ТІЛ БІЛГЕН ЕЛ БІЛЕДІ

Қазақ «заманына қарай адамы» деген сөзді біліп айтқан-ау... Міне, ұстаздық жолға түскенімізге 20 жылға жуықтады, талантты бала мен талапшыл ата-ананың талайын көрдік. Дегенмен соңғы жылдардағы игі үрдістер көңілімізді қуантады, үмітімізді жалғай түседі.
Қазіргі ата-аналардың басым бөлігі балаларын тіл білуге итермелейді. Бұл үшін бес жерде жұмыс істесе де ақша табуға ықыласты. Арнайы маман жалдап, үйде немесе арнайы орталықтарда балаларын оқытып жүрген ата-аналар аз емес. Осы талпынысты өте игі дәстүр деп бағаласақ болады. Өйткені қазіргі жаһандану заманында адамның туған тілін ғана білуі жеткіліксіз.
Есіме бір қызықты оқиға түседі. Ата-анасы кешке қонаққа баратын болып, өзара орысша сөйлесіп отырса, төрт жастан асқан кішкентай қызы: «Сіздер қонаққа баратын сияқтысыздар, өйткені орысша сөйлесіп отырсыздар ғой» депті. Қазір қазақша, орысша, ағылшынша және түрікше еркін сөйлесе алатын отбасылар бар. Өзге тіл меңгерген ұрпақ жан-жақты болып өседі, өзге елдің дәстүрі мен салтын естіп қана емес, оқып біле алады.
Жақында Алматы қаласында Бүкіләлемдік Универсиада өтеді. Осы айтулы спорттық шараға еріктілерді іріктеуде жастардың тіл білуі де негізгі талаптың бірі болғаны сөзсіз. 2011 жылғы Азиада қарсаңында да қазақтың талантты жеткіншектері осындай шараны белсене атқарысып, ел ықыласына бөленгені есімізде. Демек, Қадыр ақын айтатын «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөз – осы күннің ақиқаты, осы күннің талабы.
Соңғы жылдары «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде білім алатын жастар қатарында қазақтілді студенттердің де үлес салмағы артып келеді. Бұл да қуанарлық жайт. Өз тілінің қайнарынан қанып ішкен, өзге тілді де мүлтіксіз үйренген қазақ жастары ел болашағына қызмет етуге өздерін жан-жақты дайындай алатынын осылай көрсетіп жатыр. Олардың арасында жоғары қызметтерде нәтижелі жұмыс істеп жатқандар да, түрлі бастамалардың басы-қасында жүргендері де, тіпті Қазақстан және қазақ халқы жайлы ағылшын тілінде кітап шығарғандар да бар. Демек, қазақ жастары қай заманда да прогрессивті, заман талабына сай ұмтылғыш екенін тағы дәлелдеп отыр.
Осының бәрінің негізі мектепте қаланатыны сөзсіз. Сондықтан қазіргі ата-аналардың мектеп бағдарламасымен шектеліп қалмай, балаларына тіл үйрету үшін басқа да өріс іздейтіні қуантады. Қазіргі заманның бір талабы – ішкі туризмді дамыту. Күні ертең-ақ көрікті Көлсайды, тамаша Түргенді, сұлу Сарыарқаны, бұла Бурабайды, аяулы Алтайды, қарт Каспийді көруге келген қонаққа өзіміздің жастар жол бастап, мақтана таныстырып жатпасына кім кепіл?
Кенжегүл ҚҰРМАНЖАНОВА,
Жармұхамбет орта мектебінің мұғалімі
Қарасай ауданы,
Алматы облысы