Негізгі бет  /  мақалалар  /  Обаманың 10 қателігі

Обаманың 10 қателігі

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
550
Обаманың 10 қателігі Барак Обама Америка халқымен қимай қоштасты. Қызметін қимағаны ма, жоқ халқын сыйлағаны ма? Әйтеуір толқыды. Енді Америкадай алып империяны басқару оңай болмаған шығар. Бірақ...

АҚШ-тың ішкі жағдайын сараптамай-ақ қояйық, алпауыт ел екені рас. Оны бәрі біледі. Ақ үйден сегіз жыл бойы ғаламның саяси ауа райын қолдан жасап отырған «қара бала» президенттік қызметтен ке­йін қай саламен айналысады? Ол екінші мәселе. Бірақ бастысы, Барак Обама елдің есінде несімен қалды? Кезінде Джордж Буштан билікті жұлып алған демократ­тардың басты кандидатының аты алғашқы алты айда-ақ шықты. Ол ядролық қарусыздануға қатысты жаһан­дық саммит өткізгені үшін Нобель сый­лы­ғын алды. Осымен оның саясаттағы са­па­лы соқпағын ұзартпай, доғара тұра­йық... 
Ашығын айту керек, Барак Обаманың ел басқарған сегіз жылдың ішінде әлемдік саясатта бірқатар елдің тағдыры сергел­деңге түсті. Даудың басы Ирактан, Саддам Хусейнді тақтан құлатудан бас­талды. Бұл әрекет 2003 жылдары Джордж Буштан басталса да, Барактың кезінде тіпті былыға түсті. 
Басқаға қарағанда халықаралық саясатта америкалық мүддеге ғана ба­сымдық беретін АҚШ пен Ақ үйдің лидері сегіз жылдың ішінде әлемнен одақтастар да, жау да тапты. Қателік те жіберді, оны өзі де мойындады. Сонымен, ол қандай қателіктер? 
1. АҚШ-тың айтақтауымен Каддафи режимін құлату үшін 2011 жылы Ливияға басып кірген америкалық әскер тұрақ­тылықты қамтамасыз ете алмады. Мұны Барак Обаманың өзі де мойындады. «Ливияға интервенция жасалғаннан кейін не істеу керек, нені жүзеге асыру қажет? Біз осы мәселеде үлкен қателік жібердік. Одан ке­­йін­гі жағдайды бақы­лауда ұстап тұра алма­дық». Барак Оба­маның бұл мойын­да­уын ерлік деп айтуға келмес. Бірақ мәселе мына­да: халық бас сауғалап кетті. Ел экономикасы құлдырады. Каддафи өлгенімен, Ливия көркейген жоқ. Қайта халық Каддафидің кезіндегі бүкіл әлеуметтік жеңілдіктен айы­рылды. 
2. 2003-2004 жылдары әсіресе, ТМД көлемін шарпыған түрлі түсті төң­керіс алдымен Грузияда, Қырғыз­станда, сосын Украинада жалғасты. Мұның артында алып ел АҚШ тұрғанын сол кездің өзінде-ақ сарапшылар ашық айтты. Ал мұның зардабын халық тартты. Билік өз­гергені­мен, бұқараның жағдайы жақ­сарған жоқ. Ақаев пен Бакиевті тақтан тайдыр­ғанмен, Қырғызстан өз жолымен жүрді. АҚШ-тан келген кан­дидат Михаил Саакашвилидің прези­денттік мерзімі біткеннен кейін Грузияда қайтадан тұрақтылық орнады. Бірақ сол жылдары ТМД елдерінде «америкалық сценарий» жүзеге аспағаннан кейін, жағдайды одан ары ушықтыру саясаты жүрді. Ақыры «америкалық жоба» Барак Обаманың тұсында Украинада 2012-2013 жылдары жүзеге асып, тағы төңкеріс жалғасты. 
3. Буштың кезінде одақтастармен бірге Иракқа жасалған шабуылдан Саддам дарға асылды. Бірақ Обаманың ең үлкен қателі­гінің зардабын қазір араб елі тартып отыр. Ирак халқына конститу­циялық еркіндік пен құқық берілме­гендіктен, қазір әлемге сес көрсетіп отырған «Ислам мемлекеті» ұйы­мы­ның алғашқы содырлары осы жерде пай­да болды. «Таяу Шығыстағы тепе-теңдікті бұзу үшін «Ислам мемлекеті» ұйымын АҚШ-тың өзі құрды» деген де дерек бар. 
4. «Араб көктемі» деген атпен тарихта қалған түрлі түсті төңкеріс Таяу Шығыс елдеріне жылымық әкеле қойған жоқ. Бірқатар елдің басшылары «араб көктемі­нің» нәтижесінде тақтан тай­дырылды. Тунис, Иемен, Ирак, Сирия, Ливия... Ауғанстандағы соғыс. Бұл тізімді одан ары жалғастыра беруге болады. Халық толқыды, наразылығын айтып, көшеге шықты. Бірақ режим құлағаны­мен, жағдай жақсарған жоқ. 
