Негізгі бет  /  мақалалар  /  Күрішті өңір өркендеп келеді

Күрішті өңір өркендеп келеді

Қайыржан ТӨРЕЖАН
425
Күрішті өңір өркендеп келеді Сонау Сарыесік құмдарынан басталып Балқаш көлімен шектесіп жатқан Алматы облысының Балқаш ауданы жері шөлді-шөлейтті, қысы қатты, жазы аптап болып келетін табиғаты қатал аймақта орналасқан.

Құрылғанына сексен жылдан астам уақыт болған аудан өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасына дейін негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. 1966 жылы Ақдала массиві игеріліп, аудан күріш өсіруді қолға ала бастады. Бүгінгі таңда Балқаш күріш өсірумен айналысатын облыстағы жалғыз аудан. Бір кездердегі күріш өсірумен айналысқан ірі-ірі кеңшарлар бүгіндері шағын агрофирмаларға бірігіп, заман талабына сай шаруаларын дөңгелетіп отыр. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын толағай табыстармен қарсы алып, бай-бақуатты өмір сүріп жатқан күрішті өлкенің аудан әкімі Ғалым Қасымұлы Тоқпейісовпен сұхбаттасқан едік. 

 

– Ғалым Қасымұлы, Балқаш облыстағы аумағы ірі аудандардың бірі. Бірақ орналасқан жерінің басым бөлігі құм, шөлейт болып келетіндіктен, игеруге жарамды жерлер аудан аумағында аздық ететін сияқты. Жергілікті халық жер телімдерін егістікке қалай пайдалануда?
– «100 нақты қадамда» нақты айтылған мәселенің бірі – ауылшаруашылық жер­ле­рін тиімді пайдалану. Осы орайда ауыл­шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу, Жер Кодексіне және басқа да Заң актілеріне өзгерістер енгізу көзделген ғой. Ауданда өткен жылы ауылшаруашылық мақсатында жер телімдерін пайдалануға беру туралы конкурс өткізілді, соның қорытындысы бойынша 7808 гектарлық 31 жер телімі халықтың пайдалануына берілді. Қазіргі кезде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына конкурс өткізу арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен беруді қарастыратын «Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукцион­дарды), оның ішінде электрондық түрде ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын беру туралы» ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы бұйрығына сәйкес, өзімізде толықтырулар мен өзгеріс­тер енгізілген бұйрықтың жобасы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді. Енді бұйрық қабылданып, жер учаскесін пайдалануға бөлу сауда-саттық аукцион­дары арқылы берілетін болады. Ауданда ауылшаруашылық және басқа жер телім­дерін пайдаланбай немесе иесіз бос қал­дырған шаруа қожалықтарының жер телім­дерін түгендеу, олардың жер телімдерін қайтару жұмыстары жүргізіліп, бақылауға алынып отырады. Өткен жылы аудан бо­йынша тексеру кезінде 4334,5 гектар жердің пайдаланылмағандығы анықталды, оның ішінде 1646,5 гектар жер телімі қайта пай­да­­лануға түскен. Осылайша, 2234 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, 454 гектар жер теліміне Алматы облыстық жер­дің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы тарапынан 79280 теңге әкім­шілік айыппұл салынды. Ауылдық округ­тердің әкімдіктері бойынша ҚР «Жер Кодексінің» 92 бабының 3 тармағының 31 тармақшасына сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учас­келеріне сараптама жасалып, ауыл­шаруа­шылық малдары тіркелмеген шаруа қо­жалықтары бойынша мәліметтер жинал­ды. Бүгінгі күні, күші бар заңға сәйкес, пай­даланусыз қалған жер телімдерін мем­ле­кетке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда, аудан көлемінде жер мәселесіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстар көңілден шығады.
– Бүгінгі қоғамымызда сыбайлас жем­қор­л­ыққа қарсы жаппай күрес жүріп жатыр. Ау­данда осы жағымсыз әрекеттердің тамы­рына балта шабу, алдын алуға бағытталған қандай шаралар атқарылып жатыр?
– «100 қадам» Ұлттық жоспардың 13 қадамына сәйкес жемқорлық қатеріне сараптама жасау жөнінде іс-шаралар жос­пары және жемқорлыққа қатысты заң­бұзушылықтың алдын алу мақсатында Жемқорлықпен күрес жөніндегі жоспарды жасап, бекіттік. Барлық мемлекеттік орган­дарда сенім телефондары орнатылып, бұқаралық ақпарат құралдарында сыбайлас жемқорлыққа арналған айдарлар ашылған. Жергілікті «Балқаш өңірі» газетінде жем­қор­лықтың алдын алу және онымен күрес жөнінде ұдайы мақалалар жария­ланып тұрады. Жыл басынан бері бұл бағытта аудан әкімдігінің ұйымдастыру, мем­лекеттік құқық бөлімі, ішкі саясат бөлімі және Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Алматы облысы бойынша де­пар­таментінің бірлесіп ұйымдас­тыруымен Бақанас ауылында мемлекеттік қызмет­керлер, мекеме қызметкерлері арасында 5 семинар, 7 кездесу өткізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесін үнемі қатаң назарда ұстап отырмыз.
