Басты  /  мақалалар  /  «Индиго» иірімдері

«Индиго» иірімдері

Айқын-ақпарат
859
«Индиго» иірімдері Соңғы жылдары «Индиго» тақырыбы психологтар мен ұстаздар арасында қызу тал­қыға салынып келеді. Оған негіз де жоқ емес.

Пси­хологтар индиголарды қа­білет-мүмкіндіктері жағынан қатарластарын шаң қаптыратын, заманнан озып туған, табиғаты сирек кездесетін балалар десе, бүгінгі жаңашыл ұстаздар керісінше, жаңа ғасырда дүние есігін ашқан әрбір үшінші бала бірегей қабілетке ие, ондай балақайлар кез келген істе өте шапшаң әрі аса дарынды болып келеді де­ген тұжырымдарын алға тартады. Бұл пікірмен қаншалықты келісуге болады?

Егер тәуліктің төрттен бір бөлігін қолды-аяққа тұрмай, қозғалыспен, ойынмен өткізетін әрбір үшінші гипербелсенді баланы индиголар қатарына жатқызсақ, онда әлемнің тең жартысын әлдеқашан өз уа­қы­тынан оқ бойы озып туған «кіш­кен­тай данышпандар» жаулап алмас па еді?! 
Егер физиологтардың көзі­мен қарар болсақ, адам бойын­дағы дарындылық пен қабілеттілік категорияларының өзі екі түрлі сипатқа ие. Яки, дарындылық – туғанда ата-бабасынан тұқым­қуа­лау­шылық арқылы даритын адам ба­ласының бойындағы өзгеше та­лант болса, қабілет-орта немесе ор­тадан жоғары деңгейдегі бір іс­ке деген бейімділігі бар жанның оқып-тоқу арқылы өз мүмкіндігін дамытуы, соған қатысты білімі мен тәжірибесіне сүйенуі нәтижесінде шыңдалып, толысуы. Бұл тұрғыдан келгенде тағы да индиголар өмірінің өзегі тек бір ғана дарын мен қабілет атаулыға тәуелді десек, олардың таби­ғатына бұл да аздық ететіндей. Сонымен, аталмыш феноменнің біз білмейтін жұмбағы неде? Индиго иірімдеріне бойламас бұрын бұл терминнің түп-төркініне үңіліп көрелік. «Индиго» – грек сөзі. Қа­зақ­­ша аударғанда «қаракөк» деген ма­ғынаны білдіреді. Бұл атаудың өмір­ге келуіне де себеп болған – өт­кен ғасырдың 90-жылдары өзгеше қа­сиетке ие балалар жаратылысын зерттеумен айналысқан Америка, Ұлыбритания және Франция елдері ғалымдарының зерттеу еңбектері. Әр адамның  бойында оның тіршілік көзі саналатын биоөріс қуаты бола­ты­ны белгілі. Зерттеушілердің па­йым­­дауынша, қатардағы адам­дар­дың қалыпты деңгейдегі аура­сы­ның түсі ақ-сарғыш  болып  кел­се, мұндай балалар аурасының тү­сі қаракөк. Осындай «өзгеше ба­ла­лар» аурасы түсінің  қаракөк  болуы зерттеушілерді оған «ин­ди­го» деп ат қойып, айдар тағуға мәж­бүрледі. Бірақ бүгінде мұндай өзі өмір сүрген уақытқа тәуелді бол­­май, «беймәлім» әлемде өмір сү­­ріп, жұмбақ елес пен қиялдың же­те­гінде жүретін, өздеріне-өздері нық сенімді балаларды әр елде әр­қа­лай атайды. Мысалы, француз ға­лымдары оларды «тефлон» десе, бри­тандықтар жер бетінің «кіш­кентай патшаларын» ғасырдан озық туған «мыңжылдық балалар» деп әспеттейді. 
