Негізгі бет  /  мақалалар  /  Кипрге қарсы ойнаймыз

Кипрге қарсы ойнаймыз

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
367
Кипрге қарсы ойнаймыз 20-24 наурыз аралығында Кипрдің астанасы – Никосияда оқу-жаттығу өткізетін футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы сол елдің бас командасымен кездеседі. Бұл матч 22 наурызда өтеді деп жоспарлануда.

Жерорта теңізінде орналасқан шағын ғана аралда небәрі 1,5 миллионға жуық халық тұрады. Оларда футбол өнері жақсы дамып жатыр деп те айта алмаймыз. Кипрлықтар қандай жарысқа қатысса да, көбіне-көп көш соңында жүреді. Десек те, айтулы мемлекеттің футбол тарихында өз жанкүйерлерін қуаныш пен шаттыққа бөлеген есте қаларлық оқиғалар аз болған жоқ. Мәселен, 1998 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу турнирінде аралдықтар даңқы жер жарған Испания құрамасын 3:2 есебiмен тізе бүктірген еді. Араға 10 жыл салып, «Еуро – 2008» додасы қарсаңында Уэльс пен Ирландиядан басым түсті. Әр жылдары олар Италия (1983 жыл), Франция (1988 жыл), Польша (1988 жыл), Чехословакия (1995 жыл), Ресей (1998 жыл) және Португалия (2012 жыл) сынды алпауыттармен тең ойнады. 

Қазіргі кезде Кипрдің біраз футболшылары Еуропаның түрлі клубтарында ойнауда. Солардың арасынан Константинос Лайфис («Стандард», Бельгия), Нестор Митидис («Рода», Голландия), Ясон Деметриу («Саутэнд», Англия), Андреас Макрис («Уолсолл», Англия) сынды ойыншыларды атап өтуге болады. Олар өз командаларының негізгі құрамында. Бүгінгі таңда, ФИФА-ның рейтингінде Кипр 115-орынға табан тіресе, Қазақстан 98-сатыға жайғасты.
2018 жылы өтетін әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Кипр құрамасы «Н» тобында өнер көрсетуде. Осы күнге дейін олар Бельгия (0:3), Грекия (0:2) және Босния мен Герцеговина (0:2) ұтылып, Гибралтарды (3:1) жеңді. Қоржынында 3 ұпайы бар аралдықтар жарыс кестесінде 4-орынды иеленуде. Айтулы елдің өкілдері өздерінің келесі кездесуін 25 наурызда Эстонияға қарсы өткізеді. 
Ал «Е» тобында күш сынасып жүрген Қазақстан құрамасы ең соңғы орында келеді. Біздің футболшылар Черногория (0:5) мен Данияға (1:4) есе жіберіп, Польша (2:2) және Румыниямен (0:0) ұпай бөлісті. Жерлестеріміз келесі бәсекеде Армениямен күш сынасады. Бұл матч 26 наурызда Ереванда өтеді.