Мұнай төңірегіндегі мұң

Сонау 2008 жылдың 3 шілдесінде әлемдік қара базарда мұнай бағасы шыңды бағындырып еді: әр баррель үшін 144 доллардан сұралған. Ал 2016 жылдың 18 қаңтарында оның құны тұңғиыққа құлап, 28 долларға дейін түсті.
Кеше бізге жақын Brent маркалы мұнайдың бағасы әр баррелі үшін 56 долларды құрады. Алайда мамандардың болжамынша, 15 жылдан кейін бұл шикізаттың құны түпкілікті түрде құлдырайды. Себебі, жаңғыратын қуат көздерінің дамуы жеделдеген.
Жақында Халықаралық энергетикалық агенттік қайта қалпына келетін энергетиканың өркендеуіне қатысты болжамын арттырды. Осыған сәйкес, алдағы бес жылда бұл сектордың әлемдік энергия өндірісіндегі үлесі қазіргі 23%-дан 28%-ға дейін ұлғаяды. Жаһандық ұйымның тұжырымдауынша, жаңғыратын қуат көздерінің (ЖҚК) күткендегіден қарқындырақ дамуына технологиялық жаңалықтар мен ЖҚК-лардан өндірілетін электр құнының арзандауы серпін беріп отыр. Бұған «Болашақ қуаты» ұранымен өтетін Астанадағы «ЭКСПО – 2017» көрмесі де өз үлесін қосуға тиіс.
Осының бәрі орта және ұзақ мерзімді келешекті міндетті түрде мұнай мен газ рөлінің құлдырауына соқтырады деп бағалануда. Эксперттер бұл ретте «көмірсутек үшін сындарлы кезең 2025 жыл мен 2035 жылдар аралығы болады» деген ортақ ойға тоқайласады.
Себебі, қуатты көп тұтынатын ірі елдердің қатарындағы Ұлыбритания мен Германия 2030 жылға қарай өздерінің энергетикалық баланстарын өзгертіп, басымдықты баламалы көздерге бермек. Олар тиісті бағдарламаларын ендігі жүзеге асыруда. Норвегия болса, 2025 жылға қарай дәстүрлі отыннан жаппай бас тартуға ниетті. Яғни, 2030 жылға қарай Еуропа мұнай мен газды тұтынуды түпкілікті әрі үдемелі түрде азайтпақ. «Ары қарай таза электр дәуірі басталады!» дейді сарапшылар.
Индустриялық елдер бір жағынан табиғатты ластамайтын, екінші жағынан пайдалы қазба байлықтарының түгесілуіне әкелмейтін энергияның кез келген көзін пайдалануға және дамытуға ұмтылуда. Осы орайда алда, 147 күннен кейін басталатын «ЭКСПО – 2017» көрмесі «жасыл» қуат көздерінің ең заманауи технологиялық және ғылыми тәсілдері мен түрлерін паш ете отырып, аталған дәуірдің бір бастау-қайнарларына айнала алады.
Әйтсе де, Қазақстанның қалпына келетін энергетиканы дамыту бағытындағы қарқыны сонша жоғары болмай тұр. Атап айтқанда, еліміз 2030 жылға қарай ЖҚК үлесін тек 10%-ға дейін жеткізуді жоспарлауда. Энергетика министрлігінің мәліметінше, өткен 2016 жылы республикада жалпы қуаттылығы 252,37 МВт болатын 48 ЖҚК объектілері жұмыс жасаған (оның ішінде гидроэлектр стансалары – 122,99; жел электр стансалары – 71,87; күн электр стансалары – 57,16; биогаз қондырғылары – 0,35 мегаватт). Бұлар Қазақстанның бүкіл энергетикасының небәрі 0,94%-ын ғана өндіреді. 2020 жылға дейін осы көрсеткіш 3%-ға дейін жетеді деп күтілуде. Өйткені еліміздегі ЖҚК өндіретін электр бағасы әзірге қымбат болып отыр.
Әрине, бұл – жолдың басы ғана. Жаңғыратын энергия көздерінің үлесін арттыру үшін жан-жақты жұмыс жасалған: заңдар қабылданып, нормативтік-құқықтық база түзілген, ЖҚК-лар өндірген қуатты сатып алудың бірыңғай бекітілген тарифтері белгіленді. Су, жел, күн, термалды көздер секілді әртүрлі қуат қайнарларының әлеуеті зерттелген. Еліміздегі электр желісі инфрақұрылымының ЖҚК жүйесімен кірігіп, интеграциялануына дайындығы және әлеуеті бағалануда. Бұлар да түптің түбінде Қазақ елінің дәстүрлі отынға тәуелділігін азайтуға тиіс.