Қазақта қандай да бір бойын­да ерекше қабілеті бар жандарды көр­генде, үлкендер жағы ондайларды «ар­қасы бар» деп атадан балаға дари­тын текті қасиетпен байланыс­ты­рады. Индиго жаратылысы есті адамның санасына сыймайтын ға­­жайып сиқыр әлеміне тән іс-әре­кет­терге толы екенін ескерсек, бір жа­ғынан бұл сөзге де иланбасқа бол­майтындай. Индиголарға өзі отыр­ған бөлменің қабырғасынан еш кедергісіз келесі бөлмеге өту түк­ке тұрғысыз нәрсе болса, қарсы ал­дын­дағы ұстазының ішкі ойын оқу, өзі тамақтанып отырған темір ыдыс-аяқ­тарды, шанышқы-қасықтарды демде майыстыру немесе сын­ды­рып, тас-талқан ету оп-оңай. Діт­теген істерін олар көбінесе көз­де­рінің бір қыры арқылы, ойын бір нүктеге қадалып қарап, бір ор­талыққа шоғырландыру арқылы жү­зеге асырады. Өмірдің түрлі сәт­терінде орын алатын мұндай то­сын жағдайлардан ондай балалар түй­сік­теріне «ішкі резервтерін» іске қосу арқылы тез-ақ шығып кетеді. Осындай тосын әрекеттерімен тәнті ет­кен индиголар, өздерін үлкен-кі­шінің «жер бетінің кішкентай пат­­шалары» деп әспеттеуіне мәж­бүр­лейді. 
80-жылдардың басында Аме­­­рикада «индиго» феномені адам жаратылысында өте сирек кез­де­сетін ерекше құбылыстар қа­та­рына кірді. Оған дәлел, индиголар ағ­засына жасалған тәжірибелер нә­тижесі. Ғалымдар индиголардың ДНК-ларын зерттеп, сараптама жүр­гізген кезде олардың қандары­ның құрамы қатардағы жандармен са­лыс­тырғанда 95 %-ға қуатты еке­ні анықталған. Сондай-ақ олар­­дың денесінен бөлінетін элек­тро­магниттік тербелістер ауқымы ор­та­ша есеппен алғанда 3 222 000-ден 11 350 000 Гц-ге дейінгі көрсеткішті құраған. Ал бұл – дені сау, физиоло­гия­лық еш ауытқушылығы жоқ қа­тар­дағы адамдар бойындағы элек­тромагниттік тербелістерден үш есе жоғары көрсеткіш. Индиго ба­лалардың миының екі жағының бө­ліктері бір мезгілде бірдей жұ­мыс істейді, бұл да олардың өз құр­дастарына қарағанда не нәрсені де ойлау, таразылап-сараптау, жү­йе­леу тұрғысында жұмыс істеу қа­бі­леттері үш есе артық әрі мықты де­ген тұжырымға әкеліп тірейді. Алай­да индиголар ағзасындағы бас­ты ерекшеліктер осымен ғана шек­теле ме? Әрине, жоқ. Индиго-ба­ланы айтпағанда, қатардағы бүл­діршіндердің дүниетанымын ере­сек адамдармен салыстыруға кел­мейді. Баланың ойы қандай тұ­нық, жаны қандай нәзік болса, оның психологиясының да сыры тым тереңде. Ғалымдар көбінесе ин­диголардың басты ерекшелігі тек, олардың аурасының түсінде деп біледі. Бірақ бұл бір ғана фактор. Олардың басқалардан тағы бір ерек­шелігі – таным-түсініктерінің ай­рықша болуымен қатар, «өздеріне ға­на тән өзгеше әлемде» өмір сүре­тін­діктерінде. 
