Басты  /  мақалалар  /  ТАЗА ҒАЛЫМ

ТАЗА ҒАЛЫМ

Айқын-ақпарат
882
ТАЗА ҒАЛЫМ Бәріміз де таза адамды жақсы көреміз. Тазалығына қарап, тазарғымыз келеді. Жа­рат­қаннан «Тазалығы жұғысты болсын!» деп тілеуіміз де мүмкін.

Біздің ағаларымыз көп. «Тазалары аз» де­сем, «бұл қалай?» деген сұрақ та туып қалуы ғажап емес...
Тазалардың ішінде академик Рах­мет­қа­жы Берсімбайдың есімі алғаш аталады. Ол кі­сіні жақын танығанымызға он жылдай уа­қыт өтіпті.
Жаңылыспасам, Рахаң туралы алғаш «Қа­зақ әдебиеті» және «Жас Алаш» газет­те­рінен оқыдым. Руханият газетіне бұрын бас­қа саланың адамы жөнінде материал өте си­рек шығатын. Егер сондай материал шық­са, бірден аңғаратынбыз – не кейіпкер ұлт­қа елеулі, не өз саласының алды. Біл­ге­німіз: Р.Берсімбай (ол кезде, әрине, «ов»-ы бар) ғылымның атақты қаласы Новосібірде оқыған, биология мен генетиканың білгір док­торы, салалық институттың басшысы екен. Жастар газеті геном туралы жаңа зерт­­теулерде Рахаңның табысы туралы а­қпа­рат бергені есімізде.
Астанада бір жиында Тіл комитетінің сол кездегі төрағасы, әріптес-досымыз Бауыр­жан Омарұлы Р.Берсімбайды сыр­ты­нан «керемет ғалым, тамаша кісі» деп көр­сетіп, бұрынғы танымымды арттырғаны да бар.
Әлбетте  талай керемет ғалым мен та­ма­ша кісілерді жолықтыра алмай, сұхбат­таса алмай жүруіміз мүмкін-ау...
2008 жылы тағдыр бізге сондай жанмен ке­зігуді ғана емес, әріптес болып жақын ара­ласуды, аға-іні ретінде сыр бөлісуді жаз­ды.
Сол жылы Еуразия ұлттық универ­си­те­тіне заң ғылымдарының докторы, про­фес­сор, жас та болса ел билігінде талай лауа­зым­ды қызмет атқарған Бақытжан Әбді­­­райым ректор болып тағайындалды да, ғылым және халықаралық байланыс жөніндегі орын­басарлыққа ҚР Мемлекеттік қызмет академиясында бірінші вице-ректор лауа­зымындағы Р.Берсімбайды шақырды.
Мен оқу-әдістемелік және страте­гия­лық  даму жөніндегі проректормын. Қызмет кабинеттеріміз қапталдас. Тіпті қабылдау бөлмеміз де бір. Уақыт тауып, жұмыс, ғы­лым, айналадағы өмір жөнінде пікірлесеміз. Ой бөлісеміз. Сонда байқағаным: Рах­мет­қа­жы Іскендірұлы өзіне  тапсырылған жұ­мыс­қа бар ын­та­сы­мен кіріседі екен. Қара­мағындағы қызмет­керлерді де ортақ іске орайымен жұмыл­дыра біледі. Жаңылыс­пасам, екі-үш айда бір «жазба дәптерін» тауы­­сады. Жоспар­ланған, оған толық­ты­рыл­ған, орын­далатын, орындалған т.б. іс­тер­ді біресе қоршап, біресе сызып, есеп-қи­сап шығар­ғандай жүйелеп отыратын...
Бастапқы күннен-ақ басшы гума­ни­тар­лық ғылымға байланысты бірсыпыра жұ­мыстарды маған жүктеді. Бұл мәселеде де Рахаңмен ұштасқан, ақылдасқан, бітірген жұмыстарымыз аз болмады.
Ұжым – айна, ұжым – алақандағыдай тә­жірибе алаңы. Сондықтан жарты жыл өт­пей бір-біріміздің қабілет-қарымы­мыз­ды, адамшылығымызды аңғаратындай жағ­дайға жеттік. 
Қазақ жігітті мақтағанда «сегіз қырлы, бір сырлы» деп жатады. Әрі бір дағдыға ай­налған нәрсе: осы сипат көбінесе өнері бар адамдарға қатысты ғана айтылады. Енді ойланыңыз: ғылым өнер емес пе? Дәстүрлі ха­лық ұғымында ол – өнердің нағыз көкесі ғой. Біз Рахаңды тани келе, осы ойға бе­кідік. «Неге?» дейсіз ғой. Жауап беріп кө­рейік.
Біріншіден, ҚР ҰҒА академигі Р.Бер­сімбай өз ғылымын, нақтырақ айтсақ, мо­лекулалық биология мен генетиканы бе­саспап-виртуоз деңгейде меңгерген бір­туар маман.
Екіншіден, қызметте де, өмірде де «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дей­тіндей, адал жүріп-тұратын адам.
Үшіншіден, өмір сан салалы, қым-қи­ғаш болса, соның бәрінде лайықты жол та­ба алатын екі адам кездессе, соның бірі – Рахаң.
Төртіншіден, «адамшылық» деген бір өл­шем бар. Оны сатып та, олжалап та, өті­ніп те ала алмайсың. Ол еңбекпен келеді жә­не оны ұстап тұратын қалып (жүрек, қа­сиет) керек. Кейіпкерімізде осы қалып бар.
Міне, төрт аяғы тең түскен бұл сипат еш­қан­дай музыкалық аспапта ойнамаса да, Р.Берсімбайды «сегіз қырлы, бір сырлы» етіп тұр.
«Жо-жоқ, бізге Рахаңның дәл сегіз қы­рын санап беріңіз!» деп қиылсаңыз, оны да айта аламыз. Генетик-академигіміз «құстың да тілін» жетік меңгеріп, әлемнің жетекші ғалымдарының бәрімен ағылшын тілінде тең сөйлеседі. Жапонның бірнеше уни­верситетінің профессоры. Қазақстанда тұң­ғыш рет Жалпы генетика және ци­тология, Клеткалық биология және био­тех­нология институттарын ұйымдастырған бі­лікті маман. Кеңес тұсында-ақ Англия, Германия зертханаларында өз саласы бойынша тәжірибе жасаған Қазақ елінің бі­рінші ғалымы. №1 қазақ тіліндегі «Гене­тика» оқулығының авторы. Біз хирш ин­дек­сі деген ұғымды білмейтін кезде им­пакт-факторлы халықаралық журналдарға 60-тан астам ғылыми мақала жариялаған зерт­теуші. ...Енді айтпайтынды айтқыза­сыз­дар, вице-министр болған алғашқы қа­зақ академигі (әлі күнге жеңіл көліктің құ­лағында ойнайтынын нешінші қырына жа­т­қызарымызды білмей тұрмыз...).
Бабаларымыз «Қызмет – қолдың кірі» деп бекер өсиет қалдырмаған, Рахаңның сан қызметінен ғалымдығы мен адам­шы­лығы Алтайдың заңғар шыңдарындай биік тұр.
«Жылқы – кісінескенше, адам – түсі­ніс­кенше», әрі-бері ойланып, академик Р.Бер­сімбайдың кім екенін жақсы тануға мүм­кіндік беретін бірер оқиғаны баяндап өтпек­пін.
Humboldt-Kolleg. Мына тақырыпшаны көріп, әрі қарай ағылшынша жүйіткиді деп қалмаңыздар. 2010 жыл еді. Бірде Рахаң әлем­нің ғалымдарын шақыратын бір шара­ны бастап кеп жіберді. Сөйтіп, ІІІ Гум­больдт-Коллег халықаралық конфе­рен­ция­сы Астанада – Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінде өтетін болып шешілді. «Күн­де жиын, күнде той» дегендей, «тойынан» ойы көп ұйымдастырулар бас­талды. Осы шараға бізді де еліткені сонша, мен осы ғылыми жиында «Алаш қайрат­кер­лері және неміс тұлғалары (ХХ ғасыр­дың басы)» атты баяндама жасадым. Жара­ты­лыстану ғалымдары ортасына түсіп кет­сем де, материалымыз өзімізге де, ола­рға да қызық болып шықты. Неге екенін қай­дам, Р.Іскендірұлы есіме түссе, осы кон­ференция ойыма орала кетеді.
Шәкіртке шарапаты. Әрі-бері жүргенде жиі байқаймын: жұмыс аяғында және жұма-сенбі күндері Рахаңда шәкірттері ке­ліп-кетіп жататын. Бұл өзі өте жара­сым­ды үрдіс еді. Әдетте проректор атаулы «ба­рып кел, шауып келдің» рөліне түсіп ке­тетіні жасырын емес. Біз осы кісінің шә­кірт тәрбиелеуіне қатты қызығатынбыз. Аға­мыздың талапшылдығы да, адамшы­лы­ғы да осы ғылыми жетекшілік-кеңесшілік істе анық байқалатын. Біз Рахаңды сыйла­ғанымыз сонша, ол кісінің бар шәкіртінен тек жақсылық, жетістік күтетінбіз.
