Негізгі бет  /  мақалалар  /  Грамматиканың заңдылықтарына корольдер де бағынады

Грамматиканың заңдылықтарына корольдер де бағынады

Айқын-ақпарат
363
Грамматиканың заңдылықтарына корольдер де бағынады Аймақтар қуантып, астаналықтар алаңдатады...

Әңгіме төркіні тағы да туған тіл хақында. Ұлт Көшбасшысының өзі «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» дегенінің өзіне бірсыпыра жыл өтті. Бірақ осы талапқа мектепті орыс тілінде бітірген бауырларымыздың бәрі бірдей құлақ асты деу қисынсыз. Қайта Қазақстан Респуб­ликасында еліміздің Конститу­циясы бойынша мемлекеттік тіл – қазақ тілі болғандықтан, біздің ана тілімізді үйренуге ықыласты «түрі басқа болға­нымен, тілегі бір, жүзі басқа бол­ғанымен, жүрегі бір» отандаста­рымыздың қатары жыл санап көбейіп келе жатқан­дығы қуантады. Мәселен, кезінде Батыс Қазақстан облы­сы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған, біраз жылдан бері «Қазар­мап­ром» АҚ төрағасы, Жайық жұртына кеңі­нен танымал өндіріс коман­дирі Станислав Качалоның бірнеше пер­зенті Орал қаласындағы қазақ мектеп­терінің бірінде оқитындығы бүгіндері батыс­қазақ­стан­дықтарға таңсық емес. Тіпті осы отба­сының бір өрені Богдан Ка­чало осыдан бірер жыл бұрын дом­бы­рашылардың республикалық байқауында тең құрбы­сының алды болып, бас жүлдені иеленгені бар. «Бірақ бұл, негізінен, аймақтарға ғана тән құбылыс-ау...» деген күдік бар біздің көкейімізде. Өйткені... 
Өткен жазда Астанаға бала-шаға­мыз­бен тағы бір мәрте қыдырыстап барған­быз. Шүкір, Елордада тума-туыс та, дос-жаран да баршылық. Біздің келгенімізді бірі­нен-бірі естіп, күн сайын бір үй қо­нақ­қа шақырумен болды. Сонда аңғар­ғанымыз, астаналық балдырғандар мен жас­өспі­рімдер аулада, негізінен, орыс тілін­де сөйлеседі екен. Ақырындап сыр тар­тып көрсек, араларында қазақ мек­те­біне баратын қаракөз жеткіншектер де бар­шылық болып шықты. Бірақ есік ал­дына шыға қалса болды, орысша шүл­дір­лей­ді. Мұны азсынсаңыз, баз бір аста­налық қазақ ата-аналардың өз отбасы, ошақ қасында ұл-қызымен тек орыс тілінде ғана сөйлесетініне де куә болдық. 