Жалпы, мұнай бағасына қатысты келешек көкжиегіне Қазақстан да үңіліп көруге тырысуда. Кеше «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мұнай нарығының 2017 жылға арналған болжамын ұсынды. Оған сенсек, мұнай құнының қымбаттауына ықпал ете алатын факторлар мен оқиғалардың барлығы дерлік былтыр болып кеткен.
«2016 жылы мұнай-газ нарығы ушыға түскен бірқатар сынақтарды және құбылмалылықты басынан кешірді. Жағдайды жаһандық нарықтың тұрақсыздығы тіпті күрделендіріп жіберді. 2017 жылғы мұнай нарығына елеулі түрде әсер ететін негізгі себептер 2016 жылдың аяғында-ақ орын алды деуге болады. Былтырғы қараша- желтоқсан айларында өткен ОПЕК пен оған кірмейтін елдердің кездесуі жаһандық инвесторларға биылғы жаңа жылдың 1 жартыжылдығына жоспар құруға мүмкіндік туғызды, тіпті бүкіл 2017 жылғы үрдісті белгілеп берді. Өндіруші елдер арасындағы мұнай өндірісін тәулігіне 1,8 млн баррельге дейін төмендету туралы келісімге қол жеткізуі нәтижесінде, мұнай бағасы алдыңғы аймен салыстырғанда, қарашада 5%-ға, ал желтоқсанда тағы 8%-ға өсті» дейді қор мамандары.
Бұл ретте біздің республика да өз мойнына мұнай өндірісін қысқартуға міндеттеме алған. Дәлірек айтсақ, 2016 жылғы желтоқсанда ОПЕК-ке кірмейтін 11 ел әлемдік нарыққа ұсынатын «қара алтынның» жалпы ауқымын тәулігіне 558 мың баррельге дейін кеміту туралы картельмен келісімге отырды. Оның ішінде Қазақстан 20 мың, ал көрші Ресей 300 мың баррельге дейін қысқартуға сөз берген. Бұл уәденің мерзімі жарты жыл деп белгіленді.
Алайда осы аптада Қазақстанның 2017 жылы мұнай өндірісін 3,8 пайызға арттыратыны жария болды. Энергетика министрлігінің дерегінше, биыл мұнай өндірісінің жылдық көлемі 81 миллион тоннаға дейін жеткізілмек. 2016 жылы еліміз тек 78 миллион тонна ғана өндірген болатын.
Сонымен бірге, министрлік Қазақстанның осы сектордағы өндірісті тәулігіне 20 мың баррельге дейін қысқарту бойынша өз міндеттемесін ендігі орындап болғандығын алға тартады. Өндірістің төмендеуі Ақтөбе және Қызылорда облыстарындағы ескі кен орындары есебінен жүргізілген екен.
Мемлекетіміздің өндірісті қайтадан арттыруға баруына «ОПЕК аясындағы келісімнің бағаны көтеруге қауқарлы болатынына» қатысты күмән итермелеп отырса керек. Мысалы, «Самұрық-Қазына» байламынша: «ОПЕК мұнай өндіру көлемін қанша қысқартса да, оның орны АҚШ-тағы тақтатас мұнайын (сланцевая нефть) өндіру есебінен толықтырылып отырады. Тақтатас мұнайы өндірісінің қайтадан өсе бастауы мұнай нарығындағы бағаның өсуіне кедергі болады. АҚШ-тағы бұрғылау қондырғыларының қазіргі аз санымен-ақ 2017 жылғы 1 тоқсанынан бастап тақтатас мұнайын өндіру көлемі артуға бет алды».
Өткен жылы баға 30-40 долларға дейін құлдырағанда, Америкадағы тақтатас қатпарларынан мұнай алушы компаниялардың біразы жабылып қалған болатын. Ал енді баға 50-60 долларға дейін жоғарылағанда, олардың саны қайтадан өсуде. Қазір америкалық тақтатас мұнайы өндірісінің өзіндік құны жаңа технологиялар арқасында әр бөшкесі үшін 25-30 долларға дейін арзандап жатқан көрінеді.
Сонымен, осы жағдайда Қазақстанның мемлекеттік құрылымдары «қара алтынның» әлемдік нарықтағы биылғы бағасы қандай болуы мүмкін?» деп болжайды. Бұл ретте мұнай қымбаттаса, бізде теңгенің құны жоғарылап, доллар арзандай түсетіні мәлім.