Ұлттық аты-жөнге ұюы. Жаңылыс­па­сам, Р.Берсімбай 2010 жылға дейін орысша «Берсимбаев» болып келді. Бірде сол кез­дегі басшымыз Бақытжан Жарылқа­сын­ұлы «Біз аты-жөнімізді қисық-қыңыр етіп жүре берсек, кімге үлгі көрсетеміз» деп игілікті бас­тама көтерді. Біз бұл жағынан мәселені ертерек шешіп тастағандықтан, ұсыныс майдай жақты. Әрине, отаншылдық пен ұлттық негіз болмас, мұндайда сылтау таба­тындар жеткілікті. Рахаң нағыз азамат екен! Орыс, ағылшын тілдерінде бұрынғы фа­милиясымен қаншама кітап, мақала жаз­са да, ұрпақ үшін, ел үшін өзгелерге өне­ге болсын деп, ұлттық аты-жөнге көшті. Сөй­тіп, бірер аптада Еуразия универ­си­тетінде Бақытжан Жарыл­қа­сынұлы Әбдірайым, Рахметқажы Іскендір­ұлы Берсім­бай, Лаура Алтайқызы Есмұхан сынды ұлт­тық аты-жөндері жарқырап көрінді. Бұл үде­ріске ілесуі тиіс түбі омбылық Зиябек   Ка­бульдинов «атамды Қабдолла дейін бе, Қабылда дейін бе?» деп мүмкіндік таба алмай қалғаны өкінішті-ақ... Бір қызығы, Рахаң да, Лаура да Ресейде туған еді (соң­ғысы Сарытау – Саратовтан). Біз сол жолы ақсақал жасындағы Р.Берсімбайдың тәуе­келшілдігіне қатты риза болдық.
Талап тұғыры. Жалпы гуманитарлық ға­лымдарға қарағанда, жаратылыстану ға­лымдарының талапшылдығы оқ бойы озық. Біз мұны Рахаңнан көрдік. Жұмыс ба­рысында ғалым-басшының қатаң талап қойып жатқанын талай мәрте көрдім. Со­нымен бірге, ол кісі «шарт кететін». Бір­не­ше мәрте «егер біреу мені алдаса, сені­мім­нен шықпаса, кемшілігін бетіне айтамын да, ондайларды маңайымнан аулақ ұстай­мын» деп айтқанын естіген едік. Сонымен бірге, таза, қағидатшыл адам ұрыс-керіске жоқтау болып келеді... Бір жол Рахаң ішкі телефонмен хабарласып, «Диқа (мені осы­лай дейді), маған келіп кетші» деді. Ка­бинетіне барсам, өзімізде бір құрылымды басқаратын, кеше ғана PhD қорғаған біреу академикпен қақшаңдап ұрсып тұр. Әй, пендешілік-ай, десеңізші, әлдекімнің қол­дауына сүйенген соң, «тілі шыққан». «Ға­лым бола алмайсың» дедіңіз – болдым, «жұ­­мыс істей алмайсың» дедіңіз – қазір бәрі мені үлгі етеді» деп бетінен зәрі шы­ғады... «Әй, ұят емес пе? Қой!..» десек, біз­бен жағаласуға да бейіл... Қайран тап-таза ғалымдық қасиет-ай, десеңізші! Сонда Рахаң «Мұндайларға не айтуға болады?!» деп ашуға булыққанын да, пәленің алдын­дағы шарасыздығын да жасыра алмады... Осы оқиға есіме түссе, академиктің адал­ды­ғы, тазалығы көз алдыма келе береді. Мұ­ны аталарымыз бір ауыз сөзге сыйдыр­ған – «Пәледен машайық қашыпты!..». 
