Басты  /  мақалалар  /  Жауһар дүниеге шаң түсірмейік

Жауһар дүниеге шаң түсірмейік

Айқын-ақпарат
640
Жауһар дүниеге шаң түсірмейік «Айқын» газетінен жазушы Әлібек Асқаровтың «Балқадиша» әнін қалай түзейміз?» деген мақаласын оқып, әжептеуір ойға қалдым.

Бұл бұрыннан айтылып, жазылып жүрген жағдай еді. Бірақ қанша айтылса да, әлі күнге орындалмаған, олқылығы түзетілмеген мәселе. Сондықтан қаламгер шырылдап тағы да оқырманға ой салған екен. Оны мен дұрыс деп есептеймін.
Ақан серінің «Сырымбет» әнін бұ­рыннан сүйіп тыңдайтын едім. «Ауы­лым қонған Сырымбет саласына, Ғашық болдым ақсұңқар баласына» деп келетін әнде ақын керемет қайталанбас сұлу теңеулер қолданады. «Сырымбетті» біздің заманымыздағы мықты өнер майталман­дары орындайтын. Үнемі радиодан беріліп жататын «Сырымбет» арқылы Ақан серінің жан-әлеміне бойлаған мен кейіннен «Балқадишаны» тыңдап, бұл әнге де қызығушылықпен қарайтын болдым. Бұл шығармалардың екеуінде де адам тағдыры, қыз тағдыры қозғалған.
Әлібек Асқаров мақаласында сондай көркемсөзбен жазылған, керемет өлеңде «Дегенде Балқадиша Балқадиша; Күйеуің сексен бесте, шал, Қадиша» деген сөздің жүруі бір кездегі идеологияның әсері депті. Осындай түйін жасамасқа біздің де амалымыз жоқ. Неге десеңіз, кеңестік кезде қазақты беткеұстар азаматтарынан айырып, тірегін құлату үшін атақты кісілерді, дәулеті асқан байларды қудалау жүргенін баршамыз білеміз. Ондайды әрқайсымыздың өмір тарихымыздан, дәлірек айтсақ, біздің ата-әжелеріміздің өмірінен көруге болады. Иә, ол кезде байларды сүмірейтіп көрсету үшін қаусаған шалмен шендестіретін де болған. Ал орта жастағы кісіге, жас мұрагерге мал,дәулет бітпеген деп кім айтады. Ал кеңестік кезде сондай идеология жасалды. Сол секілді, қыздарын құтты орнына қондыруды мақсат тұтқан үлкендердің әрекетін, қазақ салтын бұрмалау үшін «әйел теңсіздігі» деген мәселе көтеріп, ұлттың тектілігін теріске шығаруға тырысты. Сондай саясаттың ықпалымен «Балқадиша» әні де жаңағыдай өзгеріске ұшырады. Ол сөзді кім қосқаны маңызды емес, ең бастысы, сол кездегі жүйе Ақан серінің шығармасына да салқынын тигізді, авторлық құқыққа қол салды. 
Бірде журналист Дана Нұржігіттің жамбылдық «Тараз» триосымен сұх­батынан әлгі көтеріп отырған мәселеге қатысты әңгімені естіп қалдым. Сонда біреуі: «Біз «Балқадиша» әнін де орындайтынбыз. Бір жолы Таразға Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев келді. Сонда «Балқадиша» әнін сол кісінің алдында орындадық. Сонда Президент: «Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деген жерін айтпадыңдар ғой» деп өзінің байқампаздығын танытты. Біз бір жазушы ағамыздан осы әннің тарихын ес­тігенімізді, ол кісі өлеңге осы жолдар кейіннен қосылғанын айтқанын, содан бері біз өлеңнің сол сөздерін қоспай­тынымызды айттық деді. Сонда Елбасы: «Әлгі жазушы дұрыс айтқан екен. Ақан се­рінің сексен бестегі шалға ұзатылғалы отыр­ған сұлуға ғашық болып, олай өлең жа­зуы мүмкін емес. Сендер дұрыс айтып жүр екенсіңдер» деді. Осылай Елбасының өзі жақсы әннің тарихын біліп, ән тағды­ры­на алаңдайтынын аңғартты» деді. Ен­де­­ше, біз де бұған салғырт қарамауымыз керек.
