Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жөн сілтеп, кеңес берді

Жөн сілтеп, кеңес берді

Айқын-ақпарат
419
Жөн сілтеп, кеңес берді Кеше Мәжіліс депутаттары Петропавл ауыр машина жасау зауытының қызметкерлерімен кездесті.

Мәжілісмендер Мәулен Әшімбаев, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Звольский, Петр Шарапаев және Мұрат Теміржанов еңбекшілермен бірқатар мәселелерді талқылады және заң шығару қызметі туралы әңгімеледі.

Бүгінгі таңда кәсіпорын өнімдері Қазақстан нарығында сұранысқа ие. Бұл 50 жыл бойы мұнай өндіруші компаниялары, техниканы және мұнай-химия мен мұнай өңдеу кә­сіпорындары үшін жабдықтар шы­ғаратын еліміздегі жалғыз зауыт. Зауыт Қытай, Ресей, Жапония, Гер­мания, Норвегия, Англия, АҚШ, Канада, Италия, Беларусь елдерінің ірі компанияларымен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді. Осында 1000-ға жуық адам еңбек етуде, орташа жа­лақы – 95 мың теңге. Жұмысшылармен кездесу кезінде мәжілісмендер өндірістің елеулі өскенін және Сол­түстік Қазақстанда бірқатар мем­лекеттік бағдарламаларды іске асы­руда табысқа қол жеткенін атап өтті. Мысалы, 2014 жылы «Энергетикалық қазандық жабдығын дайындау бойын­ша өндірісін құру» индустрияландыру картасында кірістің инвестициялық жобасы іске асырылды. Жобаның арқасында зауытта қосымша 46 жаңа жұмыс орны құрылды. Халық қалау­лылары кәсіпорын қызметіне жоғары баға беріп, отандық мұнай саласының дамуына зауыт қызметкерлерінің қос­қан үлесін ерекше атап өтті. 
– Бүгінгі таңда партия Көшбасшы­сы, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жас­тардың техникалық мамандықтар­ды игеруіне ерекше назар аударып келеді. Біз көріп отырғандай, Петро­павл ауыр машина жасау зауытында көптеген жас мамандар жұмыс істейді. Қазіргі таңда елімізде индустрия­ландырудың жаңа кезеңі жалғасуда. Жастар бір жерде отыруға тиіс емес. Олардың өз мүмкіндігін іске асыру үшін көптеген мүмкіндіктер жасалған, – деп баса айтты Мәжіліс депутаты Петр Шарапаев. 
Осы күні депутаттар облыс акти­вінің жиналысына қатысты, «Нұр Отан» партиясы аймақтық филиал­ы­ның қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке қабылдады және аграрлық компаниялар, «Даму» қо­рының және Кәсіпкерлер палата­сының өкілдерімен кездесті. Онда ауыл шаруашылығы тауарын өн­дірушілерді мемлекеттік қолдау мә­селесі талқыланды. 
Мәжіліс депутаттары Солтүстік Қазақстан облысында 5 қаңтардан бері жүр. Осы кезеңде олар елді мекендердің тұрғындарымен бірнеше кездесулер өткізді, бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындарға барды және әлеу­меттік инфрақұрылым нысандарының ашылуына қатысты.
Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