Негізгі бет  /  мақалалар  /  Түркияда ең ірі кітап көрмесі өтті

Түркияда ең ірі кітап көрмесі өтті

Айқын-ақпарат
425
Түркияда ең ірі кітап көрмесі өтті Анкара қаласында Түркияның ең ірі ХІ Кітап көрме-жәрмеңкесінің ашылу салтанаты өтті.

Аталмыш шараға Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Әлімхан Есенгелдиев, Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты Невзат Жейлан, Анкара қаласы Йенимахале муниципалитетінің мэрі Фетхи Яшар, Еуразия жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлы, «Ейлүл Фуард­жылык» көрме ұйымдастырушы компа­ния­сының бас директоры Ремзи Чайыр, дипло­матиялық және халық­аралық ме­кемелердің, шығармашылық бірлес­тіктер мен қоғамдық ұйымдардың өкіл­дері, Түркияның белгілі ақын-жазу­шы­лары мен БАҚ журналистері қатысты. Қазақстан мен Түркия Респуб­ликасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы аясында, Қазақстанның ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктері мен халық­аралық «ЭКСПО – 2017» көрмесін насихаттау мақса­тында аталған кітап көрме-жәр­мең­кенің биылғы жылғы құрметті қо­нағы ретінде Қазақстан қатысып отыр.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Әлімхан Есен­гелдиев екі бауырлас ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың мерейлі кезеңімен құттықтап, көрме ұйымдастырушыларына Қазақ елі аты­нан алғыс айтты. Қазақстанның тәуел­сіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктері мен екі ел арасындағы саяси-экономикалық, мәдениет және өнер, әдебиет және ғылым салалары бойынша атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берді. «Әсіресе, соңғы жылдары көптеген қазақтың көркем классикалық шығармалары, ғылыми еңбектер, екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас туралы жинақтар түрік тілінде жарық көрді. «Кітап – алтын қазына» дейді дана қазақ. Сондықтан қазыналы мәдениетіміз бен әдебиетімізді наси­хаттау басты міндеттеріміздің бірі деп білеміз» деді өз сөзінде Әлімхан Есенгелдиев.
Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты Н.Жейлан өз сөзінде Түркия үшін Қазақстанның орны, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың орны бөлек екендігін жеткізді. Сондықтан көрменің бас қонағы болып Қазақстанның қатысуы түрік жұрты үшін, түрік оқырмандары үшін үлкен абырой және қуаныш екендігін айтты. 
Құттықтау сөзден кейін ресми делегация өкілдері «Қазақстан» атты көрме стендін ашты. Көрмеге Елбасы 
Н.Назар­баевтың кітаптары, Қазақстан мен «ЭКСПО – 2017»  көрмесі туралы жарық көрген жинақтар, Абай, Мұқағали, І.Есенберлин, О.Сүлейме­нов, Б.Нұрже­кеұлы, М.Байғұт, С.Елу­бай, Ж.Сәметұлы, Н.Оразалин сынды қазақ ақын-жа­зушыларының шығар­малары қойылды.      
Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Түркияның 300 баспа үйі қатысқан кітап көрме-жәрмеңкесінде 50 конфе­ренция, 300 кітаптың тұсаукесер рәсімі жоспарланған. 350-ге жуық кітап авторы қол қойып, оқырмандарымен кездеседі. Шара 15 қаңтарға дейін жал­ғасады.