Негізгі бет  /  мақалалар  /  Көзге көрінбес текетірес

Көзге көрінбес текетірес

Айқын-ақпарат
321
Көзге көрінбес текетірес Әзірге екі елдің дипломаттары бір-біріне наразылық нотасын жібере қойған жоқ.

Дегенмен екі ел арасында бір тайталас бар. Әңгіменің ашығы мынада: Жаңадан сайланған АҚШ президенті Дональд Трамп прези­денттік таққа отырмай жатып-ақ, Қытай мен АҚШ арасына сына қағып үлгерді. Даудың басы Трамптың президенттік сайлауда жеңіске жеткен соң, Тайвань басшысы Цай Инвэньмен телефон сөйлесуі. Бұл жайт сөз жоқ, Қытайдың қытығына тигені рас. Өйткені Қытай елі 1949 жылы ат құйрығын кесісіп, жеке шаңырақ құрса да, Тайваньды ешуақытта жеке мем­лекет деп есептеген емес. Қытай­дың құрамдас бір бөлігі дейді. Сондықтан «Бір Қытай» саясатын жүргізіп келді. 1972 жылы АҚШ прези­денті Ричард Никсон мен Мао Цзэдун кездесуінде Ақ үй қожайыны ресми Бейжіннің дегеніне көніп, «бір Қытай» саясатына қарсылық танытпаған. 
Қысқасы, 1979 жылдан бастап, АҚШ Тайвань елінің басшысымен жеке дара кездесіп, ешқандай келіссөз жүргізіп көрмеген. Әрине, құны миллиардтаған долларлық әскери техника, қару-жарақ беріп келді. Бірақ ресми мемлекет басшыларының кездесуі болған жоқ. Сол 1979 жылдан бері АҚШ Қытайдың «бір ғана Қытай» саясатына көніп келсе, соны Трамп бұзғысы бар. Дегенмен Бейжің Дональд Трамптың, Тайвань басшысы Цай Инвэньмен телефон сөйлесуіне аса маңыз беруге тырыспаған. Керісінше, «Бизнес адамы. Саясаттан алыс. Мемлекеттік мүдде тартысына араласпаған, аңғал адамның тірлігі» деп салқынқандылық танытқан. Бірақ араға уақыт салмай биліктен кетіп бара жатқан АҚШ президенті Барак Обама әскерге жұмсалатын қаржылық шы­ғынға байланысты заң жобасына қол қойды. Ол заңда «АҚШ пен Тайвань арасында әскери қарым-қатынасты күшейту керек» деген арнайы бап бар еді. Бұл мәселе Қытайға ұнамай қалғаны рас. Тіпті ол – ол ма, өткен аптада ғана Латын Америкасына ұшып бара жатқан Тайвань басшы­сының ұшағы АҚШ-тың Хьюстон және Сан-Франциско қала­ларына аялдаған. Хьюстон шаһарында белгілі республикашыл-сенатор Тед Круз Цай Инвэнь кездескен. Бұл кездесу де Қытай жағына жақпай қалғаны анық. Екі айдың ішінде АҚШ үш мәрте Тайваньға көңіл бөлуі, алдағы уақытта Қытаймен ара қатынас онша жақсы болмайды дегеннің белгісі екені анық. Өйткені сайлауалды науқанның кезінде-ақ, Трамп «Қытай АҚШ-тың №1 жауы» деп мәлімдеп үлгерген. Одан кейін Трамп Цай Инвэньмен сөйлесе сала, «Бір Қытай» мәселесіне басқаша қарайтын кез жетті» дегенді де айтып қалған. Қалай айтсақ та, Трамп президенттігі кезінде Қытай мен АҚШ арасы салқын тартпақ секілді. Ал керісінше, Трамп Ресеймен ара қаты­насты жөндеп, «жылымық» кезеңін орнатуға тырысуда. Алайда оның бұл әрекетін, кейбір сарапшылар: «Трамп Путинді «ақылды» деп мақтай отырып, өзіне тартпақ. Мұның артында соңғы жылдары Ресей мен Қытай арасында орнай бастаған одақты бұзу пиғылы жатыр. Өйткені екі алып елмен тікетіресу АҚШ-қа оңай соқпасы анық. Ал бір-бірлеп пұтарлау оңай» деседі. Мүмкін. Бір белгілі жағдай, Қытай да АҚШ-қа қарсы өз амал-айла­ларын қолданары анық. Бейжин­дегі атқамі­нерлер «Егер АҚШ Қытайға қарсы сауда «соғысын» жүргізетін болса, біз америкалық тауарлардың салығын көтеріп жібереміз» десіп жүр. Әрине, бұл жақсылықтың нышаны емес. Өйткені екі ел арасындағы сауда-саттық айна­лымы 500 миллиард долларды құрайды. Бұл сауда жағы дейік, ал саяси мәселеде Қытай жағы қайтпек?