Басты  /  мақалалар  /  ҚОРҚЫТПАЙ МӘСЕЛЕ ШЕШІЛЕ МЕ?

ҚОРҚЫТПАЙ МӘСЕЛЕ ШЕШІЛЕ МЕ?

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
813
ҚОРҚЫТПАЙ МӘСЕЛЕ ШЕШІЛЕ МЕ? Аңдап қарап отырсақ, күшеншек қоғам жасап алған сияқтымыз ғой. Бәріміз тамақтың астынан толғап әзер сөйлейміз. Танымайтын адамды қорқыта түскіміз келеді.

Жаңа үй алып мәре-сәреміз. Әрине, пәтерге алғаш кіріп кел­ген­­дегі ала­бөтен шатты­ғы­мыз­­ды қа­быр­ғадан ұшы көрініп тұрған арматура да, сүй­кенсең денеге жұға кететін үсіген әк те азайта алған жоқ. Жиған-тергені­мізбен жөндеу жұмыс­тарына кірі­сіп кеттік. Бір айға жуық уа­қыт «же­ңіл-желпі» жөн­деп, кіріп алдық. 
Ұмытып барады екенмін, асүйдің терезесіндегі жағал-жағал сары ізді әрең кетір­генбіз. Төбеден аққан судың «сайраны» екені дереу анықталып, «келесі шаб­уыл» ұзақ күтілді. Бірақ жел­тоқ­санда қар жауып жарыт­пады, бәрібір жиыр­масынан ары қарай жауған жауын «қылмыс ізін» жасыра алған жоқ. Қайта айқындай түсті. Сөйтсек, ең үстіңгі қабат болғандықтан, ша­тыр­­дың ернеуінен аққан су тура біздің асүйдің терезесінен тамады екен де, суағар бо­йын қуалап келіп, ішке қарай «сәлем беріп» кіріп ке­леді екен. Жөн­деген же­ріміз тағы жағал­данды.
Амал жоқ, күшенуге тура кел­ді. Мен де, жарым да тамағы­мыз­дан даусымызды қоюлата шы­ғарып, үй салған компания­ның адамдарын «қорқыттық». Сөйлесіп қана қоя салсақ бір сәрі... Өзіміздің журна­лист еке­ні­мізді, тез арада келіп жаса­маса, газетке жазып, я кез келген арна­ның жаңалықтар қыз­метін ша­қырып шу шығара­ты­ны­мыз­ды айтып, қызара бөртіп тұр­ған «смай­ликті» қосып хабар­лама жібердік.
Міне, ғаламат, мұның алдын­да біздің мәдени сөз­дер тұнған өті­ніш­терімізді құлағына қыс­тыр­­маған компания өкілдері де­реу жауап қатып, ертеңгі таңнан қал­дырмай ретке келті­ретінін жаз­ып әбігер болып­ты да қалып­ты. Бұған дейінгі жүз қоңы­рауымыз, екі жүз хабарла­ма­мыз ескерусіз қа­лып еді...
Ертеңіне балаларды мектепке қам­дап жатсақ, терезе жақта бір­деңе қарая­ды. О, тоба, тоғы­зын­шы қабат­тың терезесінің ал­дын­да жанынан безіп «сер­уен­деп» жүрген кім? Жа­қын­дап келсек, мойны ұзын кранның қорабына мініп алып, екі жігіт көтеріліп келеді екен. «Аға, тапсырыс бер­ген сіздер ме? Қазір жасай сала­мыз!» деп қоя­ды. Сөйтіп, бас-аяғы бес-он минут ішінде ша­­тыр­дың кетілген жері жөн­дел­ді, су ақпайтын болды.
Жаңа үйдің есептеуіш құрал­дары да заңға сәйкес орнатыл­ма­ған екен. Оны да ретке келтірудің кү­шеніп талап етіп жатырмыз. Әйт­песе, ыстық су, суық суды кісі басына төлеп, тап­қа­нымызды құ­йып беріп оты­ратын сияқ­ты­мыз.
Сонда деймін, неге қор­қы­тып-үркітіп барып қана тырнақ қи­мылдатамыз? Неге қызмет көр­сету дең­гейі күшену арқылы ғана жақсарады?
Шахандағы құлаған үй, Шым­­кент­тегі құлаған ба­рақ... мұ­ның бәрінің аста­рында осын­дай салғырт­тық жатқан жоқ па? 
Күшеншек қоғам атқару­шы­лар­ды да күшеншек етіп жібереді екен. Қай күні үл­кен супермар­кеттің ал­дынан көлігімізді тізгін­деп шыға қалып едік, артымыз­дан ойбай-байбайлатып МАИ мәши­несі тап берді. Тік шықпай, жоғары жақтан айналып келіп бұрылуы­мыз керек екен. Иә, ме­нікі сал­ғырт­тық болды. Кінәмді мойын­дап, өтініп-ақ жатыр­мын. Капитан бетіне бүкіл әлемнің қаталдығын жиып алып, міз ба­ғар емес. Көлік жүргізу құжа­тым­нан айы­рар­ман болды. Жан қы­сылды. Газетте істейтінімді, өзімнің жұрттан ең ал­дымен, заң­­ның сақталуын талап ете­ті­нім­ді, осы жолы жазып-жаңыл­­ғанымды айтып жатырмын. Капи­танның көзі газет куә­лі­гіндегі жазуды қуалап барды да... жүрегі жылыды. Айып жазып берді, құжатымнан айырған жоқ.
Айыпты оның қасындағы шені төмен қызметкер жазды. Хаттамаға қол қой­ғызып жатып: «Аға, газетте істейді екенсіз, неге бірден айтпай­сыз? Жуас екенсіз. Басқалар болса, қырып-жойып кететін еді», дейді.
Қыл аяғы, көшедегі тәр­тіпті қадағалаушылар да күшен­шек­тіктен қорқады. «Мен бәленмін, түгенге қоңыраулатамын» деуім керек екен сонда... Демек, біздің қо­ғам заң сыйлап үйренгенше күшен­шек­тіктің дәурені жүрген үс­тіне жүре береді деген сөз.
Бұлай болмайды. Біз өмірге көз ашқан 90-жыл­дары осындай еді, арада 20 жылдан астам уақыт өтті. Ақыры, соңы болу керек қой. 
Әлде, ішіңде түк жоқ бол­са да, сыртқы пормыңды күжірей­тіп жүре берген дұрыс па? Бірақ ұр­пақ­тарымызға не дейміз? Олар­ды да соған тәрбие­лейміз бе? 
Бірақ олар соған тәрбие­леніп алды. Қазір 22-23 жас­тағы ұрпақ­ты сөзге тар­тыңызшы, он жігіт­тің кемі се­гізі күшеніп сөйлейді. Үр­діс пе, үдеріс пе, әлде дәстүр ме? Білмедім...