«2017 жылы мұнай бағасының өсімі қалыпты болады, күрт қымбаттау күтілмейді, яғни, базалық сценарий бойынша біздің болжамымыз әр барреліне 50-52 долларды құрайды» дейді «Самұрық-Қазына». Ал Bloomberg болжамынша, бұл көрсеткіш 58,09 доллар шамасында болады.
Жаңа жылда «қара алтын» құнына не ықпал етуі ықтимал? Негізгі маңызды фактор – жаһандық экономикалық өсім мен мұнайға деген сұраныс болмақ. Былтыр кейбір елдердің көрсеткіштері жақсы болғанымен, өзгелерде жағдай оңды болмай, рецессияға ұшырап, құлдырады. Дегенмен 2017 жылы жаһандық жоғары өсу қарқыны күтіліп отыр. Тиісінше, мұнайға деген сұраныс орташа есеппен тағы 1,15 млн баррельге артып, тәулігіне 96,5 млн баррельге дейін жетеді деп болжануда. Әсіресе, осы шикізатқа деген Жапония мен Бразилия сұранысы артады. Сондай-ақ бұған Қытай экономикасының қалыпқа келе бастауы да өз әсерін тигізуге тиіс.
Осы тұста айта кетелік, қазіргі кезде Франция президенті сайлауына түскен кандидат, осы елдің 2007-2012 жылдардағы үкімет басшысы Франсуа Фийон 2015 жылы Астанаға сапары кезінде бір қызықты деректі жария еткені бар:
«Көпшілік біле қоймас, бірақ 2013 жылдан бастап, Қазақстан Франция үшін екінші ең ірі мұнай экспорттаушыға айналды. Қазіргі кезде кез келген мемлекет үшін энергетикалық ресурстар стратегиялық сипатқа ие: қолында бар елдер оны сақтап қалуға, ал жоқ елдер иеленуге ұмтылады. Демек, жерінің асты мен үсті қазынаға бай осынау ұлан-ғайыр даланы иеленіп, қорғап қалғаны үшін ата-бабаларына қазақстандықтардың қазіргі ұрпағының алғысы шексіз болуы керек! Рас, бүкіл әлем қазір ЖҚК-ге көшуде. Бұл дұрыс, себебі, бізді «елу жылдан кейін ұрпаққа қандай планетаны қалдырамыз?» деген сауал алаңдатады. Дәл қазір біз қабылдайтын шешім адамзаттың ХХІ ғасырдағы өмірін айқындайтын болады. Энергетика жайын ойлай отырып, жаһандық жылыну проблемасын да назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Біздің франциялық Тоталь және басқа да мұнай-газ компаниялары климаттың өзгеруінен туындап жатқан құбылыстармен бетпе-бет келуде» дей келе, Фийон мырза бірнеше шақырымдық тереңдіктен мұнай алатын өндіруші компанияларға табиғи тосын апаттарға әрдайым сақадай-сай отыру маңызды екенін айтқан.
Бір қызығы, «Болашақта бүкіл әлем қайта қалпына келетін қуат көздеріне жаппай көшіп, «қара алтын» құны нөл долларға теңеседі» деп соғатын қиялшыл сарапшылар да бар. Әрине, біз оған сенбейміз. Себебі, мұнай бағасының керемет арзандауы мұнайдың болашақта адамзат үшін мүлдем керексіз болып қалатынын білдірмейді. Бұл шикізаттан алынатын өнімдердің көптігі сонша, алда мұнай секторының жаңа «алтын ғасыры» басталуы ықтимал. Резеңке, пластик, көшедегі асфальт, спорт тауарлары, әйелдердің далабы-помадасы, дүкендерде сатылатын барлық сағыз, көпшілік тұтынатын аспирин, тіпті ЖҚК болып саналатын күн батареясының панелдері – бәрі-бәрі мұнайдан өндіріледі. Иіссулар, дезодоранттар мен антиперспиранттар, көз линзасы, тіпті тіс пастасында (мысалы, полоксамер 407 деген өнім) да мұнай «бөлшегі» бар. Мамандар мұнай өнімдерінің түрі 6 мыңнан асатынын санапты.
Бұл үшін энергетикалық ресурстарды өндіру саласына инновациялар кеңінен ендіріліп, қуат үнемдеудің жаңа стандарттары енгізілуге тиіс. Сонымен қатар мұнай секторы экономиканың қайта өңдеу саласына мультипликативті ықпалын қамтамасыз етуі қажет. Яғни, «қара алтыннан» алынатын мыңдаған өнім әлемдік нарыққа Қазақ елінен жол тартуы керек. Мемлекет басшысы мұнай секторының алдына осындай міндет қойып отыр.