Негізгі бет  /  мақалалар  /  Хорватиядан еңсеміз көтеріліп қайтты

Хорватиядан еңсеміз көтеріліп қайтты

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
432
Хорватиядан еңсеміз көтеріліп қайтты Қатарынан екі кездесуде ұтылып, өз көрермендерінің көңіліне селкеу түсірген Астананың «Барысы» кезекті тур ойындарын Загребте өткізді. Жергілікті «Медвешчак» клубына өткен өте шиеленісті бәсекеде жерлестеріміз жеңіске жетті.

Хорватиядағы матчтың алғашқы кезеңінде қос команда бір-бірінің осал тұсын таба алмай, біраз әбігерге түсті. Одан кейін де ойын қыза қоймады. Тек бәсеке бел ортаға таяғанда ғана кез­десудің шырайы кірді. Есепте 29 минутта Брэндон Боченски ашты. Көзді ашып-жұмғанша айдын иелері таразы басын теңестіріп кетті. Десек те, арада бір минутқа жетер-жетпес уақыт өтпей жатып, бабыға енді ғана келген сұр­мерген Боченски астаналық команданы алға шығарды. 
Үшінші кезеңде «Спортова үйіне» жиналған 4 мыңға жуық көрермендер алты бірдей соғылған голдың куәсі болды. 44 минутта Найджел Доус есеп айырма­шылығын ұзартты. 45 және 52 минуттарда «Медвешчактың» ойын­шылары қата­рынан екі мәрте біздің қақпаны дәл көздеді. Таразы басы теңессе де, қар­қынын еш бәсеңдетпеген жерлестеріміз тағы екі рет нысананы дәл көздеді. Бұл голдың авторлары – Доус пен Шиннимин. Бәсекенің аяқталуына санаулы секундтар қалғанда хорваттар бір шайбаны қақпаға енгізді. Одан әріге олардың шамасы жетпеді. Қорытынды есеп – 4:5. 
Қазіргі кезде «Барыс» жарыс кесте­сінде 15-орында келеді. 48 кездесу өткізген жерлестеріміз 71 ұпайға иелік етіп отыр. Бүгін астаналық хоккейшілер Братиславада жергілікті «Слованына» қарсы ойнайды. 16 қаңтарда өз жерімізде Уфаның «Салават Юлаев» клубын қабылдаймыз. Ал одан кейінгі төрт кездесуде «Барыс» сыртта өткізетін болады.