Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жастар жазушымен жүздесті

Жастар жазушымен жүздесті

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
1217
Жастар жазушымен жүздесті

«Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанатының Алматы қаласы Бостандық аудандық бөлімшесінің ұйымдастыруымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, бірнеше тарихи романдардың авторы Қабдеш Жұмаділовпен кездесу өтті.

Әдеби шараға зиялы қауым өкілдері, университет ұстаздары, Алматы қалалық «Жас Отан» Жастар қанатының бел­сенділері мен БАҚ тілшілері қатысты. Өзара еркін пікір алмасу түрінде өткен шығармашылық кеште оқырмандар көкейде жүрген сауалдарын қойып, оған жазушы тарапынан жан-жақты жауаптар берілді. Сондай-ақ жүздесу барысында көрнекті қаламгердің шығармашылық жетістіктері кеңінен қозғалып, өмір жолына шолу жасалды. Бірегей талант 1956 жылы Шәуешек гимназиясын бітіріп, жолдамамен ҚазҰУ-ға оқуға түскенін әңгімеледі. Алайда 1958 жылы Қытай үкіметі органдары кері шақырып алады. 1962 жылы Бақты шекарасын бұзып өткен қазақ жастарымен бірге Қазақстанға біржола оралып, білімін қайта жалғастырыпты. 1965 жылы атал­мыш университетті бітіріп, түрлі ба­сылымдарда тер төгеді. Мемлекеттік қызмет атқарған уақыттары да болыпты. Дегенмен 1981 жылдан шығармашылық жұмысқа түбегейлі ден қойғанына тоқталды. 80 жылдық ғұмырында оқыр­мандарына 10 роман, 21 хикаят, 70 әңгіме жазып, ұсынған екен. «Қаздар қайтқанда», «Соңғы көш» диалогиясы, «Көкейкесті», «Сары жайлау», «Арғы­мақ­тар», «Атамекен» және басқа көп­теген шығармаларын жұртшылық өте жылы қабылдаған. «Дарабоз» тарихи романы қалың оқырманның осы күнге дейін сүйіспеншілікпен іздеп жүріп оқитын кітабына айналды. Шоқтығы биік тағы бір шығармасы – «Тағдыр» романына ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Сондай-ақ қазақ әдебиеті мен мәдениетін рухани дамытуға сіңірген еңбегі үшін Қазақстанның халық жазу­шысы атанды. 
Қабдеш Жұмаділовтің шығармалары шетелдік оқырмандарға да жақсы таныс. Орыс, украин, белорус, өзбек, ұйғыр, қырғыз және басқа тілдерге көптеп аударылған санаулы жазушының бірі. 
Автордың негізгі еңбектері 2003–2004 жылы «Қазығұрт» баспасынан басылған «Он екі томдық» шығармалар жинағына топтастырылған. «Парасат» орденінің иегері. Тарбағатай, Үржар және Аягөз аудандарының Құрметті азаматы.
Кездесуге қатысушылар қаламгердің кітап көрмесін де тамашалап, алдағы жұмыс жоспарымен кеңірек танысуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар сту­дент­тер қаламгердің өз аузынан түрлі тақырыпта ғибратты әңгімелер тыңдап, өмір тарихындағы қызықты оқиғаларға қанықты. Көкейдегі сұрақтарын қойып, өз өнерлерін ортаға салды. 
Жазушының пікірінше, өзге жұрттан озық ойлы, білімді, білікті, тәрбиелі азамат болып қалыптасу үшін әдебиетті көп оқу керек.
– Жалпы, мәдениет гуманитарлық ғылымдар арқылы қалыптасады. Жастар өздерінің мамандығы шең­берінде шектеліп қалмай, әлемдік әде­биетті де көп оқып, ізденгені жөн, халықпен кез келген та­қы­рыпта пікір­лесе алатындай дәрежеге жеткенде ғана, олар нағыз жоғары білімді мамандар болып шыға алады, – деді Қ.Жұмаділов.
Соңынан студенттер жазушымен бірге фотосуретке түсіп, белсенділік та­нытқан жастарға кеш иесі авторлық туындыларын тарту етті. Әдеби көпшілік шараны ұйымдастырған «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалы тарапына да жылы лебіз білдіріп, алғыс айтты. 
Естеріңізге сала кетсек, «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында студент­тердің жазушымен жүздесуі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырма­сымен жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану, Отанға деген сүйіс­пеншілігін арттыру және өскелең ұр­паққа жақсы үлгі өнеге көрсету мақ­сатында қолға алынды.