Негізгі бет  /  мақалалар  /  Семіздік сені қайтейін?!.

Семіздік сені қайтейін?!.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
912
Семіздік сені қайтейін?!. Балалар арасындағы семіздік әлемдегі ең үлкен проблемаға айналып отыр. Мұның себебі неде? Біз осының астарына үңіліп көрдік пе?

Қазіргі уақытта телеарна­лардан беріліп жатқан балалар тағамдарының үштен екісінің калориялық қуаты аса жо­ғары және олар денсаулыққа өте зиян болып отыр. Бірақ мұны елеп, қауіптің алдын алып жатқан ешкім жоқ.

Балалардың ден­саулығына зиянды тағамдар­ды телеарнадан жарнамалау жөнінен Германия мен АҚШ, Австра­лия мен Ұлыбритания алады екен. Семіздікті арттыратын тағамдар аталған елдер нары­ғының 90 пайызын құрайды. Сондықтан мамандар құнарлығы жоғары та­ғамдардың жарнамасын тез арада шектеу жөнінде ұсыныс айтып отыр. Сәбилер жы­лына телеарналардан 4-6 мың аралығында жарнамалық ро­ликтер көреді, оның ішінде 2 мыңнан астамы денсаулыққа зиянды тағамдар. Мұны олардың ата-анасы сезіп жатқан жоқ. Балаларына тәтті әперуге құмар. 

Шындығында әлемдік мә­ліметтерге назар аударсақ, жағ­дай алаңдатарлықтай. Дү­ниежүзінде қазіргі таңда 177 миллион бала мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер семіздік­тің зардабын тартып отыр. Оның ішінде 5 жасқа дейінгі 22 миллион баланың артық сал­мағы бар. Сәбилер арасын­дағы семіздік бүгінгі таңда жүрек-қан тамырлары мен диабет ауруының артуына соғып отыр.

Ал Қазақстанда балалар арасындағы семіздік дабыл қағарлық жағдайда ма?

«Дене салмағы артық және семіздікке шалдыққан балалар Қазақстанда да аз емес. Мәселен 5 жасқа дейінгі балалар арасындағы бұл көрсеткіш 20% шамасында. Ал жалпы, 14 жасқа дейінгі балалар арасында семіздікке шалдыққандар көрсеткіші 12%-ға тең. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Ересектер арасындағы жағдай салмағының артықтығы мен семіздікке шалдыққандардың үлесі Қазақстанда 56%-ға жетіп отыр. Яғни, әрбір екінші қазақстандықтың дене салмағы мөлшерден артық немесе семіздікке шалдыққан. Жіктер болсақ, ерлер арасында 53%, әйелдер арасында 58%. Ал тек семіздікке шалдыққандар көрсеткіші 23% шамасында. 1999-2012 жылдар аралығында Қазақстандағы бала тууға қабілетті жастағы әйелдер арасында дене салмағының артықтығы 15 паызға өскен", - дейді Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті Шәміл Тәжібаев.

Ақиқатында, өр­кениетті елдерде артық сал­мағы бар балалардың шектен тыс көбеюі дабыл қағарлық дең­гейге жетті. Мысалы, Ұлыбри­та­нияда сәбилердің 30 пайыз­дан астамы семіздіктен зардап шегеді. Кейбір зерттеулерге қа­рағанда, 2050 жылдары атал­ған елде семіз балалар саны 50 пайызға жетуі мүмкін деген болжам айтылады.

Ақиқатында, әлемнің бір­қатар елдеріндегі 9 мың сәбиді зерттеп көргенде, сарапшылар мынадай қорытындыға келген. Сәбилердің семіздігін арттыра­тын алты себеп бар, олар: ар­тық салмақпен туылу, ата-ана­ларында семіздік, 10 сағаттан артық ұйықтау, алғашқы жылы және содан кейінгі екі жылда салмақтың артық бо­луы, мектеп жасына жетпей тері астында майдың пайда бо­луы. Таяуда мамандар сәби­лер арасында семіздіктің тағы бір себебін анықтады. Ол – те­ледидарды тапжылмай оты­рып, ұзақ көру.

