Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Тыйым салу» керек пе?

«Тыйым салу» керек пе?

Айқын-ақпарат
491
«Тыйым салу» керек пе? Қазір көп жағдайда балалардың мобильді телефон, планшет сияқты технологияларды еркін меңгеріп кететініне таңғалып жатамыз.

Оны көп пайдаланудың зиян екені де миы­мызға сарт еткенде, қолдарынан жұ­лып аламыз, ойнауына дереу ты­йым саламыз. Ал мұнымыз дұрыс па? Жалпы, қай жасынан бастап қолдан­ғаны жөн? Аз-кем ойланып көре­йікші.
Жаңа медиа институтының (МОМRI) зерттеуінше, қалыптасып қалған стереотиптерге қарамастан, кәсіби психологтардың көбі мобильді ойындар мен ой-қабілетті дамытатын қосымшалар (приложение) балаларға пайдалы деген пікірде. Бастысы, белгілі ережелерді сақтау керек. 
Қайта балаға гаджеттерді таныс­тырған дұрыс екен. 1,5-2 жасар сәбиге мобильді телефон мен планшеттің не екенін, үйдің басқа да заттары, ыдыс-аяқтары сияқты түсіндіріп, оған «тыйым салынған» дүние ретінде ой қалыптастырмаған жөн. Балаға гаджетті 3-5 жастан бастап беруге болатын көрінеді. 
Психологтардың пайымынша, балаларға 3 жасқа дейін гаджеттерді көрсетпеген абзал. Өйткені 1 мен 3 жас аралығында баланың бойында затты тану процесі жүреді, сол уақыт­та қайта ата-ана оның затты көріп, қолымен ұстап, иіскеп, тістеп көре алатындай жағдай туғызғаны дұрыс. Ол ішкі түйсік пен ақыл-ойдың да­муына алып келетін маңызды қадам. Баланың тілі де үлкендермен сөйлесу қажеттілігі туындағанда және әр нәрсені атаумен айту қажет болғанда тезірек шығады. 
Гаджеттерді пайдалана отырып, бала қимылдайды да, бір жағынан демалады, коммуникацияға түседі, бұл мидың жұмыс істеуіне алып ке­леді. 3 жастан бастап сәби «әлеумет­тену» сатысынан өте бастайды. Дәл сол кезде балаға гаджетті дұрыс пайдалануды үйретуді қолға алуға болады. Мысалы, ата-ана баланы планшет, мобильді телефоннан мүлдем шектеп тастаса, күндердің бір күні бұлармен жұмыс істеу керек бол­ғанда, ол оның қыр-сырын түсінбей, абдырап, үйренуіне қиын болуы мүмкін.     Оқушылар үшін компьютер, планшет, телефон сияқты құралдар бірлесіп ойнауына септесетін жақсы «алаң» іспетті. 
Мобильді ойынды дұрыс таңдау­дың өзі, жақсы мультфильм мен кітап таңдап бергенмен тең. Сондықтан баланың экран алдында қанша уақыт өткізгенін ғана емес, оның дұрыс қо­сымшаны (приложение) пайда­лануын қадағалаған маңызды. Одан да, мобильді ойындарды баламен бірге таңдап, жасап шығарушылардың сипаттамасымен танысып, оны талқылау керек. Әрі мамандар бала онымен қалай ойнап жатыр, меңгеріп алуына қаншалықты қиындық соғып жатқанын сырттай бақылаңдар деп кеңес береді. Бұл кезде ойынның графикасы, ырғағы мен дыбысы да рөл атқарады. Тіпті баладан бұрын ойынды мүмкіндігіңізше өзіңіздің ойнап көргеніңіз де дұрыс екен. Сондай-ақ 7 жасқа дейін балада өзін-өзі басқару функциясы қалыптаспай­тындықтан, ол ойынның шырмауына байланып, уақытында шыға алмайды. Сол себепті, мұндай жағдайда ата-ананың белгілі ережесі, талабы болуы керек. 
Расымен, жапондықтар сияқты заманауи техника, мобильдік құрыл­ғылар жасау әлі біздің меңгеріп бол­маған дүниеміз. Қазіргі буынның одан аз-маз хабары болғанымен, әзір­ше тың дүние. Ендеше, келер ұр­пақтың инновациялық техноло­гиялар өндірісін шемішкеше шаға білуі үшін қазірден оны пайдалануды үйрете бергеніміз абзал шығар?!

Нұрай РАХЫМ