Зерттеушілер ХХ ғасырдың 90-жылдары индиго – балалар ағзасы құрылымының физиология­лық ерекшеліктері мен артық­шы­лық­­тарын анықтады. Бұл тә­жірибе оларда абсолютті иммуни­тет қамтамасыз ететін ДНК құрылы­мының басқаша екендігін көрсетті. Бұл жаңалық ата-анасы АИВ(ВИЧ) жұқ­тырған баланы зерттеу кезінде анық­талған. Дәрігерлер жұқпалы дерттің нышаны байқалған инди­го­ның қанын алып, оның құрамына әр­түрлі вирустардың аз мөлшерін то­ғыстыра отырып, зерттеуге көш­кен. Бір таңғаларлығы, қандай ви­русқа да «сырқат – индигоның» қан құрамындағы жасушалары им­мун­дық қабілетін жоғалтпай, қарсы тұ­ра білген. Тіпті оған қосымша ВИЧ вирусының мөлшерін 300-есе кө­бейтіп жұқтыру кезінде де жасуша сол қалпында қала берген. Тексеру нә­тижесінде баланың иммундық жү­йесі ешбір инфекцияны жұқтыр­май­тындығы анықталған. Зерттеу нә­тижесі бала ағзасының ДНК жү­йесі қарапайым адамдармен са­лыс­тырғанда ерекше екенін көр­сеткен. Қалыпты жағдайда 64-кодоннан тұратын адам ДНК-ның (генетикалық ақпараттың ДНК-дағы бірлігі) 20-сы ғана іс­ке қосылса, зерттеу нысанына ай­нал­ған индиго бойында бірден 24-кодон іске қосылған. Тағы бір қызықты мысал, анасынан СПИД сырқатын жұқтырып туған аме­ри­калық баланың алты жасқа кел­ген­де қанындағы вирустың өз-өзі­нен жойылып кетуі, қазірге де­йін дәрігерлер мен ғалымдарды таң­ғалдыруда. Бұл, әрине, ше­тел­де жүзеге асырылған бір ғана экс­пе­рименттік зерттеу нәтижелері. Ба­лалар дәрігері Жансая Мыр­за­ғұлованың айтуынша, біздің елі­мізде қазір орталық нерв жүй­ке­сі (ДЦП) зақымданғандарға, сон­дай-ақ туғаннан аутизм дертіне шал­дыққан балақайларға арналған ем­деу және оқыту орталықтары бар. Ал индиголарға арналған ем­деу-сауықтыру орны жоқ. Және мұн­дай «өзгеше балақайлардың» жара­тылысын бүге-шігесіне дейін сарап­тап-талдай алатын арнайы мамандар да тапшы. Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де ин­ди­голар та­биғатын зерттеу әлі қол­ға алын­ба­ған. Оның себебі, мұн­дай іс-тәжі­ри­белердің қара­жатты көп қажет етуі мен ата-ана­­лардың «ерекше ба­лаларын» зерттеу нысанасы етуге де­ген қор­­­­қынышында. Қандай да бір сырқат немесе ауытқушылық ре­тінде медициналық әдебиеттерде тір­келмеген «индиго» феноменінің әлі күнге дейін дәрігерлерге таныс ме­дициналық симптом – белгілері де жоқ көрінеді.  Иә, нәсіл мен жыныс атаулының құр­лық таңдамайтыны тәрізді ин­ди­го­лардың өмірге келуі де кез келген ата-ананың «өзгеше перзент сүйгім ке­леді» деген тілегінен туындамаса ке­рек. Есті пенде жарық  дүние есігін аш­қан нәрестені «Алланың бергені» деп қабылдап, құп алады, тілеуін ті­лейді. Алайда соңғы уақытта мұндай өз­геше балақайлардың дүниеге келуі өз отбасына бірқатар қиындықтарды да туындататынын өмірдің өзі көр­се­т­іп отыр. Шешімі қиын есептің жа­уабын қас-қағым сәтте дәл та­уып айтатын алғырлардың бәрін ше­тінен индиго десек, қателесер едік. Әлбетте олар – вундеркиндтер. Индиго –балалардың физиоло­гия­лық ерекшеліктерімен қоса, пси­хо­ло­гиялық өзгешеліктері де жетіп ар­тылады. Аурасының айрықша бо­луымен қоса, индиго, түйсігі мен іш­кі интуициялық мүмкіндіктері шек­сіз, феноменальді жады мен есте сақтау қабілеттері өте жоғары, өзі өмір сүріп жатқан қоғамға да, уақыт­қа да бағынбайтын «кіш­кентай ке­мең­гер». Өткен ғасыр­дың аяқ ше­нін­де әйгілі пси­холог-ғалымдар Ли Кэ­ролл мен Джен Тоубердің «Индиго ба­лалар» атты еңбектері жарық көр­ді. Осы зерттеу еңбекте екі ғалым ин­диго мен оның отбасындағы ата-анасымен қарым-қатынасын ны­санаға ала отырып, эксперимент