Негізгі бет  /  мақалалар  /  30 автокөлік қар құрсауында қалды

30 автокөлік қар құрсауында қалды

Айқын-ақпарат
437
30 автокөлік қар құрсауында қалды Шығыс Қазақстан құтқарушылары Жарма ауданындағы «Қалбатау-Өскемен» тас жолынан адамдарды құтқаруда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ШҚО ТЖД сілтеме жасап.

Алдын ала болжам бойынша, қар құрсауында 30 автокөлік тұр.

Кешегі кешкі уақыттан бері бұрқасын мен көріністің нашарлауынан «Шар-Бақыршық» аумағындағы жол жабық тұр. Түнде жолдың осы аумағына келген жолаушылар құтқарушылар көмегіне жүгінді. Шар ауданынан өрт сөндірушілер  және Өскеменнен Шығыс аймақтық аэромобильді жедел құтқару жасағы жолға шықты. Күшті жел мен көріністің нашарлауынан қозғалыс қиындай түсті.

Сонымен бірге, таңға жуық «Өрт сөндіру және апатты құтқару жұмыстары қызметінің» өрт сөндірушілері өтімділігі жоғары техника арқылы «Абай-Семей» тас жолынан 15 адамды құтқарды. 8 жеңіл машина толассыз жауған қарға төтеп бере алмады.

Түнде Тарбағатай ауданында өрт сөндірушілер екі азаматқа көмекке келді. Олар «Қарағанды-Боғас» жолында көліктері істен шыққан жолаушыларды Ақсуат ауылына дейін жеткізіп салды.

Бүгін таңғы 9-да екі бағыт жолдары сол күйі жабық тұр, олар: «Шар-Бақыршық» және «Воскресеновка-Петропавловка-Шелехова-Белағаш-Дмитриевка».

 

ҚазАқпарат