» ойыншының қатарында. Мәселен, 22 жастағы Юлия Пу­тинцева үздіктер тізімінде 34 орында тұр. Былтырғы маусым бұл спортшы үшін табысты болды деп айтуға толық негіз бар. Ролан Гарростың ширек финалға дейін жетіп, Австралияның ашық біріншілігінің үшінші кезеңінде ойнаған Юлия бірден еліміздің «бірінші ракеткасы» атанды. 
29 жастағы Ярослава Шведова әлемдік рейтингте 41 орынды иеленуде. Былтыр ол Уимблдонда ширек финалда өнер көрсетіп, АҚШ-тың ашық біріншілігінде төртінші кезеңге жолдама ал­ды. Ярославаның құрдасы Ми­хаил Кукушкин АТР тізімінде 97-орынды еншілеуде. Былтырғы маусымда ол айыз толтырып ай­тарлықтай көрсеткішке қол жет­кізе алған жоқ. 
Өкінішке қарай, өзге тен­нисшілеріміздің жолы оңға­рыл­май тұр. Жарақаттан көз аша алмай жүрген Зарина Диас 154 орынға тұрақтады. Осыдан екі жыл бұрын ғана ол әлемнің 31- ракеткасы атанғанын ескерсек, бұл, әрине, көңіл көншітерлік нәтиже емес. Дәл сондай жағ­да­йды Галина Воскобоева да басынан кешіруде. Кезінде мықтылар тізімінде 42-орынға дейін көтерілген жерлесіміз қазіргі кезде 310 сатыға жайғасты. Көптеген дүбірлі додада ел намысын абыройлы қорғап келген Андрей Голубев пен Алек­сандр Недовесовтың да қарқыны баяу. Бүгінгі таңда Голубев АТР рейтингінде 234, ал Недовесов 173 орындарды қанағат тұтуда.
Есесіне жастардың арасында бір сілкініс бар. Атап айтсақ, жуырда ғана Қазақстанның азаматтығын алған 19 жастағы Александр Бублик бұл күндері әлемдік рейтингте 206 орынды еншілеуде. Ал 20 жастағы Дмитрий Попко 220 сатыға табан тіреді.