Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жетіген туралы жинақ

Жетіген туралы жинақ

Айқын-ақпарат
447
Жетіген туралы жинақ Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің ұстазы, өнер ғылымының магистрі Нұргүл Жақыпбектің «Жетіген аспабының құрылымы және ойнап үйрену әдістемесі» кітабы жұртшылыққа жол тартты.

Оқу-әдістемелік жинақ үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде аспаптың пайда болу тарихы мен қолданысқа түсу ке­зеңдері, құрылымдық және аспаптық ерекшеліктері, ойнау өзгешеліктері талданады. Сонымен қатар өзге елдің дыбыстық, құрылымдық, әуендік жа­ғынан ұқсас аспаптарымен қатар салыстырылады. Бүгінгі заманға сай орындалатын жаңа түрлері мен оны жетілдіру жолдары да назарға алынған. Екінші бөлімде ойнап-үйрету әдістемесі кеңінен қарастырылып, оқушының аспаптық дағдысын қалыптастыруда қандай педагогикалық, психологиялық шарттарды игеру керектігі баяндалады. Музыкалық дамытушылықты игерту жолдары ойнау әдістерін терең меңгеру арқылы ғана келетіндігі арнайы пікір­лермен дәлелденеді. Орындаушының тұлғалық дамуы тек орындаушылық өнерді дамытумен ғана шектелмейтінін баса айтылады. Ұстаз бен шәкірт ара­сында адамгершілік қарым-қатынас бол­ғанда ғана орындаушы тұлғаны да­йындап шығару мүмкіндігі туа­тын­дығы пе­даго­гикалық-психологиялық сарап­тама­лармен көрсетіледі. Үшінші бөлімде жетігенге лайықталған әндер мен күйлер және басқа да шығар­малардың ноталық нұсқасы топтас­тырылған. 
Зерттеу еңбек тақырыбының өзекті­лігімен құнды. Нұргүл Жақыпбектің айтуынша, әр аспаптың пайда болу табиғаты мен қолданыс аясын саралау арқылы қазақ музыкасының зерттелу тарихын болашаққа рухани мұра ретінде қалдыру қазақ дәстүрлі музыкасының бүгінгі жағдайында аса қажет. Қазақ ұлттық аспаптарының жеке зерттелу тұрғысына көз жүгіртер болсақ, домбыра мен қобыз аспабы жайлы біршама ең­бектер, оқу-әдістемелік, оқу құрал­дары, зерттеу жұмыстары жарық көрді. Зерттеуші Б.Сарыбаевтың еңбегінде жетіген аспабының шығуы, қолданысы, құрылымы туралы азды-көпті мәліметтер беріледі. Одан кейінгі жылдары жетіген аспабын халық арасында орындаушылар танылғаны, тіпті кей жылдары жетіген аспабы орындалу қолданысынан шығып қалған жағдайлар болмаса, аталған аспап толық зерттеу материалына айналған жоқ. 
– Ұлттың өзіндік ерекшелігі, дүние­танымы, болмысы ғасырдан-ғасырға үзілмей жалғасын тауып келе жатқан рухани мәдени қазынасы арқылы танылады. Жер бетінде өмір сүрген барша халықтың даралық «менін» бейнелейтін айшықтар оның тілімен қатар бай музы­калық мұрасында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысады. «Ұлттық музыкасы жоғалған халық халық болудан қалады» деген пікірге сүйенсек, талай ғасыр рухани құнды­лығын музыкалық өнеріне арқау еткен қазақ этносында айшықты орын алатын бөліктердің бірегейі халық аспаптары. Олардың ұлт музыкасының көнеден келе жатқан бөлігі мен тарихи жәдігері болғандығы, сөз жоқ, бүгінгі уақытта түрлі зерттеу жұмыстары мен жүргізілген тәжірибелер арқылы дәлел­дену үстінде. Осы орайда өзге халықтар сияқты қазақ этносының да аспаптарының әр түрін жоғары бағалап, өзіндік мәртебеге жеткізу, зерделеп, қалпына келтіру – бүгінгі ұлттық музыка мәдениетін дамыту кезеңінің өзекті мәселесі. Осы тұрғыдан а­л­ғанда қазақ музыка өнері соңғы жыл­дарда жаңаша көзқарас, тың пікір­лермен толығуымен қатар, оның аспаптық қолда­ныс пен оған деген сұраныс аясы да өріс­те­уде. Болашақта қайта қолданыстан шы­ғып қалмай, кейінгі ұрпаққа тарихи му­зыкалық жәдігер ретінде үзілмей жету үшін аталған аспаптың барлық «болмыс-бітімін» зерделеу, жетілдіру жолында «еппен» өзгерістер енгізу жетіген орын­дау­­шысы, жетіген жанашыры ретінде Нұргүл Жақыпбектің аспапқа баса назар аударуына себеп болды. Нақты жетіген аспабы туралы толық мәліметтер зерт­теу­ші Болат Сарыбаевтың еңбегінде кел­тірілсе, ойнау әдістемесі туралы нұсқаулар әдіскер Н.Жақыпбектің «Жетіген үйрену мектебі» оқулығында берілген. Жетіген аспабын орындау­шылық, концерттік тұрғыда қайта жаң­ғыр­ту, насихаттау ісін жандандыру жағ­дайы мен қазақ этно­сының көне жетігенін жетекші аспап дәрежесіне көтеру мақсаты көзделеді, – дейді Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының доценті, өнертану ғылымының кандидаты Талғат Мұқышев.

Дайындаған  Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