Негізгі бет  /  мақалалар  /  Өз орындарын сақтап қалды

Өз орындарын сақтап қалды

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
403
Өз орындарын сақтап қалды WBA нұсқасы бойынша жұдырықтасып жүрген кәсіпқой боксшылардың рейтингі қайта жаңартылды. Бұл тізімде Қазақстанның былғары қолғап шеберлері өз орындарын сақтап қалды.

Аса жеңіл салмақтағы Жанат Жақиянов (53,5 келі) бірінші орында тұр. Уақытша әлем чемпионы деген атағы бар қандасымыз 10 ақпанда АҚШ-тың Толедо қаласында осы нұсқаның суперчемпионы Роши Уорренмен күш сынасады.
Бірінші орта салмақтағы Қанат Ислам (69,9 келі) 4-орынды иеленуде. Қанаттың салмағында қазір Куба қабыланы Эрисланди Лараның тасы өрге домалап тұр. Суперчемпион атағы дәл сол боксшыға тиесілі. Ал Германияның туы астында өнер көрсетіп жүрген эквадорлық Джек Кулкай тұрақты әлем чемпионы атанып отыр. Қытайда туып-өскен қазақтың өр мінезді ұлы көктем айларының бірінде қайта шаршы алаңға шығады. Мұхиттың арғы бетінде өтетін сол кездесуде Қанат жеңіске жететін болса, онда қандасымыздың алтын белбеу үшін таласуына тамаша мүмкіндік туды. 
Жартылай орта салмақтағы Жанқош Тұраров (66,7 келі) 11-сатыға жайғасты. Бірінші орта салмақтың үздіктері арасында Қазақстанның тағы бір боксшысы Иса Ақпербаев (90,7 келі) 15-орынды еншілеуде. Сондай-ақ әлемдік рейтингті бірте-бірте сатылап жоғарылап келе жатқан Батыр Жүкембаев пен Абылайхан Құсайыновтың да өнерін тамашалайтын күн жақын. 28 қаңтарда Канаданың Квебек қаласында өтетін бокс кешінде қос қандасымыз Мексиканың өрендерімен кездеседі. Батыр Давид Ранхелмен қолғап түйістірсе, Абылайхан Оскар Мехьямен айқасады.