Негізгі бет  /  мақалалар  /  Мүліктік табысқа салық қалай салынады?

Мүліктік табысқа салық қалай салынады?

Кәмшат ТАСБОЛАТ
483
Мүліктік табысқа салық қалай салынады?

 

 


Бұдан бұрын Мемлекеттік кірістер департаменті әлеуметтік желілер мен сайттарда 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мүліктік табысқа салық салу бойынша 2015 жылдың 18 қарашасындағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін декларациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен Салық кодексінің біршама өзгергені туралы хабарлаған еді. Атап айтсақ, аталған кодекстің 6 бөлімінің құрылымы өзгертілген. Бұл орайда ел ішінде мүлік табысын қалай және қашан төлейміз? Егер мүлік мұраға қалса немесе сыйға тартылған болса, ол салықтан босатыла ма? Мүліктің табыс құнын кім бағалайды дегендей өзекті сауалдар туындап отыр. 

 


Мүлік салығын жылжымайтын мүлікке (тұрғын үй, жер, саяжай, гараж немесе қолданыстағы басқа да нысандарын) ие әрбір азамат төлеуі тиіс. Ал мүліктік табыс салығын жылжымайтын мүлікті сатудан немесе жалға беруден қаржы, табыс тауып отырған үй иесі төлейді.  


 

Әсіресе, ел ішін дүрліктіріп отырған мәселе – жылжымайтын мүлік сатылып, оның үстінен табыс байқалған жағдайда 10 пайыздық салық төлеу түйткілі боп тұр. Бұл ақпараттың қаншалықты шынайы екенін анықтау үшін біз кәсіби заңгерлердің кеңесіне жүгінген едік. Олардың айтуынша, осыған дейін мұндай норма сатылатын тұрғын үйге 1 жылдан аз уақыт иелік еткен азаматтарға ғана қатысты болатын. Бұл талап соңғы өзгерістерден кейін алынып тасталған. Жалпы, бұл мәселені егжей-тегжейлі заңгерлер былай түсіндіреді: 


Қымбат ДЕМЕУБАЕВ, 
Right Choice заңгерлік компаниясының әріптесі, заңгер:   


Бұл заң 2020 жылдан бастап жүзеге асады

–  Қазақстан Рес­публикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің (ары қарай – Салық кодексі) 180-1 бабының 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес, жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікті өткізу (сату) кезіндегі құн өсімінен түсетін табыс меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт меншік құқығында болған тұрғын үйлерді, саяжай құ­рылыстарын, гараждарды, жеке қосалқы шаруашылық нысандарын өткізген (сатылған) кезінде туындайды. 
Сонымен қатар өсім, өткізу (сату) құны мен бастапқы құн арасындағы оң айырма ретінде айқындалады және 10% көлемінде салық салынады.
Бұл дегеніміз, мысал келтіретін болсақ, егер еліміздің азаматы 2 миллион теңгеге пәтер сатып алса және оған меншік құқығын тіркегеннен кейін 1 жылдың ішінде оны 3 миллион теңгеге сататын болса, онда ол өсім құнынан 10% жеке табыс салығын өтеуі тиіс, яғни бір миллион теңгеден бұл жүз мың теңгені құрайды.   
Ал егер сол азамат жылжымайтын мүлігін сатып алған уақыттан бір жыл уақыт өткеннен кейін оқшаулайтын болса, ешқандай салық туындамайды. 
Осындай салықты есептеуді азамат өзі дербес жүзеге асырады,  ал төлеуі  – салық кезеңінің қорытындысы бойынша салық төлеуші жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша, яғни, келесі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей өтелуі шарт. 
Бірақ 2015 жылғы 18 қарашадағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес (ары қарай – Заң) Салық кодексінің 180-1 бабының 1-тармағының 1-тармақшасына келесідегідей өзгерістер енгізілді:
«Жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікті өткізу (сату) кезіндегі құн өсімінен түсетін табыс тұрғын үйлерді, саяжай құрылыстарын, гараждарды, жеке қосалқы шаруашылық нысандарын өткізген (сатылған) кезінде туындайды».  
Осылайша, «меншік құқығы тіркелген күннен бастап бір жылдан аз уақыт меншік құқығында болған» сөздері алынып тасталды.
Алайда 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, осы жаңашылдықтар 2020 жылғы 1 қаңтарынан кейін бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұл нені білдіреді? Бұл дегеніміз – 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, егер еліміздің азаматы 2 миллион теңгеге пәтер сатып алса және оны 3 миллион теңгеге сататын болса, бұл жерде мүлікті сатып алғаннан кейін қанша уақыт өткені маңызды емес, онда ол өсім құнынан 10% жеке табыс салығын өтеуі тиіс, яғни, мысалға келтірілген бір миллион теңгеден бұл – баяғы жүз мың теңгені құрайды.


 

Александра КУПРИЙ,

ЮР-DIPLOMAT заңгерлік қызмет көрсету агенттігінің заңгері:  

 

Мүліктің нарықтық бағасын шығару керек

    – Қазақстан Рес­публикасының Салық кодексіне енгізілген өзгерістер бойынша, ел азаматтары жылжымайтын мүлікті сатқан жағдайда (тұрғын үйлер, саяжайлар, гараждар, жеке қосалқы шаруашылық нысандары, сондай-ақ меншік құқығы туындаған күннен бастап қолданылатын мақсаты – жеке тұрғын үй салу, саяжай салу, жеке қосалқы шаруашылықпен айналысу, гараж тұрғызу болатын жер учаскелері мен (немесе) жер үлестері) меншік құқығының мерзіміне қарамастан салық төлеуге міндеттеледі.  
Бұл өзгерістер 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асады. Салық кодексінің 156-бабы, 1 тармағы, 28 тармақшасына сәйкес, жеке тұлғаға мұраға қалған немесе сыйға тартылған жылжымайтын мүлік салық төлеуге жатпайды. Соған сәйкес, жеке тұлғалар жылжымайтын мүлікті мұрагерлік бойынша алса немесе сыйға алған жағдайда (жеке кәсіпкердің кәсіпкерлік қызметпен айналысуға алған мүлкінен бөлек) салық төлемейді. 
Мұраға қалған мүлікті сатқан жағдайда мүлікке иелік еткен күннен бастап сатылып жатқан мүліктің құны мен нарықтағы бағасында оң айырмашылық болса, ол табыс өсімін аңғартады. Қазақстан Республикасының бағалау қызметіне байланысты заңдарына сәйкес, бағалаушы мен салық төлеушінің келісімшартында көрсетілгендей мүліктің нарықтық құны бағалау қорытындысына сай Салық кодексімен анықталады.
Бағалау жұмыстарын жүргізген кезде бағалаушыға мұрагерлікке ие болған куәлік бойынша немесе сыйға тартылған келісімшарт бекітілген күнге сәйкес мүліктің нарықтық бағасын шығару қажеттігін ескерту қажет.
Жылжымайтын мүлікке салық төлеу бойынша аталған заңнамалық талаптар бүкіл Қазақстан Республикасының территориясында қолданылады және бүгінгі таңда Салық кодексінің нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасының территориясында мүліктің қымбаттауы мен инфляцияға түсуі есепке алынбайды.