Қосағашқа қамқорлығы. Р.Берсімбай бү­гінгі Ресейдің Таулы Алтай өлкесінде, Қосағашта өсіп-жетілген. Жеті сыныпты ауылда оқып, одан кейін Горно-алтайск қаласының педучилищесінде білімін же­тілдірген. Әрі қарай Новосібір ғылым ас­қары басталады. Заманның қиын кезі. Тәуір жол жоқ. Өлке орталығынан оқудан демалысқа келерде ата-анасы жіберген ат-шана жас Рахметқажыны ауылдан 150 шақырым жерден күтіп алады екен. Қо­сағаш – орыс Алтайындағы қазақтың қос жанары сынды жер. Бәрі де күрес: өмір де, өнге де. Рахаң Новосібірден Алматыға кө­шіп, 10-15 жылда әлем ғылымын бағын­дыр­ды. Әрине, бұл дабыс туған ауылына да же­тіп жатты. Жыл өткен сайын «асыл ағам!» деп іздеушілер көбейді... Біздің бай­қағанымыз: академик Р.Берсімбай Қо­сағаштан шыққан талантты балаларға әр­қашан көмек қолын созады. Ақыл-кеңес бе­р­іп, жарқын болашағына жол сілтейді. Бір­де Астанада «Таулы Алтайдың елорда тойына тартуы» атты керемет шара өтті. Осы­ны жуан ортасында Қосағаш ау­да­ны­ның әкімі Әуелхан Жатқанбаев пен ака­де­мик Рахаң жүрді.
Аймауытұлын ардақтауы. Біз әдебиет класс­игі Жүсіпбекті айтып отырмыз. Талай мәр­те байқайтынбыз: Рахаң қазақ газет-журналдарын, кітаптарын жүгіртіп емес, бе­ріліп оқитынын. Тез қараңғылық түсетін қыс­тың бір кешінде әйнегі көп кабинетінен сыртқа көз тастай отырып, Жүсіпбек Ай­мауытұлын судыратсын... «Өскеменнің ар жағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күр-күр еткен Күршім бар. Ал­тай, Күршім – не заманнан калың най­ман мекені. Сол Алтай мен сол Күр­шімнің қысы қыспақ, жазы самал. Күн жылт етсе, төрт түлік мал қарағайлы қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін ай­ма­ласып, тыраңдасып, мәйек басып, ма­мыр­ласып жатқаны. Қарт Алтайдың қақ ба­сында, алақанның аясында, бал татыған ай­на сулы, түрі де аспан, сыры да аспан, ша­рап сулы Марқакөлі. Марқакөлді алқа­ла­ған – ақ ауылды Алтай елі. Алтай елі – ал­ты ай жазы тау еркесі – киік болып, өзге ел­дерден биік болып, Марқакөлдің са­малында сайран етіп жатқаны...». Түу, поэ­зия дерсің! Біз Жүсекеңнің көптомдығын даяр­лаған ғылыми-шығармашылық топтың өкілі ретінде мына құбылысқа таңғалдық. Аймауытұлын оқып-тоқып тұр­ған гуманитар емес, биолог-генетик ғалым! «Шүкір!» дестік. Әрине, «Ақбілекте» Рахаң туған Алтай табиғаты тамылжыта сурет­тел­ген. Ғалым романды осы үшін ғана оқыды дейін десең, кейіпкеріміз терең-терең мә­се­лелерге бойлайды... Оның арғы жағынан ұлттану, дәстүртану елесі аңғарылады.
Мәдениеті мен жарқын күлкісі. Мә­дениеттің сан түрлі анықтамасы бар. Бірақ соның ішінен бір анықтаманы таппайсыз. Ол – «қазақ ғалымының мәдениеті» деген ұғым. Егер осы туралы бізден сұраса, еш сас­пастан «мысалға Р.Берсімбайдың мәде­ние­тін алайық...» деп жол тауып кетуіміз ға­жап емес. Ол кісі Ресей мен Қазақстан, Ба­тыс пен Шығыс арасын оқып-тоқып, іс­сапарлап жүріп, жақсы-жайсаңдармен араласа келе, бойына әдемі үлгілерді жинағандай көрінеді. Ұлт дәстүрін біледі, айналасына еуропаша қарай алады, дипломатиясы дараланған, сабырлылығы сараланған. Ұстанымы ұғынықты. Үлкен­мен де, кішімен де өре өрісін өрнектей алады. Ра­хаңның біз сөз етіп отырған қасиетін то­лықтыратын бір штрих бар. Ол – күлкісі. Ол кісі шын ықыласымен күл­генде, қазақ қалам­герлері әлі суреттеп үлгермеген «рия­сыз күлкінің» нобайын байқаймыз. Рахаң­ның күлкісінде колорит бар. «Оның негізі не?» дейсіз ғой. Алып денесі, соған сай пі­шіл­ген қазақы (әлбетте түркілік) ант­ропологиясы. Еуропада бір сөз бар: «Жақсы күлген адам – жақсы адам» деген.
