Басты  /  мақалалар  /  Қонаевтың қағидасы

Қонаевтың қағидасы

Төреғали ТӘШЕНОВ
809
Қонаевтың қағидасы Бүгін – көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні!

 Тірісінде барынша қарапайым, қанағаттың адамы болған. 1968 жылы  Леонид Брежнев Алматыға келгенде Қонаевтың тұрғын алаңы 50 шаршы метрлік, ас үйі 9 метрлік, ваннасы мен әжетханасы біріккен пәтерін көріп, «бірінші хатшы мынадай жағдайда тұра ма?» деп ішегін тартып, «Бізде полтбюроның мүшелері де бұдан жақсы тұрады!» деп таңданысын білдіріпті.

                                            

                                            ***

 

Қонаев мұражайында Қазақстанды 1919 жылдан 1989 жылға дейін басқарған он үш адамның суреттері ілінген. Қонаев – он төртінші адам. Әлгі он үш адамның ішіндегі қазағы – Сейітқали Меңдешов пен Жұмабай Шаяхметов қана. Ішінде отызыншы жылдары қазақтың тең жартысына жуығын аштықтан қырғынға ұшыратқан қу жақ Ф.Голощекиннің де суреті тұр. Қайтесіз, жұлып алып тастай алмайсыз, тарихты жасайтын біз емес.

 

                                              ***

1975 жылы Олжастың атақты «Аз и Я» еңбегі 100000 тиражбен басылады. Бірақ КСРО Ғылым акаде­миясының жабық мәжілісі шақырылып, академигі бар, корреспондент-мүшесі бар, ғылым докторы бар, барлығы 49 адам 10 сағат бойы сөз сөйлеп, Сүлейменовті шектен шыққан «ұлтшыл», «пан­тюркист» деп айыптап, кітапты орысқа қарсы еңбек деп бағалайды. Кітаптың жартысын өртейді, бірқаншасын таратқызбай тастайды. «Аз и Я»-ға жасалған қастандық онсыз да атағы аспандап тұрған кітапқа деген халық құштарлығын дауылды күні қауға тиген өрттей өршітті бірақ. Мәскеу мен туысқан республикаларды былай қойып, шетел азаматтары да Қазақстандағы таныстарына қолқа салып, атышулы кітапты сұрап жатты. КСРО-ның бас идеологы Суслов Қонаевқа телефон шалып, Олжас Сүлейменовті соттау аз, ату керек деп бұйырған көрінеді сонда. Димаш Ахметұлы «Аз и Я»-ны Бас хатшы Л.И.Брежневке өз қолымен апарып беріп, мұнда ешқандай ұлтшылдық жоқ екенін айтып, оқып шығуын өтінді. «Кейбір қателіктері болса өзіміз талқылап, өзіміз жазалайық» деп сылап-сипап, Олжасты бір ажалдан аман алып қалды.

                             

                                       ***

«Д. А. Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат. Ол кісі бәрімізге ұстаз болған ұлы адам».

                                                   Н. Ә. Назарбаев

"Жұрттың ішіне пышақ айналмайды, Қонаевтың ішінде ерттеулі ат айналып жүре береді" .

                                                  Ыбырай Жақаев.

 

"Мен бүгін зор тұлғамен қауыштым, Ол терең саясаткер, халықтар даналығын толық меңгерген адам. Ол КСРО - ның сирек кездесетін тұлғасы".

                   Дуайт Эйзенхауэр, АҚШ - тың 34 - президенті, 1960 жыл

 

"Дінмұхамед — нағыз дос деген сөз!"

                                          Шәкен Айманов, кинорежиссер

 

"Жаратушы о бастан - ақ біздің әулетіміздің бар бақытын, бар байлығын, бар білім - парасатын, бар билік - мансабын, тіпті сұлу да тіп - тік, бойды да жинап - теріп Димекеңе берген. Соған шүкір дейміз!"

                                       Асқар Қонаев, академик

 

"Өнеге алар ағаң болғаны қандай бақыт. 1947 жылдан бері Димаш ағаны білемін. Дүлдүл екен. Шабысынан жаңылыспайтын тұлпар дерсіз. Шіркін, осы кісінің бар болмысын, табиғатын ашып жазар күн болса, соны зерделеп оқыр ұрпақ болса ғой!".

                                     Әмзе Сеңкібайтегі, Соғыс және еңбек ардагері

 

"Шынын айтайын, Қонаевқа тең келетін адамды көрмедім. Оған теңіздей сүйкімділік, жарқыраған даналық, таңқаларлық сана, шалқыған қайырымдылык, көңілді болмыс тән еді".

                                Геннадий Толмачев, жазушы, 1997 жыл

 

"Мейірім - шуағы мол, пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық — қазақ халқы. Елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтқысыз еңбек еткен перзенті бар халық та бақытты. Сол перзент – Дінмұхамед Қонаев. Бізде екі ұқсастық бар екен. Бірі — қарапайымдылықтарыңыз қалай аумаса; жасыл желекке оранған Алматы біздің Кашмирмен егіздің сыңарындай ма деп қалдым. Ғажап!"

                                      Джавахарлал Неру

 

"Қонаев — ұлттың Ары мен Намысы! Қонаев — ұлттың рухы мен Иманы! Қонаев — қазақтың Қанағат мектебі, Адалдықтың өлшемі"

                                                    Темірше Сарыбайұлы, ақын

 

"1993 жылдың 22 тамызында бір дәуір көшкендей болып, дүниеден Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев өтті. Халықтың Димекеңе берген бағасы — ол кісінің мәйітін Кеңсайға апара жатқан күллі жолға гүл шашуы еді".

Қуаныш Сұлтанов, саясаттану ғылымының докторы