Негізгі бет  /  мақалалар  /  Еуропа көшелерінде әскер жүр...

Еуропа көшелерінде әскер жүр...

Айқын-ақпарат
464
Еуропа көшелерінде әскер жүр... АҚШ араға 20 жыл салып, мұхит асырып әскер мен техникаларын қайтадан Еуропаға жібере бастады.

Ресми деректерге қарайтын болсақ, 250 «Абрамс» танксі, жүздеген «Брэдли» бронды көлігі, «Паладин» артиллериялық қондырғылары мен бұларға керекті оқ-дәрі, құралдар және 7 мыңнан тарта сарбаз Шығыс Еуропаға табан тіремек.

Тіпті алғашқы бөлігін Германияның Бремерхафене портына Resolve жүк кемесі жеткізіп үлгерді. Әзірге олардың ішінде 87 «Абрамс» танкісі, 144 «Брэдли» бронды көлігі, 18 «Паладин» гаубициялық қондыр­ғысы бар. Қосымша керек-жарақты есепте­генде, мұның бәрі 900 вагонға жүк болады екен. Ал қалған әскери техника жолда келе жатқан көрінеді. Бір айта кететін жайт, өткен күзде АҚШ 600 контейнерге тиеп тағы да әскери құралдар жіберілген еді. АҚШ-тан келген әскери техника мен сар­баздар Польша, Румыния, Болгария және Балтық жағалауында орналасқан, НАТО-ға мүше Эстония, Латвия және Литваға жет­кізілмек. Пентагон спикері Питер Куктың айтуына қарағанда, Шығыс Еуропаға келген АҚШ әскері мен техникалары осы аймақта өтетін «Атланттық шешім» деп аталатын әскери оқу-жаттығу жиынына қатыспақ. Сонымен қатар Еуропаны Ресей тарапынан төнетін қауіптен қорғайтын күш болмақшы. Әрине, бұл келетін әскер осы аймақта тұрақтап қалмақ емес. 1997 жылғы НАТО мен Ресей арасындағы келісімге байланысты ротациялық бағытта болмақ. Яғни, әр тоғыз ай сайын әскер мен техника алмасып отырады. Дегенмен сарапшылар «соңғы бірер жылда НАТО әскері Ресейді қоршай орналаса бастауы үлкен соғысқа алып барады деу қателік. Ресей мен АҚШ ешуақытта ашық майданда кездеспейді. Ақ үйдің мақсаты, соңғы кезде күшейе баста­ған Ресейді қалайда тежеу» деседі. Ал ре­сейлік әскери сарапшы Игорь Корот­ченко: «НАТО-ның бір-екі батальоны Балтық жағалауы елдеріне орналасқанымен «ауа райын» өзгерте алмайды. Бұл бағытта біз­дің заманауи қарумен жарақтанған бірнеше дивизия тұр. Қазір танктердің заманы өткен. Бүгінгі күні соғыстың жағдайын шешетін АҚШ-тың «Томагавкасы», Ресейдің «Калибр» зымырандары. Бірақ бұларды қолданудан құдай сақтасын», – дейді. Қалай айтсақ та, НАТО мен Ресей текетіресі ушығып тұрғаны рас.