Ресми грамматиканы реттейік
Грамматика – тіл ғылымының сөздер­дің дұрыс жазылуын, сөз тіркестері мен сөй­лем құрылысының сауаттылығын зерттейтін саласы. Сондықтан болса керек, тілші-ғалымдардың арасында «Грам­матикаға корольдер де бағынады» деген қағида бар. Бірақ біздің елде үшбу талап орындала бермейді. Мысалы, бізде көбіне-көп «Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің Кеңсесі» деп жазылады. Осы қарамен берілген сөз тіркестеріндегі алдыңғы үш-төрт сөздің бас әріппен жазылуына ешкімнің айтар ешқандай уәжі бола қоймас, сірә. Яғни Қазақстан Республикасы – мемлекеттің атауы, Премьер-министр – біздің елдегі жоғары ресми лауазымдардың бірі дейік. Ал «кеңсе» сөзі орыс тіліндегідей сөз тір­кесінің басында келсе, мысалы, «кан­це­ля­рия Премьер-министра Респуб­ли­ки Ка­захстан» деген сөз тіркесінде алғашқы сөздің, яки канцелярияның бас әріппен жазылуы әбден орынды. Енді қазақ тіл­ін­де сөз тіркесінің соңында келетін «кең­сені» бас әріппен жазуымыз, дұрыс тү­сі­ніңіз, орыс тілінің емес, орыстілді­ліктің орын­сыз ықпалы. Осыған ұқсас және бір мысал, «Қазақстан халқының Ассам­блеясы». Үшбу сөз тіркесіндегі «ассам­блея» сөзінің бас әріппен жазы­луы­на еш­­қандай грам­ма­ти­калық та, логикалық та негіз жоқ. «Ха­лық» сөзінен кейін тұ­рып-ақ, бас әріппен жазылатындай ас­сам­блея халықтан үлкен, халықтан киелі ұғым-түсінік емес. Міне, сондықтан да ассамблея салқын ақылға салсаңыз да, грамматикалық заңдылыққа сүйенсеңіз де, халықтан кейін кіші әріппен жазылуы шарт. Яғни «Солдатқа генерал керек емес, өйткені ол генерал болмаса да, бәрі­бір солдат. Ал солдат болмаса, генерал кім­ге генерал?..». 
Жақында біз Батыс Қазақстан об­лыстық «Орал өңірі» газетінде ҚР Ұлттық банктің Батыс Қазақстан облыстық филиалы берген жарнаманы жарнама берушінің талап етуі бойынша қайта басуға мәжбүр болдық. Себебі, мен газеттің баспаханаға басуға жіберілетін нұсқасын редакторлық оқу кезінде 
«ҚР Ұлттық Банкі» деген сөз тіркесіндегі бас әріппен жазылған «Банк» сөзін түзетіп, кіші әріппен жіберген едім. Ал ҚР Ұлттық банктің Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының міндетін атқа­ру­шы С. Родиннің редакция басшылығына жолдаған наразылық хатында ақысы төленген материалды «банк» сөзін бас әріппен беріп, қайта басуымызды талап еткен. Өйткені ҚР Ұлттық банкінің жар­ғы­сында «банк» сөзі бас әріппен жа­зылған-мыс. Осылайша, өркениетті ел­дерде корольдердің өздері бағынатын грамматикалық заң­дылықтарға біздің елде банк филиалдары директорының міндетін атқарушы да бағынбайтын болып шықты. 

Ойлы ұсыныс – ортақ олжа
Өз басым қолданысқа өзге тілден енген сөздердің бас-көз жоқ баламасын іздеуге қарсымын. Сөйте тұра, қарап оты­руға және болмайды. Егер сәтті тәр­жіма табыла қалса, неге жаппай қол­да­нысқа енгізбеске? Төмендегі кейбір сөз­дердің қазақ тіліндегі нұсқасын көптің назарына бұрын да ұсынғанмын. Мәселен, брусчат­каның мен ұсынған қазақша нұсқасы – өрнектас бүгіндері Жайық журналистері ара­сында тұрақты қолданысқа ие. Ендігі ке­зекте мына ұсыныстарға зер салып көр­гей­сіз: 
Бордюр – жиектас
Инфографика – ақпаркесте
Минеральная вода (минералка) – шипасу
Монета – мәнет
Пешеходный переход – жаяуөткел
Пешеходная полоса – жаяужолақ
Прачечный комбинат (прачечный) – кіржуар комбинат (кіржуар)
Правохранительные органы, (орган) – құқық қорғау құрылымдары, (құрылым)
Тротуар – жаяужол
Фейерверк – жұлдызжауын

