Негізгі бет  /  мақалалар  /  Шведова мен Кинг қайта қосылды

Шведова мен Кинг қайта қосылды

Айқын-ақпарат
273
Шведова мен Кинг қайта қосылды «Үлкен дулыға» санатына жататын төрт ірі додалардың бірі – Австралияның ашық біріншілігіне даярланып жатқан теннисшілерінің қалың шоғыры қазіргі кезде түрлі турнирлерде бақ сынауда. Солардың қатарында Қазақстанның да спортшылары бар.

Мәселен, Юлия Путинцева мен Ярослава Шведова жасыл құрлықта өтіп жатқан Apia International Sydney турнирінде бақ сынауды жөн көрді. Өкінішке қарай, Шведованың қадамы сәтті болмады. Ол тұсаукесер кездесуде әлемдік рейтингте өзінен әлдеқайда төмен тұрған ұлыбританиялық Наоми Броудиден ұтылды – 1:6, 4:6. Ал Путинцева алғашқы айналымнан сүрінбей өтті. Швейцариялық Белинда Бенчичпен болған бәсекенің бірінші сеті 6:4 есебімен жерлесіміздің пайдасына шешілді. Екінші сетте қарсыласы жарақат алып, жарысты жалғастырудан бас тартты. Соның нәтижесінде, Юлия екінші айналымға жолдама алды. Алайда келесі кездесуде отандасымыз әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, даниялық Каролин Возняцкиге жол берді. Есеп – 0:6, 5:7. 
Дәл сол жарыстың жұптық сайысында Ярослава Шведова мен америкалық Ваня Кинг табысты өнер көрсетуде. Тұсаукесер кездесуде олар Анастасия Родионова (Австралия) мен Дарья Юракты (Хорватия) 6:2, 6:3 есебімен ұтты. Одан кейін Квету Пешке (Чехия) мен Ану Лену Грёнефельд (Германия) сан соқтырды – 7:5, 6:3. Осылайша, олар жартылай финалға жолдама алды. 
Естеріңізде болар, кезінде осы жұп бірқатар халықаралық додаларда дара шыққан болатын. Солардың арасында АҚШ-тың ашық біріншілігі мен «Уимблдон» сынды ірі турнирлердің бас жүлдесі бар. Кейіннен қос теннисшінің арасына жік түсіп, жолдары екі айырылған еді. Бірақ содан бергі уақытта Ярославаның да, Ваняның да асығы алшысынан түскен жоқ. Содан олар қайта тіл табысып, жұптық сайыста бірге өнер көрсету жайында шешім қабылдады.