Негізгі бет  /  мақалалар  /  Кәсіпкерлікті дамыту партия назарында

Кәсіпкерлікті дамыту партия назарында

Айқын-ақпарат
1229
Кәсіпкерлікті дамыту партия назарында «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы кәсіпкерлікті қолдау бағытында құрылған аймақтық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Жиынды кеңес төрағасы, облыстық кә­сіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов жүргізді. 
Отырыстың күн тәртібіне аймақта «Биз­нестің жол картасы – 2020» бағдар­ламасының орындалу барысы мен «Жұ­мыспен қамту жол картасы – 2020» бағ­дарламасының екінші бағытына сәйкес атқарылған жұмыстар туралы мәселелер ұсынылып қаралды. 
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойын­ша облыстық кәсіпкерлік және ту­ризм басқармасы басшысының орын­басары Ғалымжан Мұстафаев хабарлама жасап, бағдарламаны жүзеге асыруға өткен жылы республикалық бюджеттен 1 млрд 675 млн 688 мың теңге қаражат бө­лінгенін, бұл 2015 жылмен салыстырғанда екі есеге көп екендігін атап өтті. Сондай-ақ басқарма басшысының орынбасары бүгінгі күнге дейін бағдарлама іске асы­рылған сәттен бастап, яғни 7 жыл ішінде кредиттік портфелі 29 млрд теңгені құ­райтын 402 жобаны субсидиялау үшін мақұлданса, 2016 жылы 5,8 млрд теңгені құрайтын 82 жоба мақұлданғанын да айтты. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің несиесі бойынша ішінара кепілдік 149 жобаға ұсынылса, оның 48-і өткен жылы жүзеге асырылған. 
Екінші мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Жанар Дәулетбаева баяндады. 
Оның айтуынша, бағдарламаның екін­ші бағыты, яғни кәсіпкерлік баста­маны ынталандыруға өткен жылы рес­пуб­ликалық бюджеттен – 1766,7 млн теңге қаржы қаралып, оның ішінде ша­ғын несиелендіруге – 435 адамға 1761,3 млн теңге, кәсіпкерлік негіздеріне оқы­туға – 115 адамға 5,4 млн теңге бөлінген. Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курста­рында 132 адам оқып, 5,3 млн теңге қаржы игерілді, соның ішінде 20-сы ша­ғын несие алған. 
Сондай-ақ бөлім басшысының ай­туынша, 2016 жылы «Нұр Отан» партия­сының қолдауымен жүзеге асқан пар­тияның «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы бойынша 243 адам 920,0 млн теңге қаржыға несиелендіріліп, оның – 110-ы өз кәсібін ашқан. 
«Жалпы, «Жұмыспен қамту жол кар­тасы – 2020» бағдарламасының екінші бағытына сәйкес несие алған азаматтар – ауылшаруашылық саласы бойынша – 75,2%, көлік және қоймалауға, көлік тасымалдау – 15,4%, қызмет көрсету – 5,4%, өңдіріске – 3,3%, тағы басқаларына салалары бойынша 0,7% пайызды құрап отыр» деді Жанар Дәулетбаева.
Кеңес отырысына Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Мәжілісінің депу­таты, заңнама және сот-құқықтық ре­фор­ма комитетінің мүшесі Балайым Ке­себаева, облыстық басқарма басшы­лары, шағын және орта бизнес өкілдері, бастауыш партия ұйымдарының жетек­шілері, партияның аймақтық, аумақтық филиалдарының жауапты қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 
Жиын барысында сөз алған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігін тілге тиек етіп, осы бағытта мемлекет тарапынан бөлінген әрбір қаржыны тиімді, мақсатты жұмсауды атап өтті. 
Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралып нақты шешімдер қабылдады. Жиынды қорытындылаған кеңес төраға­сы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп кәсіп­керлікті барынша дамытуда қоғамдық кеңестің алдына бірқатар міндеттер қойды.