Өз басым, «Жігіттер» квар­тетін жақсы көрем. Бірақ клипінде Бал­қадишаға кәрі шал құда түсіп келеді және ол өте тар­тымсыз бейнеде көрсе­тіледі. 
 Көркем киініп,көсем сөйлеп ел тағдырына араласқан қадірлі қарттар қазақта аз болмаған. Сол замандағы киім кию,өмір сүру салтына орай қырық, елу, алпыстағы адамның өзі егде болып көрінген. 
Ол заманда қыздың жасы он бес-он алты,әрі кетсе он жеті-он сегіз болып есептелген. Одан әрі ұзатылмай жүрген қыздарды отырып қалған дейді екен бұл жерде де халықтың үлкен даналығы жатыр.Жас бойжеткен әңгіме-жалаға қалмай,ертерек оң босағадан аттауы керек болған.Негізінде, ата-бабамыз қызды өз теңіне беруді дұрыс көрген. Демек, он бестегі қыздың сексен бестегі қарияға ұзатылуы деген қисынсыздау әңгіме.
Ақан сері сияқты айналасындағы әдемілікті жүрегімен көре білген, дүниені эстетикалық көзқараспен қабылдайтын, талғампаз ақынның «Дегенде Балқадиша, Балқадиша; күйеуің сексен бесте, шал, Қадиша» деп лақ еткізіп айтуы жарасым­сыз болар еді... Ондай сөзді Ақан айта алмас еді. Ол кейін жамалған, бұрмаланған сөз деген уәжбен келісуіміз керек. Бұл көптен айтылып келе жатқан қисын. 
1993 жылы Көкшетау өңірінде, Ақан туған өңірде Ақан сері Қорамсаұлының 150 жылдық тойы өтті. Ақан туған жерде, Қоскөлде болған едім. Сонда Ілия Жақанов ағамыз да болды. Сол жолы ол кісі , көлік үстінде де, дастарқан басында да Ақан өлеңдерінің кейбір тұстары өзгеріске ұшырап, жасанды сөздер қосылып кеткенін жақсы айтып отырды.Артынан «Қазақ әдебиеті» газетіне «Елінің ардақтаған Ақаны еді» деген мақала жазып келдім, ақын рухына өлең арнадым. Мұнымен Ақан қазақ тарихын­дағы айқын бейне, дара тұлға екенін айтқым келген еді. 
Менің ойымша, бүгінге дейін «Балқадиша» әнін орындап, таратып келгендер ән сөзін қайтадан түзеп, орындаулары керек. Ән мәтіні бастапқы қалпына келгені дұрыс. Солай елге танымал, атақты, жақсы әншілер орындаса, жүрекке тезірек сіңіп, келешек ұрпаққа қатесіз жетер еді. 
Ақан серінің өзі емес, оның ұстаған құсы, мінген жүйрігі сүйкімді жырланғаны соншалық халық сол кісінің өмір сүрген ортасында, ән арнаған аруларын да, сұңқарын да, тұлпарын да жақсы көрді. Ғабит Мүсіреповтің «Ақан серінің – Ақтоқтысы», Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы қандай! 
Орайы келіп тұрғанда айта кетейін, бұрын радио, телеарналарда көркемдік кеңес жұмыс істеген. Сол кеңесте мақұл­дан­баған ән эфирге жіберілмейтін. Ал қазір әркім ән шығарып, сөзін өзі жазып, ел алдында орындап жүр. Халыққа тарай­тын әндер баяғыдай көркемдік кеңесте қаралып,сұрыпталып өткені дұрыс болар еді. Олай дейтініміз, ән де халықтың мәдениетінің көрсеткіші. Ән арқылы жан тәрбиеленеді. Ендеше, әнге де әділет керек.Тағы да қосып айтарым әр әнші, әр композитор, әр орындаушы патриот болуы керек деп есептеймін. Олардың тарих алдындағы,тыңдарман алдындағы жауапкершілікті жете түсінгені абзал.Бұл тек қана бір әнге қатысты емес. 
Сөз соңында айтқым келгені,қазақтың жауhар әндеріне жататын «Балқадиша» әні өзіндік таза, нәзік табиғатынан ауытқымай орындалуы қажет.

Күләш АХМЕТОВА,
Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты