Негізгі бет  /  мақалалар  /  Тиімсіз өзгерістің қажеті қанша?

Тиімсіз өзгерістің қажеті қанша?

Айқын-ақпарат
476
Тиімсіз өзгерістің қажеті қанша? ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі 2017 жылы халыққа көрсетілетін наркологиялық және психо-неврологиялық қызметтерді біріктіруді жоспарлап отыр. Осы жайт еліміздің наркологиялық ахуалына қалай әсер ететінін айта кеткенді жөн санадық.

Қазіргі таңда синтетикалық есірткілер мен химиялық емес тәуелділіктің (компьютерлік тәуелділік, ойын тәуелділігі) белең алып тұрғаны ешкімге жасырын емес. Осындай алма­ғайып заманда тұрғындарға көрсетіліп жатқан нарко­ло­гия­лық қызметті психо-невро­логиялық қызметке біріктірсе, ол нар­кологиялық науқастар кон­тинген­тіне теріс әсер ететіні анық. Оның үстіне, Жамбыл облысында қарасораның қаптап өсетіндігінен, біздің нарко­логиялық ауру-сырқаулық дең­гейіміз Қазақстан Республикасы бойынша ең жоғары болып тұр. Сондай-ақ наркологиялық қыз­метті алғашқы медико-сани­тарлық көмекке кіріктіру мәсе­лесі қосымша шешімдерді талап етеді. Себебі, алғашқы медико-әлеу­меттік көмек базасы (ка­би­нет­тер, тіркеу бөлімі, онлайн-бағ­дар­ламаларды ақпараттық сүйе­мелдеу) науқастарға амбула­торлық қызмет пен стацио­на­р­лық және стационар алмас­ты­рушы көмектің өзара әре­­кет­тестігін реттеуге мүм­кін­дік бермейді. Қазіргі таңда бұл механизм бір жолға салынған, науқасқа маман­дандырылған наркологиялық көмек көрсетуді жақындату мақсатында жұмыс­тар жасалған. Есірткі заттарына құштар наркологиялық бейіндегі пациент ары қарай стационарға емделуге жату мақсатында ал­ғаш­қы медико-санитарлық көмекке жүгіну процедура­ла­ры­ның көптеген тізбегіне төзбейді (бір кабинеттен екінші каби­нет­ке кіру, кезекте тұру, тал­дау­лардың түр-түрін тапсыру, т.с.с.). Осыған байланысты пациентті емдеуге жатқызудың өзі пац­иент­тің туыста­рына үлкен қиын­шы­­лықтарды туғызады. 
Наркологиялық және пси­хиа­трия­лық науқастардың элек­тронды тізілімін бірік­тіру дұрыс емес деп есептейміз. Өйт­кені наркологиялық қызмет жұмы­сының ерек­шелігіне байланысты науқас­тардың құқықтық норма­ларды бұзуы себебінен (мысалы, сотталуы немесе бас бостан­дығынан айыру орындарынан босатылу) аталған тұлғалар контингентімен жұмыс істеуде қиыншылықтар туады. Сондай-ақ наркологиялық қызмет жұ­мысы құқық қорғау орган­да­ры­мен тығыз байла­нысты. Нар­­ко­­логиялық мекемелер мен ау­дандық наркологтар каби­не­ті­мен мерзімді салыс­тырып тек­се­рулер өткізіледі, сұраныстар бо­йынша мәліметтер беріледі. Со­нымен қатар әртүрлі дертпен ауы­ратын науқастар ғана емес, сон­дай-ақ сау адамдар легінің ал­ғашқы медико-санитарлық көмек деңге­йінде психикалық және мінез-құлық бұзы­лыс­тарымен ауыратын науқастармен кез­десуі орынсыз. Яғни бір емханада сон­да қарттар да, аяғы ауыр әйелдер де, жас балалар да, мүгедектер мен соғыс арда­гер­лері де, жүйкесі сыр берген науқастар мен мас­күнем, нашақорлар да емделеді. Кейде нарколог көмегіне жүгіну бары­сында нарко­логиялық контин­генттегі науқас жат қы­лықтар көрсетуі, психотикалық бұзы­лыс­тар жағдайында, алко­гольді және есірткілік мас жағ­дайында болуы мүмкін. Бұл кезегінде көптеген қиын­шы­лықтар мен мәселелер, тіпті дау-жанжалдар да тудыруы мүмкін. Барлық аталған осы жағдайлар алғашқы медико-санитарлық көмек деңге­йінде наркологиялық науқас­тарға да, нау­қастардың басқа санатына да медици­налық көмек көрсету сапасын нашар­латуы, тұр­ғын­дардың меди­ци­налық мекемелерге не­гіз­делген арыз-шағымдарын тудыруы мүм­кін. Сондай-ақ дәрігер-наркологта есепте тұратын тұл­ғаларға отбасылық-дәрі­гер­лік амбулаторияға баруға ұсыныс жа­сау­дың психологиялық сипа­ты жөніндегі сұрақ та маңызды. Себебі, көптеген па­циент­тер өз ауруының жария болмағанын қа­лайды, сондықтан оны алғаш­қы медико-сани­тар­лық көмекке бағыттау оңайға соқпайтыны түсінікті. Демек, бір ғана екі қызметті бірік­тіру саясатынан қаншама күрделі мәселелер туындайды. Еліміздің эко­но­микасына, әлеуметтік жағда­йына, медицинасына, демогра­фия­сына теріс әсер етеді. 
Экономикалық жағдайына тиімсіз тұстарына тоқталатын болсақ, психиатрия­ның дәрігер-наркологтарын қайта даярлау­дан өткізуге қатысты мамандар мәселесі бар. Бұған кемінде екі жыл уақыт керек, яғни мем­лекеттің қызметкерлерді оқы­туға жұмсайтын қаржылық шы­ғын­­дары ескерілмей қалмауға тиіс. Ал екі қызметті біріктіру біздің еліміздегі наркологиялық жағ­дайды құлдыратуы мүмкін. Халыққа көрсетілетін нарко­ло­гиялық қызметтің сапасы на­шар­­лайды, бұл дегеніміз – елі­міз­де маскүнемдер мен наша­­қорлар көбейеді деген сөз. Ал маскү­немдік пен нашақорлық жүрген жерде, әлбетте, қылмыс та кө­бейеді. Тек қылмыс саны ғана артып қоймай, есірт­кі тұтынудың ең бір қайғылы тұсы –  ғасыр дер­тінің бірі ЖИТС (жұқтырылған им­мунды тап­шы­лық синдромы) ауруының та­ра­луы да артады. Елімізде жұмыс­сыздық көбейіп, ішімдік пен есірткіге санасы улан­ған адамдар теріс ағымның арбауына қалай түскенін бай­қамай, экстре­мист­тік топтар­дың құрамына еріп кетуі де әбден мүмкін. 
Маскүнемдік пен наша­қор­лықтың белең алуынан туын­дайтын тағы бір күрделі мәселе – көптеген аурулардың кең тара­луы, дамуында ақаулары бар балалар­дың туылуының көбеюі, бұзылған отбасылар санының ар­туы, ерлі-зайыптылардың бі­рі­нің маскүнем болуына байла­нысты ажырасулар мен ба­ла­лардың толық емес отбасында тәр­биеленуі жағдай­лары­ның көбеюі. Осының бәрі нарко­ло­гиялық қызмет пен пси­хо-нев­ро­­­логиялық қызметті бі­рік­­тіру­ден пайда болатын ға­ламдық мә­селелер. Сондықтан Қазақ­стан Республи­ка­сының халқына кәсіби маман­дан­ды­рыл­ған наркологиялық көмек көрсетілуі үшін, еліміздегі ауру-сыр­қаулықтың, қылмыстың, жұ­мыс­сыздықтың төмен стати­с­ти­ка­лық көрсеткіштеріне қол жет­кізу үшін, есірткі­лер­дің та­ра­луы мен маскүнемдер және на­ша­қорлардың толыққанды ем алып, әлеу­меттік қайта оңалуына жағ­дай жасау үшін, сондай-ақ олар­дың саны кеміп, респуб­ли­ка­мыз­дағы эко­номикалық-әлеу­меттік ахуа­лының жақсаруы үшін дербес нарко­ло­гиялық қызметті сақтап қалу ауадай қа­жет. 

Жақып ЖЕКСЕМБИЕВ,
Жамбыл облыстық наркологиялық диспансерінің бас дәрігері