Негізгі бет  /  мақалалар  /  НАЗЕЛЬ ТЕГІН ДӘРІГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

НАЗЕЛЬ ТЕГІН ДӘРІГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана
1046
НАЗЕЛЬ ТЕГІН ДӘРІГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ Церебралды сал ауруына ұшыраған баласына тегін берілуі тиіс дәріге қол жеткізе алмай жүрген ана «Нұр Отан» партиясына көмек сұрап келді. Партияның араласуынан кейін ғана бес айға созылған мәселе оң шешімін тапты.

«Назель – біздің тұңғышымыз. Оның денсаулығы үшін қатты алаңдаймыз, қызымның қиналғанын көру маған ауыр тиеді. Бес жастағы балам отыра алмайды, еңбектей де алмайды, жүрмек түгілі, басын көтере алмайды. Қандай тамақ ішкісі келетінін де айта алмайды. Соның бәрі жаныма батады» дейді көзіне жас алған Назельдің анасы Алмажан Өте­генова. 
Бауыр еті баласының дерті асқынған сайын жаны күйзелетін ана тегін берілуі тиіс дәрілердің таусылғанын естігенде, тіпті қиналды. Қиналса да қымбат дәріні сатып алып беріп жүр. Бірақ бағасы ұшып тұрған дәрі отбасы бюджетіне салмақ салып тұр. Себебі, үш бала өсіріп отырған бұл отбасында жалғыз адам – отағасы ғана жұмыс істейді. Айлығы шайлығынан аспай отыр: жалақысының бір бөлігін жалдап отырған жатақхана бөлмесінің жал ақысына төлейді. На­зельдің еміне керек деген «Кеппра» мен «Конвулекстің» бір қорабының өзі 11 мың теңге тұрады. Назель бұл дәрілердің ай сайын екі қорабын қабылдауы керек екен. 
– Біз бұл дәрілерді шілде айына дейін тегін алып келген едік. Бірақ одан кейін базада бұл дәрі жоқ деген жауап алдық. Содан бері өзіміз сатып алып беріп жа­тыр­мыз. Бірақ оған да шамамыз келмей қойды. Кейін бір кісілердің кеңесіне құлақ түріп, партиядан көмек сұрау үшін қоғамдық қабылдауға жазылдым. Онда­ғылар мәселемізді мұқият тыңдады. Осы кездесуден соң дәрілерді тегін алуға қол жеткіздік, – дейді Назельдің анасы. 
Біз сөзге тартқан «Нұр Отан» пар­тиясы Астана қалалық филиалы қоғам­дық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Марал Елеуқұлованың айтуынша, соңғы уақытта балалары ауыр дертке шал­дыққан ата-аналардың партиядан көмек сұрап келуі жиілеген. 
«Партияға көп жағдайда әлеуметтік мәселелер бойынша көмек сұрап келеді. Әрине, басты мәселе – баспана. Десек те, ауыр науқасқа душар болған балалар­дың ата-аналары күнде келеді деуге болады. Бұған Астанаға ағылған көштің де ықпалы бар-ау деп ойлаймын. Себебі, аймақтарда балаларына тиісті ем-дом ала алмаған ата-ана Астанаға қоныс аудар­ғанды жөн көреді. Өйткені бас қала­мызда, салыстырмалы түрде алғанда, медициналық қызмет сапасы анағұрлым алда ғой. Міне, сол ата-аналар балала­рының емі үшін квота мен дәрі-дәрмек алуға ықпал етуімізге өтініш айта келеді. Біз де өз тарапымыздан мәселенің ше­шілуіне күш саламыз» дейді М.Елеу­құлова.