Әскерилер Универсиадаға әзір

Қазір республикамыздың бірқатар өңірлерінің спортшылары және түрлі ұйым мүшелері жарысқа қызу әзірленуде. Солардың қатарында Қорғаныс министрлігіне қарасты Армияшылардың орталық спорт клубының (АОСК) өкілдері де бар.
– Алматыда Дүниежүзілік Универсиада өтеді деген жаңалықты барша қазақстандықтар жылы қабылдады. Бұл – ел спорты тарихындағы елеулі оқиға. Себебі, әлемдік деңгейдегі осындай кешенді жарыс бұрын-соңды республика аумағында өтпеген. Студенттер арасындағы бұл сайыста 57 мемлекеттен келген 2 мыңға жуық спортшы қатысады. Олар 12 спорт түрі бойынша түрлі жүлделерді сарапқа салады. Сол күндері әлемнің әр қиырынан келген сан мың турист Алатау баурайына ат басын бұрады деп күтілуде. Барлығы да өз жерлестеріне жанкүйер болуымен шектеліп қалмай, әсем шаһарымыздың көрікті жерлерін аралап, Қазақстанның тамаша табиғатына тамсанып қайтады. Осының өзі әлем қауымдастығы алдында мемлекетіміздің мәртебесін өсіретіні даусыз, – дейді Армияшылардың орталық спорт клубының төрағасы Расул Мейірманов.
Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар да бұл шарадан шет қалып жатқан жоқ. АОСК сапындағы 9 спортшы Дүниежүзілік Универсиадада бақ сынайды. Олар үш спорт түрі бойынша өнер көрсетеді. Мәселен, биатлоншылар бәсекесінде Алина Райкованың жолына барша жанкүйерлер үлкен үмітпен қарап отыр. Кіші сержант деген әскери шені бар Райкова осыдан екі жыл бұрын Словакияда өткен қысқы Универсиадада алтыннан алқа тағынған болатын. Ол 15 шақырымдық жекелеген сайыста алдына жан салмады. Ефрейтор Анна Кистанова сол жарыстың аралас эстафетасында күміс медальді мойнына ілді. Одан бөлек, Кистанованың Азия біріншілігінің күміс жүлдегері деген атағы тағы бар. Әлем чемпионаттарына қатысып, түрлі халықаралық жарыстарда жүлде алған Максим Браун, Антон Пантов, Дария Усанова және Василий Подкорытов сынды саңлақтарға артылар сенім зор. Осы өрендердің барлығы да 2015 жылғы Дүниежүзілік Универсиадада жеңіс тұғырына көтерілген.
Шаңғышылардың сайысында Сергей Малышев пен Марина Матросова өнер көрсетеді. Бұл спортшыларды жеке-жеке таныстыратын болсақ, 22 жастағы Малышев 19 жасында жасындай жарқырап, Италияның Трентино қаласында өткен қысқы Универсиадада бас жүлдені қанжығасына байлады. 2012 жылы ол жасөспірімдердің әлем біріншілігінде күміс және Дүниежүзілік Олимпиадада қола медальді иеленді. 26 жастағы Марина Матросова халықаралық аренада көптен бері атой салып жүрген сақа спортшы. 2013 жылы ол Дүниежүзілік әскери-спорттық ойындар мен қысқы Универсиадада үшінші орынға табан тіреген.
Талай байрақты бәсекеде жүлде алған шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы бұл жолы алтын тұғырға көтерілуді көздеуде. Сол команданың сапында қатардағы жауынгер Дамир Рыспаев өнер көрсетеді. Құрлықтық хоккей лигасында Астананың «Барыс» клубы сапында біраз тәжірибе жиған қазақтың жүректі азаматы Алматыдағы Балуан шолақ атындағы спорт сарайының мұз айдынында да өзінің өрелі өнерімен көпшілікті қуантады деген ойдамыз.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше қамқорлығының арқасында спорт саласында көптеген игі істер атқарылды, – деп жалғастырды әңгімесін подполковник Расул Мейірманов. – Соның бірі әрі бірегейі Алматыда Дүниежүзілік Универсиаданың өтуі. Осы жарыс арқылы Алатау баурайында бірқатар спорттық нысандар бой көтерді, тағы біразы күрделі жөндеуден өтті. Осының барлығы елімізде қысқы спорт түрлерінің дамуына тың серпін беретіні сөзсіз. Елбасының бұл бастамасы әскерилер арасында да кеңінен қолдау тапты. Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов та спорт мәселесін үнемі назарда ұстап, осы саланы серік еткендерге үнемі қолдау көрсетуде. Бұйыртса, Армияшылардың орталық спорт клубы қатарындағы жауынгерлер де қысқы Универсиадада Қазақстанның спорттық даңқының асқақтауына барынша үлес қосады.
Сөйтіп, АОСК-нің 9 мүшесі Дүниежүзілік Универсиадада Қазақстанның туы астында өнер көрсетеді. Қазіргі кезде олар шетелде өтіп жатқан түрлі жарыстарда шеберліктерін шыңдауда.