– Ғалым Қасымұлы, Елбасы көтеріп отырған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясында еліміздегі мәдени өмірді өркендету жолдарына ерекше мән берілген. Осы орайда ауданның мәдени өмірі туралы не айтар едіңіз?
– Тәуелсіз еліміздің тарихи-мәдени дәстүрін жаңғырту және дамыту шараларын жүзеге асыруға, өзінің бай мәдени мұ­расымен және шығармашылық әлеуе­ті­мен Қазақстан Республикасының әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсатына жұмылдыратын «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын басшылыққа ала отырып аудан көлемінде бірнеше шараларды ұйым­дастырдық. Еліміздің мәдени саясатының тұжырымдамасында көрсетілгендей, ауданымызда ұлттық мәдени мұраны та­ныстырып, таратудың тұтастай жүйелеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағытта аудан тұрғындарына мәдени қызмет көрсету міндеттерін орындау үшін ауданда 14 мәдениет үйі, 15 кітапхана, 1 аудандық тарихи-өлкетану музейі жұмыс істеуде. Мәдениет саласының аудандық мекемелері ұлттық мұраны, мәдени құндылықтарды сақтау ғана емес, оларды халыққа тарату, насихаттау бағытында жұмыс істеп жатыр. Аудандағы мәдениет үйлерінде 71 адам қызмет етеді. Солардың арасында «Ақжү­ніс», «Халықтық» әжелер ансамбльдері, «Шырын», «Үлгілі» би ансамбльдері, «Жұл­дыз-ай» бишілер тобы ұжымдары өнерімен халықтың құрметіне бөленген. Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамын» жү­зеге асыру аясындағы аудан­дық кітап­ха­на­лардың негізгі басым­дықтары» та­қырыбы бойынша семинар өткізілді. 
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын Балқаш ауданы тұрғындары үлкен табыспен қарсы алды. Аудан еңбеккерлері облыс көлемінде танылып жатыр. Жалпыға Ортақ еңбек қоғамы идеясын алға жылжыту мақсатында «Еңбек күні» мерекесін өткізу іс-шараларының жоспары бекітіліп, «Еңбек жолы» конкурсы ұйымдастырылды. Оған ауылдық округтер, мекеме, кәсіп­орындардың атынан қатысқан жеңімпаздар үш номинация бойынша облыс деңгейіндегі конкурсқа ұсынылды. Мысалы, «Үздік еңбек әулеті» номинациясының жеңімпазы Бірлік ЖШС-ның механизаторлары, «Өндірістің үздік жас жұмыскері» номи­нация­сының жеңімпазы Құйған ауы­лын­дағы «Рыбпром» ЖШС-ның балықшысы, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясының жеңімпазы Бақтораз Бейсекбаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі облыс бойынша конкурсқа жолдама алды. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ұйым­дастыруымен бірге аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары және жұмыс іздеуші тұрғындар арасында «Жұмыспен қамту – 2020 Жол картасы» бағдарламасының бағыттары бойынша үнемі түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Өткен жылы әкімшілік аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы арқылы құрылған ақпараттық-насихат тобымен бірлесіп, Ақдала ауылының тұрғындары және «Өтес Ақдала» ЖШС-ның жұмысшыларымен егіс алқабында, Бақбақты ауылы тұрғында­рымен және «КИЗ-МТС», «Тұмар», «Ал­мер» ЖШС-ның жұмысшыларымен, Мия­лы ауылы тұрғындарымен «Динара Ранч» ЖШС-ның, «Динара» өнеркәсіп кешенінің жұмысшыларымен, Береке ауылы тұрғын­дарымен және «Тамшыбұлақ» ЖШС-ның мүшелерімен күріш алқабында кездесулер өткізіліп, «Жұмыспен қамту – 2020 Жол картасы» бағдарламасының бағыттары түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағ­дар­ла­малар бөлімімен бірлесіп бос жұ­мыс орын­дары жәрмеңкесі ұйымдас­ты­рыл­ды. «Жұ­мыспен қамту – 2020 Жол картасы» бағ­дарламасының бірінші бағыты бойынша жоспарланған 30 жұмыс орны ашылды. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша 46 азаматқа 108,0 миллион теңге несие беріліп, жоспарланған жұмыс толық орындалды.
– Әңгімеңізге рақмет! 
Сұхбаттасқан 
Қайыржан ТӨРЕЖАН