Сарапшылардың әлеуметтік статусын көтеру ұсынылмақ

Светлана Бычкова, Қанат Мусин, Евгений Козлов, Жәмилә Нұрманбетова, Бекболат Тілеухан сынды бірқатар депутаттар еліміздің өңірлеріне жұмыс сапары негізінде орталық сот сараптамасы институтына барды. Алдымен, депутаттар зертханаларды аралап көрді және орталық сот сараптамасы институтының жарақтандырылуымен – сот сараптамасын жүргізу кезінде пайдаланылатын талдау құрал-жабдықтарымен танысты.
С.Бычкова өз сөзінде «Сот-сараптама қызметі туралы» ҚР Заңының жобасын қарастыру жөніндегі жұмыс туралы айтып берді.
– Бұл заң жобасы сот-сараптама қызметін жетілдіру үшін әзірленген. Сарапшылық функцияларды бір мемлекеттік органда орталықтандыру туралы нормалар заң жобасындағы негізгі жаңашылдық. Аталмыш заң жобасы жаңа қылмыстық, қылмыстық-процестік, азаматтық-процестік кодекстер мен әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің нормаларымен сәйкестікке келтірілді, – деді Мәжіліс депутаты.
С.Бычкова жеке сот сарапшыларының институтын дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінгенін, сонымен қатар сот сарапшыларының палатасын құру көзделгенін атап өтті.
Өз кезегінде ҚР ӘМ ССО директоры Исидор Борчашвили бұл кездесудің сот сараптамасы орталығының 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырғандығын атап өтіп, орталық қызметіндегі негізгі жетістіктерге тоқталды.
– Азаматтардың құқығын қорғауда сарапшылар негізгі бастаушы орынға ие. Өйткені біздің сарапшылар қылмыстық және азаматтық істерді, әкімшілік құқықбұзушылықтарды қарайтын соттар сияқты барлық құқық қорғау блоктарын қамтамасыз етіп, жұмыс істеп отыр. Біз, сарапшылар, құқық қорғау органдары жіберген материалдар бойынша қорытындысын шығарамыз. Сарапшылардың зерттеуі арқасында қылмыстық істердің 50%-ашылып, қылмыскердің кім екені анықталады, – деді И.Борчашвили.
Сонымен қатар ол жақында Қарағанды қаласында болған зорлық ісі туралы мысал келтіріп өтті. Онда қылмыстық іске мүлдем қатысы жоқ, ол уақытта қылмыс орнында болмаған адамдар жауапкершілікке тартылды. Сарапшылардың зерттеу қорытындысы бойынша олардың кінәсіз екені және шын қылмыскерлер анықталған болатын. Мұндай мәліметтер республика көлемінде өте көп көрінеді.
Сот сараптамасы орталығы директоры сарапшылардың арнайы ғылыми білімдерін академиялық мүмкіндігін алыс-жақын шетелдерде оқытып, жетілдіру, елдің ЖОО-да магистратура және докторантура бойынша «Сот сараптамасы» мамандығының енгізілуі сот-сараптама қызметін дамытуға айтарлықтай үлес қосқанын айтып өтті.
Депутат Қ.Мусин сарапшылардың аз ғана жалақыға қыруар шаруа атқаратынын және олардың қорытындысы сот ісінде басты негізге алынатын болғандықтан сарапшыларды күдіктілердің бақылауы мүмкін екенін ескере сот-сарапшыларын патриот екенін ерекше атап өтті.
Бекболат Тілеухан зертханаларды аралап шыққан соң, сарапшылардың еңбегін бағалау керектігін баса айтып, орналасқан ғимараттың тар екенін айтты. Сонымен қатар депутат сарапшылардың әлеуметтік орнын көтеру туралы сауал бұл жолғы заңнан қалыс қалса да, алдағы уақытта ол қайта ұсынылатынын айтты.
Шара басында ҚР Парламенті қабылдаған жаңа заңнамалық актілердің ережелерін талқылауға ерекше көңіл бөлді. Депутаттар кездесуге келген сарапшылар мен журналистердің түрлі заңнамалар мен сарапшылардың мәселелері туралы сұрақтарына жауап берді.
Айта кетейік, 2016 жылдың желтоқсан айында аталған заң жобасын Парламент Мәжілісі екінші оқылымда мақұлдады, қазіргі уақытта жоғарғы палатаның қарауында.
Көркем ӨМІРӘЛІ