жүр­гіз­ген­дерін сөз етеді. Сынақ ба­ры­сында зерттеушілердің индиго ба­­лаларға әке-шешесінің әмірі жүр­мейтініне, олардың үйде де, бас­қа орталарда да өз-өздерін еркін ұс­тайтындықтарына, өзгелердің пі­кіріне құлақ асқанымен, бәрібір өз ұс­танымында қалатындықтарына көз­дері жеткен. Осыған орай, ше­телдегі отбасылар индиго-бала­ның тәрбиесімен айналысуы үшін арнайы психолог жалдауға де­йін мәжбүр болады. Олардың өз қа­тар­ластарымен бірге оқу кезінде де қиналатыны сондай, өзіне құр­дас­тарының арасынан сырлас та­ба алмайды. Олар қаласа жан-жан­уар мен өсімдіктер әлеміне де еш кедергісіз еніп, олардың ті­лін таба алады екен. Ал аспан ке­ңіс­тігі немесе басқа жаратылыс ие­­лері жайлы әңгіме ауанын бір бас­таса, оларды тоқтату да қиын­ға соғады. Өйткені беймәлім әлем он­дай балалардың негізгі сти­хия­сы. Балалар психологы Айнұр Құл­назарованың пайымдауынша, олар­ды қандай ортада да басқалардан ерек­шелендіріп тұратын данагөйлік қас­иетке толы қос жанары. Олар үн­демей-ақ екі көзі арқылы кез кел­ген жанның ішкі ойын оқи алатын қабілетке ие. Көп жағдайда оларды ата-аналары мен ұстаздары да, өз құрбы-құрдастары да түсінбей жа­татыны осыдан. Қазіргі кезде әр ел­де ментальді арифметикамен ай­на­лысатын дарынды оқушыларға ар­налған жекеменшік оқу орындары көп­теп ашылуда. Оған алыс-жақын ше­телдерден білікті мамандар да тар­тылуда. Егер біздің еліміздің бі­лім саласының мамандары ин­ди­голарға да сондай арнайы оқу-тәрбие орталықтарын ашып, зерт­теу жүргізсе, елден ерекше ту­ған бүлдіршіндердің ғана емес, пер­зентімен ортақ тіл таба алмай қи­нал­ған ата-ананың да мәселесі шешімін та­бар еді. 
Сонымен, мамандар сөзінен ұқ­қанымыз, тұтастай индиголар тыл­сым әлеммен тілдесе алатын, жо­ғары интеллект иелері ғана емес, бойларында «қорқыныш, үр­ей» сезімі жоқ, еш нәрседен қай­мық­пайтын, еркіндікті жандары сүйетін ба­лалар. Осының бәрін ой тезінен өт­кізіп отырып, шынында да индиго атау­лы жер бетіндегі «жаңа дәуір ұр­пақтары» болмасына кім кепіл де­ген ойға да ерік бересіз. Осыдан се­гіз жыл бұрын индиго жұмбағына қа­тысты Ресей кинематографистері «Индиго», ал Америка кинорежис­сер­лері 2009 жылы «Пятое измере­ние» деп аталатын фильмдерді жа­­рыққа шығарды. Атаулары әр­түрлі болғанымен, бұл қос туын­ды­ның мазмұны мен желісі ұқсас. Екеуінде де адамдардың ойын ара-қа­шықтықтан оқитын, ешбір іс-қимылсыз-ақ өзінің діттегенін бас­қа адамға істете алатын, тылсым күш­ке ие жұмбақ жандардың өмірі сурет­теледі. Бұл кинотуындыларды бү­гінгі кино өндірісі саласындағы тың жаңалықтар ғана емес, кино­гер­лердің индиголар әлемін қа­ра­пайым көрермендерге үл­кен экран арқылы бейнелеп, түсін­діруге тырысқан талпынысы деуге тұрарлық. Туғаннан-ақ тыл­сы­мның тілін тауып, үндесе ал­ған мұндай балақайлар туралы ай­ту­лы зерттеулер жасаған жандар сау­сақпен санарлық болса, соның біре­гейі – америкалық психолог-ғалым Дорин Ворче. Зерттеуші, индиголар туралы ойын «олар жердің ақпарат өрісімен тікелей байланысқа түсетін биологиялық компьютер сынды» деген бір ауыз сөзге сыйдырған. Ғалымның бұл сө­зіне алып-қосарымыз жоқ. Бәл­­­кім, бәрі істі алдын ала біле­тін индиголардың «жер бетіне тән» ереже-емілемен өмір сүруге бе­йім­деле алмауының, көп жағдайда тіп­ті кәмелеттік жасқа жетпей жа­рық дүниемен қош айтысып жа­туының сыры да осында шығар. Қа­лай айтсақ та, дұрысы, индиго, адам­ның әлі де тұңғиықта бұғып жат­қан бірегей генетикалық кодын ай­ғақтайтын айрықша феномен екеніне күмәнданудың қажеті жоқ.


Арай САХАРИЕВА, журналист