Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жастар кітап алмасты

Жастар кітап алмасты

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
570
Жастар кітап алмасты Алматыда қалалық "Жас Отан" жастар қанаты мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы бірлесіп ұйымдастыруымен жастар арасында "Буккроссинг" кітап алмасу күні өтті,-деп жазады "Айқын.кз" тілшісі.

Шараның жастар арасында өтуі - әлеуметтік желіге байланған жастардың кітап оқуға деген талпынысын оятары анық. Бұл кітап оқуға деген сезімді оятудың өзіндік бірегей тәсілі болар?! Өйткені, шара кітапхана өзінде емес, ауласында, жол жиегінде өтті. Оның да себебі бар. Кітапханаға баратын адам, кітап үшін арнайы барады. Ал буккроссинг акциясында сіз өз кітабыңызды, көше бойында, саябақта өтетін өзіндік уақыты аясында тегін алмасып, өзге досыңыздағы маңызды кітапқа қол жеткізе аласыз. Тіпті орыс, ағылшын тіліндегі кітаптар да бар. Демек мұндай мүмкіндіктің жол бойында ой салмай кетпеуі мүмкін емес...

 

Жұлдыз ЫБЫТАЕВА,

Алматы қалалық "Жас Отан" жастар қанаты төрағасының орынбасары:

-Жастар арасында басталған бұл бірегей бастама жыл соңына дейін жалғасатын болады. Шараның басты мақсаты-жастар арасында кітап оқу сапасын жоғарылату және мәдениет сапасын арттыру болып табылады. Бұл "Буккроссингтің" бір ерекшелігі- біздің жастар өзінің оқыған кітабын басқа кітаппен алмастырады. Сонымен қатар, бүгінгі шараның өзіндік талаптары да болды. Мәселен, осы жерде алмасқан кітабын әлеуметтік желіде насихаттап, ол туралы ой-пікірін жазу,өз ортасында кітап мәдениетін жоғарылтауға үлес қосу. Әрқашан рухани мәдениетімізді көтеріп отырайық!

Аян ЖОЛДАСОВ,

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы қызметкері:

-"Буккроссингтің" қазақша тікелей аудармасы-"саяхатшы кітап" дегенді білдіреді. Бұл акцияның мақсаты - тек жастар ғана емес, кез-келген адамның рухани дүниесін дамытып,  таным дүниесін кеңейтуге өзіндік ерекшелігімен үлес қосу.

Ал Ұлттық кітапханада бұл жоба өткен жылдың қыркүйек айында ресми түрде қабылданып, ашылған болатын. Ол кезде үш тілде 2000-ға жуық кітап қойылып, оның 600-ге жуығын қазақ тіліндегі кітап құраған болатын. Мәселен, қазақтың үлкен классик ақын-жазушыларынан бастап, қазіргі қаламгерлердің тың туындыларына дейін қойылып, көпішілік еркін кітап алмасқан еді.

Биылдыққа буккроссингтің жылашар маусымын Алматы қалалық "Жас Отан" ЖҚ-мен бірге жүргізіп отырмыз. Жастар арасында кітап алмасу-кез-келген жасты жай қалдырмайды, ойландырады. Ең алғаш бұл жоба Петропавл қаласында басталса, Алматыда алғаш рет ҚР Ұлттық кітапхасында жалғасты. Бүгінгі шарада 100-ден аса кітап қойылып, жастар бір-бірімен алмасты.

Әлібек ҚЫЗАЙБАЙ,

ҚазҰУ студенті:

-"Буккроссинг" күні аясында өзім екі бірдей кітап алып келдім. Біреуі-қазақ тілінде, екіншісі - орыс тілінде. Шара аясында өзім секілді жастардың кітап сөресіне ағылшын тіліндегі қызықты, пайымды кітаптарды қойып, кітап алмасып жатқандарын да көрдім. Бұл жастардың білімге деген құштарлығы, кітапқа деген адалдығын білдірсе керек. Себебі жақсы сөз бар ғой: "Болашақта елді кім басқарады десе, кітап оқитындар басқарады",-деген.  Осындай кітап оқитын азаматтар  мен азаматшаларымыз көп болса, елдің де дамуына үлесін қосары сөзсіз.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

суреттерді түсірген автор