«Мардан Төлебектің сол аяғы жігерлі»
Ана тілімізде спорттық репортаждар жүргізетін комментаторлардың тілдік орашолақтығын мен бұрын да сынаған­мын («...қақпаға соққыны тепкілеу ке­рек!» «Орал өңірі» газеті, №104, 20. 08. 2013). Өкінішке қарай, бүгін соның тағы «сәті түсіп» тұр. 
Футболдан Қазақстанның биылғы чем­пионатының соңғы турында Шым­кент­­тің «Ордабасы» командасы мен Ке­ре­кудің «Ертісі» кездесті. Осы ойыннан репортаж жүргізген комментатор «Мардан Төлебектің сол аяғы жігерлі екенін ескерсек...» деп «сөз саптады». О заманда, бұ заман, қазақ аяқты жігерлі деп сипаттаушы ма еді? Бір сөзінде комментатор «Бақтияр Бай­сейі­тов бапкер ретінде кейде сәтті ойын өт­кі­зіп, кейде сүреңсіз нәтижелерге қол жеткізіп жүр» деп салды. «...Кейде сүрең­сіз нәтижелерге қол жеткізіп жүр» деп сөй­леу стилистикалық сауатсыздық. Қа­зақ тілінде «қол жеткізіп жүр» деген сын есімді тек жақсы нәтижелерге қатысты ғана қолданады. Комментатордың ау­зы­нан шыққан «Бүгінгі ойын тең аяқтала­ды деп болжап отырмыз, бірақ аяқталмауы да мүмкін» немесе «Доп Гогуадан кетіп отыр» деген сөйлемдерді де «сау сиырдың тезегі» ретінде қабылдау қиын.
Соққы – қолмен, баспен орындалатын іс-әрекет. Бірақ осыны біз қанша айтсақ та, қазақ комментаторлары футбол­шы­ларға допты аяқпен «соққызудан» танар емес. Осындай әбден қанға сіңді «клас­си­калық» кемшілік аталмыш комментаторға да тән. Сондай-ақ кейбір комментаторлар «команданың доп ұстау көрсеткіші» деген жаңа «термин» ойлап тапқан екен. Біз бұл сөз тіркесінің жібі түзу екі бірдей нұс­қасын ұсынбақпыз: а) команданың допқа иелік ету көрсеткіші;
 ә) команданың допты иелену көрсет­кіші. 
Иә, тізе берсек, тере берсек, қазақ комментаторларында әзірше кемшілік шаш етектен. Бірақ біздің мақсат әсте, «тырнақ астынан кір іздеу емес». Сөйте тұра, ана тілімізде спорт репортаждарын жүргізетін әріптестеріміздің мынадай қадау-қадау кемшіліктерден арылғаны абзал:
– тілдің жұтаңдығы, яки сөздік қор­дың тым кедейлігі;
– ой қайталауға жиі ұрынушылық;
– стилистикалық сауатсыздық және ло­гикалық жүйесіздік;
– өз репортаждарын кейін қайталап көріп, жетістігін жетілдіріп, кем-кетігін түзеуге мән бермеу; 
– қазақтың спорт жур­на­листи­касының негізін қалаған Сейдахмет Бердіқұловтың шығарма­шылығынан бейхабарлық;
– журналистика жанрларының клас­си­калық ерекшеліктерін ескермеу.

Ономастикалық олқылықтар және орынсыз көңілшектік
 Ономастикалық олқылықтар мен сауат­сыздықтар жөнінде қазақ баспа­сөз­ін­де аз жазылып жүрген жоқ. Мысалы, Ба­тыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» га­зетінің биылғы 29 қыркүйек күні жарық көр­ген санында менің «Ақсайдағы Айым­гүл­ге арзу» деген мақалам жарық көрді. Бұл материалда қазақ елі үшін азаттықтың ақ таңы атқанына ширек ғасыр болса да, Бөрлі ауданының орталығында ұлы мәр­те­белі тәуелсіздіктің талабына сай кел­мей­тін көше атаулары көп екендігі ай­ты­лады. Мәселен, Ақсайда Цвиллинг атын­дағы көше бар. «Бұл кім болды екен?» деп ғаламтордан қарап көргенмін. Бақ­сам, Самуил Моисеевич Цвиллинг 14 жасында дәріхана тонап, өзінің туысқаны болып келетін дәріханашыны атып өлтіріп, саналы өмірін қарақшылықпен және кісі өлтірумен бастаған «рево­лю­цио­нер» екен. Егер Ақсай қаласындағы осы көшенің тұрғындарын жинап, жа­ңағы жантүршігерлік мәліметті оқып бер­се, меніңше, олар өздері тұратын көшеге жөнді атау беруге еш қарсы болмайды. Яғни ономастикалық саясатты сауатты жүр­гізуге көңілге қонымды, ақылға сыйым­ды жүйелі үгіт-насихат керек-ақ! 

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН, Батыс Қазақстан облысы