Басты  /  мақалалар  /  Асабаң қалай, ағайын!

Асабаң қалай, ағайын!

Жолдасбек Дуанабай
1351
Асабаң қалай, ағайын! Бір кездері зиялы қауым «Тойды азайтайық» деген ұсыныс жасаған еді.

 Бір қараған кісіге бұл бастама өте орынды. Бірақ жалпы жұрт мұны қолдамайды. Себебі ағайын-туыс, дос-жараның арасындағы «алыс-беріс» тым тереңдеп кеткен. Бір отбасының қуанышына берген қаражатты той жасау арқылы қайтарып алу үрдісі үдеп тұр. Осындайда бір кісінің «екі миллион теңгеміз айналымда жүр» деген пікірі ойға оралады. Яғни бұл ағайын мен жақын-жұрағаттың тойына берген қаражат. Сол ақшаны той жасау арқылы қайтарып алмаса, қайтарымсыз қаражат отбасын шығынға батырады. Ал,  қыруар ақшаны қайта қалтаға салу үшін тек той жасау керек. Демек қазақ отбасыларындағы тойды тоқтату мүмкін емес.
Осындайда тым болмаса тойды ықшамдау мәселесі де қылаң береді. Жасыратыны жоқ, бұл той үстіндегі дау-дамайды, қылмысты азайтуға септігін тигізеді. Екіншіден жинаңқы өтетін тойда жұрттың мәдениеті де айқындала түседі. Шыны керек қазіргі тойларда жұрттың жағасын ұстататын жағдайлар көбейіп кетті. Мейрамханалар мен кафелер, сұлулық салондары, көлікті жалға беретін орындар, әнші-бишілер, киім-кешек дүкендері  тойдың арқасында табысқа кенеліп жатыр (Мәселен той үстінде жетім балаларға сыйлықтар ұсыну секілді). Егер сол ақшаның бір бөлігі басқа бір иігіліктерге жұмсалса, нұр үстіне нұр болар еді.
Бәрінен де қызығы  тойдан алар тағылым. Бүгінгі той  бәсекенің көрігін қыздырып жатыр. Жұрт «жұлдыз» санайтын артистерді тек қала түгілі айдаладағы ауылдардан көрсеңіз таңғалмаңыз. Атақты асабалар да ауыл аралап кетті. Демек ақшасы бар ағайын бәрін шақырып жатыр. Мейлі делік, тойды тамаша өткізудің оңтайлы жолы жақсы асаба табу. Салтанаттың сәнін кіргізетін де, ұлттың рухын көтеретін де, халық қазынасын ел есіне салатын да солар. 
«Massaget.kz» сайтында «Жақсы асаба қандай болуы керек?» деген мақала жарияланыпты. «Тойдың жақсы өтуі  асабадан.  Асаба  өнер адамы. Ол халық алдында сөйлеуге шебер, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіп айтатын, жиналған жұрттың басын бір арнаға тоғыстыра білетін, әзілі өтімді, сөзі сүбелі, мәдениетті тұлға. Құдалық, үйлену тойы, қыз ұзату  қандай той болса да, асаба барлығына бірдей тыңғылықты дайындықпен келгені жөн. Екі сөздің басын қоса алады екенмін деп, қамсыз келген асаба тойдың шырқын бұзады.  Асабаның міндеті: 
 Төрт-бес сағатқа созылатын тойдың бас-аяғын ойша жүйелеп алу;
 Той иесі туралы, руы, елі, тарихы, бабалары жайында мағлұматы болуы маңызды. Бұл той арасында әулеттің абыройын асқақтатып отыру үшін керек; 
 Сөздік қоры бай, өлең-жырмен сусындаған, жаттанды, жеңіл-желпі сылдыр сөзден аулақ, аталы, мағыналы сөзге жүйрік болуы тиіс; 
 Ел тойға барын салып келіп отырғаннан кейін, оларға иіліп қызмет көрсету  негізгі міндет. Тойдың тізгінін ұстадым деп билік жүргізу әбестік болады.  Халықты тыныштықта ұстай отырып, шаттыққа бөлеуі тиіс; 
 Аз уақыт ішінде жұрт ән айтып, би билеп, көңіл көтеретіндей жүйелі сценарийі болғаны жөн; 
 Қандай көлемде ақша төленсе де, бір әулет бар қызығын асабаға табыстап отырғаннан кейін, ол ең бірінші жауапкершілікті сезінуі шарт. 
 Әр әзілдің орнын білу керек. Кез келген жастағы адамға қаратып әзілдеу  мәдениетсіздік. Ақсақалды ортаға шығарып әзілдеймін деп аузы күймес үшін, баталы сөз айтатын қарияға аталы тілекпен жауап қайтаруы мың артық. Тойыңыз дүркіреп өтсін десеңіз...Асабаның жақсысын таңдау үшін ең бірінші оның келбетіне мән беріңіз. Жұрт сүйсінетіндей болсын. Той бағдарламасына үңіліңіз. Әншілері, бишілері қандай, жалпы бағдарламасы қандай екенін білгеніңіз өзіңізге жақсы. Асабалардың көбі қалтаны қампайтып алғаннан кейін арзан бишілер мен әншілерді алып келіп, тойыңыздың сәнін кетіреді. Бұл жағдай орын алмас үшін алдын ала тексеріңіз, мүмкін болмаған жағдайда суретпен есебін алыңыз. Талап етіңіз! Сахнада танылған жұлдыздарға қарағанда, қарапайым халық арасында жүрген, еңбектеніп ысылған асабалар мықты болады».
Шынында да жұрттың ықыласына бөлену оңай емес. Өкініштісі ауыз өзінікі болған соң жас пен қартқа бірдей әзілдейтін асабалар көп. Сөзге жұтаң, тексіздігін көрсететін сөзуарлар да баршылық. Тіпті жұртты екіге болып қойып бір жақты «сүйем», екінші жақты «күйем» деп айғайлататындар да кездеседі. Сүйісуден жарыс ұйымдастырып, қораздарша иық қағыстыратындар да ұшырасады. Осының бәрін «қызық» деп санайтын асабалардың әлсіздігі де осында. Жартылай жалаңаш билейтіндер аздай, шетелдік әуендерге көңіл көтеруден жарыс өткізу деген сұмдық қой. Керісінше тойға ұлттық реңк беру жағы жетіспейді. Қазақылықтың иісі аңқыған, тек тойға келген қонақтар ғана ән салған, халық әндері қалықтаған, ұлттық ойындар көрсетілетін тойға куә болып көрмеппіз. 
Тіпті бір телеарна жер жерде өткізілетін тойлар туралы хабар беріп жүр. Біресе жас жұбайлардың киімін, енді біресе дастархандағы ас мәзірін сөз етуден аса алмаған, соған баға берген қазылар алқасынан не күтуге болады?! Бізге керегі ол емес, жұрттың қалауы тойды қазақыландыру арқылы құндылықтарды қайтару болуы тиіс. Қазіргі компьютербасты жастар мен қалта телефонымен ер жетіп келе жатқан балалардың бақытты болуы, ұлтын сүюі, отаншыл болуы үшін де біз жиі болатын тойларға қойылар талапты күшейтуіміз керек. Ол үшін той жасайтын әрбір ата-ана қуанышқа атақтыларды шақырып айғайлағанша тағылымы мол той жасап, халықтың алғысына бөленгені дұрыс.