Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Евфрат қалқаны» операциясы жалғаса ма?

«Евфрат қалқаны» операциясы жалғаса ма?

Айқын-ақпарат
377
«Евфрат қалқаны» операциясы жалғаса ма? Түркия Сирияға әскер енгізгелі біраз болды.

Нақтырақ айтатын болсақ, өткен жыл­дың тамыз айының соңында Түркия «Евфрат қалқаны» деген операция аясында көрші елге әскерін енгізген еді. Негізгі мақсат, Түрік Қорға­ныс министрі Фикри Ышиктың айтуын­ша, түрік-сирия шекарасындағы қауіпсіздікті қамтамассыз ету және сол өңірді күрд жасақ­тарынан тазалау. Вице-премьер Нуман Куртулмуш: «Күрдтердің Ирак пен Жерорта теңізі арасында дәліз құруына бөгет болу» дегенді айтады. Бір сөзбен айтқанда, ресми Анкара жүргізіп жатқан «Евфрат қалқаны» операциясының өзегінде тек «Ислам мемле­кеті» бастаған лаңкестік топтармен ғана күресу емес, түрік шекарасының түбінде шоғырланған күрд сеператистерін ары ысырып тастау мақсаты жатыр. Тіпті түрік билігі 25 тамызда күрд әскери бөлімдеріне Евфраттың шығыс жағалауына кетуді талап еткен. Текетірестің арты Түркияның Сирия жеріне әскер енгізуіне алып келді. Қысқа уақыт ішінде Түркия қолдаған «Сирияның еріктілер армиясы» Жераблус қаласын азат етті. Біраз елді мекенді лаңкестерден та­залады. Бірақ әлі де алынбаған маңызды елді мекендер жеткілікті. Соның бірі – Эль-Баб шаһары. Бірнеше мәрте шабуыл жаса­ғанымен, қаланы алуға мүмкіндік бол­мады. Оның бір себебі, түрік әскери мамандары жетекшілік еткен «Сирия­ның еріктілер армиясы» әлсіздік танытты. Екін­шіден, мұздай қаруланып, бейбіт тұрғындарды қалқан еткен «Ислам мемлекеті» тобы қатты қарсылық көр­се­туде. Көптеген әскери сарапшылар опера­цияның сәтсіз болуына бірінші себеп: «Ислам мемлекеті» тобының ұрыста әбден шы­нық­қан, тәжірибелі екендігі» дейді. Олардың айтуына қарағанда, «ИМ» тобының бас­шылары бұрын­ғы Саддам Хусейн кезіндегі Ирак армиясында болғандар. Кеңес елінің әскери академиясы мен училище­лерінде дәріс алғандар. Олардың бәрі ұрыс жағдайын толық меңгер­гендер. Демек, «ИМ» тобын қалпақпен ұрып аламыз деу ақымақ­тық» дейді. Шындығы осы. Қазір Ердоған билігі «Евфрат қалқаны» опера­циясын ары қарай жалғасты­рамыз ба, әлде жоқ па деген ойда. Өйткені Сирия жеріндегі соғысты жалғастыру үшін, үнемі көктен ұшақтар мен тікұшақтар және жерде ауыр әскери техника­лармен жарақтанған әскер керек. Әрине, оған біраз қаражат қажет. Бұл – үлкен мәселе. Деген­мен Түркия үшін Сирия жеріндегі жеңіс өте қажет. Өйткені Reuters агенттігінің хабарла­уын­ша, Сирия жері Ресей, Иран және Түркия­ның ықпал ету аймағы болып, бейресми түрде үшке бөлінген. Соның ішінде Сирияның сол­түстік аймағы Түркияның еншісінде болмақ. Демек, өзіне бұйырып тұрған олжадан Анкара бас тартсын ба?! Соңғы кезде Сириядағы әске­рін 5 мыңға жеткіземіз, қосым­ша танк, артил­ле­рия береміз деп мәдімдеуі, соғыстың ары қа­рай өрши түсуіне себепкер болары анық. Қыс­қасы, Сирия күрдтері: «Түркия Сирияның солтүстік аймақтарын басып алуға кірісті» деп айыптауының шындық­қа жақын жатқанын байқауға болатын-сынды.