Негізгі бет  /  мақалалар  /  Атлеттер ауылы үш мыңнан астам делегатты қабылдайды

Атлеттер ауылы үш мыңнан астам делегатты қабылдайды

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
490
Атлеттер ауылы үш мыңнан астам делегатты қабылдайды Универсиада-2017 Атлеттер ауылы үш мыңнан астам делегатты қабылдамақ. 2017 жылғы Қысқы универсиаданың Атлеттер ауылында спорт делегацияларын қабылдау үшін объектерде соңғы әзірліктер жүріп жатыр.

«Бүгінгі күні Қысқы студенттік ойындарға қатысатын 59 елдің делегация өкілдерінен үш мыңнан аса өтінім қабылдадық. Командалар 24 қаңтардан бастап келетіндіктен, дәл сол күні бізде Атлеттер ауылын ашу салтанаты өткізіледі. Қазіргі таңда объектер 90 пайызға дайын. Тұрғын үй блоктарын жабдықтау, тұрмыста қолданылатын шағын заттарды техникалық орнату жұмыстары жүргізілуде», - деді «2017 жылы Алматы қаласында 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданы дайындау және өткізу жөніндегі дирекцияның» Атлеттер ауылын басқару департаментінің басшысы Сәнім Шәріпова.

Атлеттер ауылында спортшылармен қатар, Ресей, Украина, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ және тағы да басқа елдерден келетін жүзге жуық халықаралық ерікті жайғасады. Бас жоспарға сәйкес Атлеттер ауылы 5000 адамды сыйдыра алады.

Пирамида түрінде салынған әкімшілік ғимаратта орналасатын Атлеттер ауылының орталық қақпалары объектің «жүрегі» саналады. Мұнда аккредиттеу орталығы, көші-қон қызметі, қаржы департаменті, спорттық ақпарат орталығы және бас ақпараттық орталық орналасқан. Универсиада қатысушылары ақпараттық орталықтарда жарыстардың кестесі және спорттық объектерге дейін жүретін автобус қозғалысының кестесінен бастап, Атлеттер ауылында және де қалада күн сайын өткізілетін мәдени бағдарламаға дейін бүкіл қажетті ақпаратты ала алады.

Алматыдағы Қысқы универсиада аяқталған соң Атлеттер ауылы Универсиада мұрасы ретінде тұрғын үй кешеніне айналады.

Дерек:

28-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиада 2017 жылдың 29 қаңтарынан бастап 8 ақпаны аралығында Алматыда өтеді. Қысқы универсиада бағдарламасына мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, сноуборд, биатлон, шаңғымен жарысу, шайбалы хоккей (әйелдер мен ерлер арасындағы), керлинг, шаңғымен трамлиннен секіру, шаңғы қоссайысы, конькимен жүгіру спорты, фристайл секілді 12 спорт түрі кірген. Жарыстарға 2 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Универсиада өткізілетін уақытта 3 мың ерікті, оның ішінде шетелдік еріктілер атсалысады.Студенттер арасындағы спорт ойындарына 30 мыңға жуық отандық және шетелдік турист келеді деп күтілуде. Сайыстарды әлемнің 80 еліндегі 1 млрд. адам теледидар арқылы тамашаламақ.