Біз жақсы ағаларға жақын жүруге ты­ры­сатындардың сойынанбыз. Жоғарыдағы ой-тұжырымымыздан Рахаңды қалай ба­ғалайтынымызды ұққан шығарсыздар. Әріптес проректор кезімізде ол кісімен жиі шүйіркелесетінбіз. Аға-ініге ақыл айтса да, асып айтса да жарасады. Сонда үш ба­ғыт­та­ғы: 1) Алтай цикліндегі отбасы, әулеті ту­ралы; 2) ғылым мен басқару тәжірибесі ту­ралы; 3) шәкірттері туралы әңгімесін ұна­тушы едік.
«Ауылымыз Ресей Алтайында демесек, бір-ақ көрші орыс болды. Оны үлкендер «Рі­бін» дейтін. Оның өзі қазақыланып кет­кен. Әкелеріміз мықты болса керек, 7-сы­нып­қа дейін Қазақстаннан кітап алдыртып, таза қазақша оқытты. Майдангерлер сабақ берді. Көбіне мұғалімдер Семей пединс­титу­тын бітіріп келеді. Әкем Іскендір 1906 жы­лы туған. Соғысқа қатысып, Польша ескі астанасы Краковте қатты жараланған. Бір қолын сол соғысқа беріп қайтып еді. Ауы­лымыздың аты – Жазотыр. Жеті ата­мыз осында ғұмыр кешкен. Жәшікбай де­ген бір немере атам Құнанбаймен бірге қа­жылық парызын өтепті... 10 жасымда әкем мені туысшылатып, бүгінгі Қазақстан же­ріне, Рахман бұлағы маңындағы ағайын­дармен таныстырды. Жадым фотоаппарат дер­сің, сол оқиғаның бәрін қолмен ұста­ған­­дай білемін. Әкем парасатты жан еді. Ба­­лаларының бәрін оқытып-тоқытты, жақ­сы тәрбие берді. Мектепке барған ша­мада төтеше (А.Байтұрсынұлы жазуы) үй­реткені де есімде. Біз сонымен кейін хат жазысып жүрдік...» деп балалық шағын бір бар­лап кетсе, тағы бірде Алматының ру­ханият мектебімен байланысын былайша жеткізген-ді: «Профессор Рахманқұл Бер­дібай бірде өзі хабарласып, М.Әуезов музей үйі жанындағы Халық университетінде «Алтай асқан қазақтар» атты дәріс оқып беруім­ді сұрады. Жақсылап даярланып, тіпті Алтай сырмағы сынды этнографиялық бұйымдар да әкеліп, астана зиялыларына таныстырдым. Айтқандайын, Қосағашта ел басқарған ағаларым кейде «біздің колхоз төрт мемлекетпен – Қазақстан, Моңғо­лия, Қытай және Ресеймен шекара­ласады» деп қалжыңдайтын...».
Рахаң үш шәкіртін аузынан тастамайды: бі­ріншісі – Дос Сарбасов, екіншісі – Рүстем Омаров, үшіншісі – Амангелді Би­­­сенбаев. Үшеуі де биология мен генетика са­ласының тамаша ғалымдары. Алғашқы екеуі АҚШ-тың Техас университеті зерт­ханаларында қызмет істеген. Соңғысы – ең жас ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі. Ға­лым бұлармен жиі хабарласып, пікір ал­масып тұрады. Рүстем Рахаңның шақыруы­мен Еуразия университетіне келіп, тұ­рақтап қалды. Біз осы жігіттермен дидар­ла­сып, сөйлесіп (қызмет барысында хат жа­зысып) көрдік. Үшеуі де білікті, пара­сатты. Дос тіпті хаттарында дана Абай сө­зінен ой сабақтап отырады... Рүстем қатты науқастанғанда, жетекшісі жан ұшырып жәрдем еткені де есімізде... Амангелді – ұлт дәстүріне, тағылым сабақтастығына жақын азамат. Әрине, бұлардың сыртында ака­де­миктің біз танымасақ та, жұрт танитын шә­кірт­тері аз емес. Ұстаз тәлімі, шәкірт пары­зы Рахаң маңында жарасымды әрі еу­ро­палық сипатта.
Қысқасы, ғалымның бұл бағыты да баян­ды деп санаймыз.
Рахметқажы Іскендірұлы Құдай бұйырт­­қан жасқа шықты. Халыққа абы­рой­­лы, әріптеске беделді. Академиктің елде де, шетелде де маңдайы ашық, жүзі жар­қын. Өйткені біліміне, білігіне, ғылы­мына сенімді. Ал ар тазалығы – қашанда адам­ның айнасы.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, 
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, 
филология ғылымдар докторы, 
профессор