Басты  /  мақалалар  /  Нағыз әскери журналист

Нағыз әскери журналист

Айқын-ақпарат
1705
Нағыз әскери журналист

Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының және Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтардың иегері, запастағы полковник Сағидолла Сиқымбайұлы биылғы Тауық жылының басында өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. 

Сағидолла Сиқымбайұлы 1993 жылдан бастап ұзақ жылдар бойына Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің апталық басылымы «Отан сақшысы – Часовой Родины» газеті бас редак­торының бірінші орынбасары – Қазақ редакция­сының редак­торы болып қызмет атқарды. Оның шығармашылық із­денімпаздығы мен редак­торлық шеберлігінің арқасында «Отан сақшысы» газеті қазақ­стандық шекарашыларды рухани шыңдап, егемендігімізді ны­ғайту мен мемлекеттік ше­карамызды бүтіндеуге өзіндік үлесін қосып, шекара қауіп­сіздігі саласында атқарылып жатқан қауіп-қатерге толы тынымсыз жұмыстар туралы халыққа айтары мол басы­лым­дардың біріне айналды. Елу жыл бойы тек орыс тілінде шығып келген «Часовой Ро­дины» газеті Сағидолла аға­мыздың табан­дылығы мен көп еңбек сіңір­гендігінің арқасында «Отан сақшысы» болып мем­лекеттік тілде де шыға бастауы оның үлкен табыс­тарының бірі деп айтуға толық қақымыз бар.
С.Сиқымбайұлы кабинеттен шықпайтын редактор емес еді. Ол тәжірибелі журналист ретінде кәсіби іссапарларға жиі шы­ғатын, 1990-жылдардың басында тыныштығы кетіп тұрған тәжік-ауған шекарасына үш мәрте барып, әскери-саяси хал-ахуал­мен бетпе-бет таны­сып, ұжым­дық қауіпсіздік күштері құ­рамындағы қазақ­стандық ше­ка­­­рашылардың тыныс-тір­ші­лігі жайлы арнайы репор­таждар жасағанын ерек­ше атап өткеніміз жөн. Алтай мен Аты­рауға дейінгі аралықты алып жатқан, жер көлемі бойынша әлемде тоғы­зыншы орын ала­тын, салыстырып айтсақ, бес Франция немесе то­ғыз Италия жеріне тең, кең-байтақ Қазақ­станның он бес мың шақырымды құрайтын мем­ле­кеттік шека­расын С.Сиқым­байұлы ерсілі-қарсылы кезіп, далалық репор­таждарын жаса­ға­нын біреу білсе, біреу білмес. Осын­дай шығарма­шылық еңбе­гінің нәтижесі оның «Ел шетінде ерлер жүр» атты моногра­фия­сында егжей-тег­жейлі баян­далып, фото­фак­ті­­лермен негіз­делген. Аталған газет тек шекара істерімен ғана шектелмей, пат­рио­­тизм мен ұлттық рухты на­си­хаттау жо­лында ізгі дәстүрді жал­ғас­­тыра отырып, халықтың кө­ке­йіндегі ойды дөп басатын құн­ды дүние­лерді алуан қыры­нан қамтып, өз оқырман­дарынан жоғары баға алды. Көпұлтты Қа­зақстанның баға жетпес бай­лығы – халықтар достығы. Осы­нау киелі істі насихаттауда, жас­тарды Отан­ды сүюге тәрбие­леуде, басылым өзіндік үнімен танылды. Өйт­кені редактор-журналист ретінде С.Сиқым­байұлының ай­ны­мас кредосы бар еді. Оның ұстанымы бойынша баспасөз – тек ақпарат таратушы құрал ғана емес, мем­лекет саясатын саралап, ұлттық идео­ло­гияны ұлықтаудың тетігі, қоғамдық пікірді қалып­тасты­рудың қайнар көзі. Біздің Сәкең елімізде журналис­тиканың кенжелеп қалған саласы – әскери журналистикада алғаш түрен салғандардың санатына жатады. Тәуелсіз еліміздің әскери журналис­тикасын кәсіби тұрғыда дамы­туда алғаш­қылардың бірі болып көзге түсті. Осы салада тек бір өзі ғана қалып қоймай, ондаған шәкірттер тәрбиеледі. Сол ізбасар-шәкірттерінің қата­рында бүгінде еліміздегі әскери журналистиканың арбасын одан әрі сүйреп жүрген кәсіби әскери журна­листер полковник Кенже­бек Сейт­мұхамедов, подполков­никтер Бірлік Ақшолақов, Тамара Дәулет­баева, майор Лаура Бег­лова, капитандар Жанат Жабыр­беков, Арман Әубәкіров, Дархан Сейтовтар бүгінде өз ісінің білгір маман­дары, есімі елге белгілі әскери журналис­тер. Сағидолла ағамыз «Халқы­ңа еңбек ету – адамдық боры­шың» деп ғұлама Шәкәрім Құдай­бердіұлы айт­қандай, еліміздің Шекара әске­рінің қалыптасуы мен дамуына аянбай еңбек етіп, халыққа қызмет етіп, тәуел­сіздікті нығайтуға бір кісідей атсалысты. Әскери журналистік қызметте аға лейтенанттан полковник шеніне дейін жетіп, запасқа шыққа­нымен өзінің сүйікті шығар­машылық ісімен – журналис­тикадан қол үзген жоқ. 2012 жылдан бастап «Қазақ­станның жер ресурс­тары – Земельные ресурсы Казахстана» журна­лының бас редакторы болып қызмет атқарып келеді. Тұла бойы қазақы тектілікке толы жаңа редактор аз уақыт ішінде жер ресурстары туралы ғылыми-көпшілік және ұлттық нақыш­тағы танымдық ма­те­риал­­дармен журналдың маз­мұнын байытып, оқырман қауымға тартымды ете білді. Журнал беттерінде Қазақ­стандағы жер проблемалары туралы өткір мақалалар жария­ланды, индус­триялық-инно­вациялық дамумен қатар, эколо­гиялық апатты аймақтар мә­се­лесі де назардан тыс қал­мады. Осы­лайша, С.Сиқым­байұлы әскери журна­лист ре­тін­де туған жерді қалай қорғаймыз, ше­караны қалай бүтіндейміз деп қалам тартса, бейбіт өмірде жерімізді қалай ұтымды пайда­ла­намыз, жер ресурстарын сақтау, үнемдеу, заңдастыру, құрылыс жүргізу, ауыл­шаруа­шылық мақсатында дұрыс қол­дану сияқты қайнап тұрған про­б­ле­малар туралы жазатын жур­налистке айналды. Яғни, С.Сиқымбайұлына жан-жүрегімен туған жер тағдыры туралы жаза­тын тарлан жур­на­лист деп баға бе­руімізге болады.

Сейілбек МҰСАТАЕВ , 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы