Шалғай ауыл тұрғындарының өтініштері тыңдалды

Қабылдауға алғашқы болып кірген ауылдың клуб меңгерушісі – Байқоңыр Қожамжаров. Ол бірнеше мәселемен келіпті.
– Біріншіден, жастарымыз теріс діни ағымға ермеу үшін ауылға мешіт салуға көмек сұрай келдім. Екінші мәселем, 1998 жылдан бері жөндеу көрмеген ауыл клубына жөндеу жүргізілсе деймін. Сондай-ақ клубта күзетшіден басқа жалғыз өзім жұмыс жасаймын. Қосымша штат бөлінсе деген тілегім бар, – деді ол.
Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Блиев 1100 тұрғыны бар ауылға мешіт салу қажеттілігіне зерттеу жүргізетінін, биыл клубты жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге қаржы бөлінгенін айтты. Сондай-ақ аудандық мәдениет бөлімі басшысымен хабарласып, штат мәселесін шешетінін мәлімдеді.
Күмісханым Айтбаева қоғамдық қабылдауға жұмыс мәселесімен келіпті. Айтуынша, былтырдан бері «Қазпошта» бөлімшесінде толық емес жұмыс уақыты жағдайында жұмыс жасайды. Жүргізуші қызметіндегі жолдасының жалақысы да мардымсыз. Отбасында 3 бала бар.
Аудан әкімінің орынбасары мәселенің шешілуін бақылауға алатынын айтты.
Айта кетейік, көшпелі қоғамдық қабылдау бүгін Қайрақты ауылында жалғасады.