Мысалы, 90 жылдары 2-4 жас­тағы сәбилер арасында сал­мақтан ауытқу екі есеге дейін өссе, бұл көрсеткіш қазір төрт есеге өскенін көрсетіп отыр. Мамандар атап көрсет­кен­дей, теледидар көріп оты­рып, тамақ жеу баланың тә­бетін күрт арттыратын көріне­ді. Тойғанын білмей, теледидар көріп отырып, тамақ жей беру бала үшін әдетке айналады да, оның ағзасында өзгерістер пай­да бола бастайды. Рас, тұ­рақты түрде және ұзақ уақыт қозғалыссыз отырып, құнарлығы жоғары тағамдарды өзіңіз де жеп көріңізші, сіз де се­мі­ре­сіз. Баланы теледидарға «ал­дан­сын» деп қалдырып кету ар­қы­лы осының жағымсыз сал­да­рын ойламайтынымыз өте өкінішті.

Тіпті сәбилердің шектен тыс семіріп бара жатқаны Ұлыбри­та­нияның парламент қабырға­сын­да сөз болғаннан кейін-ақ мұ­ның шын мәнінде күрделі екенін аңғаруға болады. Ал Швецияда соңғы 20 жылдың ішінде 20 жасқа дейінгі жастар мен балалар арасында артық салмағы барлардың саны 6 есе өскен. Швед статистикасы мы­надай деректерді келтіреді: елдегі әрбір оныншы баланың артық салмағы бар. Жалпы, семіздік Еуропа елдері үшін алаңдатарлықтай дәрежеге жетті. 2006 жылы тіпті қарт құрлықтың Денсаулық сақтау министрлері Ыстамбұлда бас қосып, «Семіздікке қарсы кү­рес» атты Еуропалық балалар хартиясын қабылдады.

Тіпті кейбір телеарналар­дың бейнероликтерінде сәби­лер­дің сүйіп көретін мульт­фильмдеріндегі кейіпкерлер арқылы балалардың тәтті та­ғамдарын жарнамалау өріс алып барады. Балалардың жа­ғымды кейіпкерлері арқылы тәт­ті тағамдарды жарнама­лау­­ға болмайды. Жоғарыда аты аталған Австралия ма­ма­ны Бриджет Келли мұндай көріністердің де көбейіп бара жатқанын жасырмайды.

Жалпы, әлемді толғантып отырған мәселенің мәнісі мынада: жуырда америкалық ғалымдар назар аударарлық мәліметтер шоғырын жарияла­ды. Жер шарында тоя тамақ ішпейтіндердің санынан сал­мағы артық, семіз адамдардың қатары артып барады. Қазір төрт­күл дүниенің 800 мил­лион­ға жуық тұрғыны ашар­шы­лық жағдайында өмір сүріп жатса, ал керісінше семіздер­дің саны 1 миллиардтан асты.  Ойланатын жағдай, десек те біз көтеріп отырған мәселеге қай­та назар аударайық. Бұ­рын АҚШ, Еуропа елдерінде семіз балалардың саны көп болса, бұл құбылыс енді Азия аймағына ауа бастады.

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, әлемде 155 мил­лион салмағы артық балалар бар, оның ішінде 45 миллионы 5 пен 17 жас аралығын­да­ғы­лар. Бұрын «томпақ» бала­лар­дың көрсеткіші жөнінен АҚШ алдыңғы орынды бермей кел­се, соңғы онжылдықта бұл өзгерді. Оңтүстік және Сол­түс­тік Еуропада бұл көрсеткіш 15-30 пайыз аралығында, ал Оңтүстік Африкадағы мектеп жасындағы сәбилердің 25 пайызының тиісті нормадан сал­мағы артық. Тіпті Италия­да осы деңгей 36 пайызға жет­кен көрінеді. Ал Ресейде соңғы екі жылда сәбилердің салмағы 2 келіге артқан.

...Демек, семіздікке сергек қарап, оның адам ағзасына ауырлық әкелетінін ұғынатын кез жетті.