5. «Сирия дағдарысы» Барак Обама­ның тұсындағы ең қиын да күрделі, әрі ушыққан жағдай болып сипатталады. Ең бір қызығы, қандықол қылмысқа АҚШ-тың өзі ғана бармайды. Еуропадағы одақтастарын жұмылдыра отырып, өзге елде ат ойнатады. Сириядағы жағдай осының айғағы. Қазір сарапшылардың бағалауынша, өзі құрған зұлымдықтан АҚШ өзі құтыла алмай отыр. Сириядағы соғыс – АҚШ-тың жеңісі емес, же­ңілісі, Барак Обаманың ең үлкен қателігі. Джон Керри өткен аптада «Сириядан химиялық қа­рудың әкетілгені – АҚШ-тың жеңісі» деп мәлім­деді. Бірақ бұл Ресейдің бастамасымен жүзеге асқанын мойын­дауымыз керек. Ақырында, соғыстан Сирия қансырап қалды. Бұл аймақтағы үлкен ойыншы Ресей, Түркия мен Иран болып шыға келді. Ендігі үміт – Астанадағы кездесуде. 
6. Таяу Шығыста саяси жағдайдың ушыққаны ең алдымен халыққа қиын тиді. Елін, туған жерін тастап, мил­лиондаған халық жайлы жер іздеп, Еуропаға ауды. Бірде бір тұрғын АҚШ-тан барып, саяси баспана сұраған жоқ. Бас­қыншылық жобаны АҚШ жүзеге асырды да, жауап­кершілік Еуропаның мойнында қалды. Миллиондаған келімсектерді Германия, Франциядан бастап, Еуроодақ елдері қабылдады. Кейбір сарапшылар босқын­дардың «Еуропаға жол» тасқынын Америка­ның халықаралық қорлары астыртын қар­жыландырды» деген дерек келтіреді. 
Осы орайда Каддафидың көрегендігін мойындамасқа лаж жоқ. Ол бір сөзінде «әл-Каида» ұйымына біз тұсау салып отырмыз. Ертең мен биліктен кететін болсам, Еуропаны келімсектер жаулайды» деген. Шындығында, қазір Таяу Шығыс­тағы соғыстан қашқандар Еуропа елдерінің бас ауруына айналды.
7. Украина мен Ресей арасындағы жағдайдың шиеленісуінен Путиннің елі оқшауланды. АҚШ-тың ықпалымен Еуроодақ елдері, «Үлкен жетілік» пен «Үл­кен жиырмалық» барлығының жұмы­луымен Ресейге санкция салынды. Биылғы жылдың жазында санкцияның мерзімі тағы ұзартылды. Алайда бұл санкциядан Ресей ғана емес, әсіресе Еуроодақ елдері­нің шаруалары мен өндірісі зор зардап шекті. Сонымен қатар Украинадағы жағдайға байланысты «Минск келісімі» әлі күнге дейін орын­далған жоқ. 2014 жылы АҚШ «Украи­надағы демо­кратияны» да­мытуға байла­ныс­ты 2003 жыл­дан бері 
4 мил­лиард доллардан астам қаржы құй­ғанын мәлім етті. Бұл ақша негізінен Украинада тұрақсыздық орнатып, елді екіге бөлді. Ресейшіл және еуропалық бағытты қол­дайтын топ пайда болды. Украинаның шығысында әлі соғыс жүріп жатыр. 
8. Биліктен кетіп бара жатқан Барак Обама өзінің мүмкіндігін пайдаланып, НАТО-ға кіретін Шығыс Еуропада жатқан елдерге Трамп «президент боламын» деген­ше жарлық шығарып, әскер кіргізіп кетті. Осыған байланысты 4200 амери­калық сарбаз, 250 танк, 1700 түрлі әскери көлік, жүздеген артил­лериялық қондырғы Румы­ния, Болгария және Литваға орналас­тырылуда. 
9. Обаманың «КСРО-дай алып импе­рияны құрдымға жіберген бірқатар сарапшыларды өзіне кеңесші етіп алуы үлкен қателік болды» деген болжам бар. Осыдан келіп, Ресеймен арада тайталас өрбіді, Кремльдің ықпалын әлсірету үшін миллиардтаған қаржы жұмсалды. Ресми Вашингтон оның ыңғайындағы мемлекет­терге қарсы соғыс ашты немесе оларға түрлі түсті төңкеріс орнатуға ұмтылды. «Амери­калық жоба» бір құрлықта жүзеге асса, екінші бір жерде сәтсіз болды. Осы уақытқа дейін АҚШ-ты 44 президент басқарғанын ескерсек, сарапшылардың (әсіресе, ресейлік) айтуынша, «Обама әлемді әуре-сарсаңға салған – ең соғыс­құмар мемлекет басшысы» ретінде тарихта қалды. 
10. Барак Обаманың соңғы қателігі – 2016 жылғы президенттік сайлауда демо­крат­тардың атынан ұсынылған Хиллари Клин­тонның жеңісіне зор сенім артуы. Бі­рақ үміт ақталмады. Өмірі мемлекеттік қыз­мет­те істемеген, халықтың арасынан шық­қан кандидат Дональд Трамп прези­дент болды. 
Әрине, саясатта жеңіліспен қатар, жеңіс те бірге жүреді. Бұл орайда Барак Обаманың үлкен бір нәтижелі қадамы ретінде араға 50 жыл салып, Кубамен қарым-қатынасты дұрыстауы. Сонымен қатар соңғы ширек ғасырда америкалық прези­денттердің ішінде Обаманың Жапонияға жасаған сапарын да атап өтуге болар. 
...Ендігі мәселе мынада: Барактың баян­сыз бастамаларын Трамп түзей ала ма?