Негізгі бет  /  мақалалар  /  ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТЫНЫШТЫҒЫ – ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТЫНЫШТЫҒЫ – ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА

Айқын-ақпарат
424
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТЫНЫШТЫҒЫ –  ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА Қазақстанда «Экстремизм мен терроризмге қарсы бірқатар заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңға қол қойылған болатын.

Аталған заң бойынша азаматтардың уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге тұруы міндеттеліп отыр. Ал кез келген азаматтың келген жеріне тіркеуге тұруын міндеттеу туралы қабылданған жаңа заң елдің құлағын елең еткізді. Тіпті жаңа заңға наразылықтарын танытып жатқандар да аз емес. Ал ҰҚК мен ІІМ өкілдері заңға енгізілген түзетуге байланысты өз ойларын мұның терроризммен күрес шараларының жалғасы екендігімен түсіндіреді.

Оның бір себебі, Ақтөбеде болған террористік әрекетте жатса керек. Өйткені онда лаңкестік жасағандар өз жиындарын жалдамалы пәтерде өткізген көрінеді. Жаңа заң бойынша, пәтер иелері өз пәтерін жалға бергенде мұқият болады. Осы арқылы полицияның ішкі көші-қонға да толық бақылау жасауына себеп бар. 
Одан бөлек, тіркеуге тұруды міндеттеу бір үйде құжынап тұрып жатқан адамдардың да мәселесін шешуге итермелейді. Әрі жергілікті атқарушы орган әрбір адамға тиесілі шаршы метрдің санитарлық нормасын анықтай алады. 
Ең қызығы, бір адамға бөлінетін үйдің шаршы метрі –  15. Демек, орташа 30 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтерге екі адамнан артық тіркелуге болмайды. 

 

Сағынтаев Қасымовқа тапсырма берді
Үкімет отырысы тіркеуге тұруды міндеттеу мәселесіне арналды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев тіркеуге қатысты сұрақтардың көбейіп тұрғанын және түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмей жатқанын айтқан еді. 
ІІМ министрі Қалмұханбет Қасымов биылғы жылдың 
7 қаңтарында күшіне енген заңға қатысты түсініктеме беріп өткен болатын.

Министр өз сөзінде: «Азаматтардың тұрғылықты мекенжайына 10 күн ішінде тіркелу міндеті бұрын да болған. Жаңа заңмен тіркеу ережелерін бұзған азаматтарды жауапқа тарту мерзімі үш айдан бір айға дейін қысқартылды. Бір айға дейін тіркелмесе, ескерту жасалады. Ал бұл мерзімнен асқанда 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Енді азаматтардың тұрақты тіркелуі болса да, олар одан шықпай-ақ, тұрғылықты мекенжайы бойынша уақытша тіркеуге тұра алады» деген еді. 
Премьер-министр Сағынтаев Қасымовтан тіркеуге қатысты заңға нақты қашан қол қойғанын және түсіндіру жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын сұрады. Үкімет басшысы өз сөзінде: «Бірінші рет қалай түсіндірдік? Халыққа қызмет көрсету орталықтарында дүрлігу туғаннан кейін ғана түсіндіре бастадық. Бұл норманың халыққа қатысты екенін түсіндік, біз 22 желтоқсанда түсіндіру жұмыстарын бастап кете алар едік, сонда қазір ХҚКО-ларға келіп жатқан 40 мыңның 17 мыңы уақытша тіркеуге келіп, қалғандары заңдастыратын еді. Бірақ олар осы күндері келмей-ақ қойса да болар еді, солай ма? Олар тіпті бір жылдың ішінде асықпай келе алар еді, айтарлықтай дүрлігу тумас еді. Адамдар не істерін білмей, ХҚКО-ға бара бастады» деген-ді. 
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев онлайн режимде уақытша тіркелу қызметін тездетіп іске қосуды тапсырды. «Халықты ол қызметті кімнің әзірлейтіні қызықтырмайды. Ұлттық технологиялық орталық па, Ішкі істер министрлігі ме, онда жұмысы жоқ. Ел азаматтары былай дейді, «Сіздер заңды қабылдадыңыздар, біз сол заңға бағынатын азаматтар ретінде тіркеуге тұруға келдік». Болды. Уақытша тіркеуді енгізгені дұрыс. Оған дау жоқ. Дегенмен, осы жұмысты ұйымдастыру шараларымыз халықтың көңілінен шықпады. Біз қайтадан шалыс бастық. Халыққа тікелей қатысы бар заңды қабылдаймыз да, оның негізгі нормаларын дұрыс жеткізе алмаймыз. Алдағы уақытта осыны ескеру керек» деп атап көрсетті Үкімет басшысы. 



Еліміздің қауіпсіздігі үшін жасалып отыр

Әли БЕКТАЕВ, 
Парламент сенатының депутаты:

 

– Уақытша тіркеу туралы заң күшіне енді. Алдағы уақытта қандай да өзгерістер болуы мүмкін бе?
– Әлеуметтік желілерде бұл мәселеге қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Бірі қолдаса, енді бірі түбегейлі қарсы. Ал негізінен, осы заң қабылданбас бұрын жан-жақты қарастырылды. Бірнеше мақсаттар қойылып, сол бағытта жұмыстар атқарылатын болады. Яғни, біріншіден, еліміздің қауіпсіздігіне аса мән беріліп отыр. Қай қала-өңірлерге баратын болса да, сол жерге уақытша тіркелуі тиіс. Бұл арқылы тәртіп те нығаяды, қауіпсіздік те тиісті дәрежеде сақталады. Екіншіден, әлеуметтік мәселе ретінде қарауға болады. Мысалы, бір жерде қанша адам тұрып жатқанын білу арқылы сол аумаққа қанша мектеп, аурухана, балабақша секілді орындар қажет екендігінен хабардар бола аламыз. Егер адамдар заң жүзінде тіркеуден өтіп, есепке алынатын болса –  осындай әлеуметтік мәселелер де шешімін табады деп ойлаймын. Үшіншіден, экономикалық жағын алып қарайық. Бүгінде көпшілігі пәтерде тұрады. Ал үй иелері пәтер жалдаушыларды тіркемейді, тиісінше салық та төлемейді деген сөз. Аталған заң осындай олқылықтарды да реттеуге қауқарлы. 
– Яғни, бұл заңның халық үшін пайдасы көбірек болғаны ма?
– Өткенде Ақтөбе және Алматы қалаларында орын алған жағдайлар қауіпсіздіктің төмендігінен болды. Әр адамның қайда жүргені туралы ақпарат болмағандықтан әркім ойына келгенін істейді. Ал мына заңның көмегімен осыны жолға қоюға болады. Жалпы, тіркеу бізде бұрыннан бар. Ал жаңа енгізілген уақытша тіркеу соған ұқсас дүние. Дамыған, өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты мақсат еткен дүниежүзінің бірқатар мемлекеттерінде бұл қолданылады. 
– Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын-сонар кезек. Бір ай ішінде барлық тұрғын тіркеліп үлгермеуі де мүмкін. Бұған не дейсіз?
– Мұндай мәселелер ұйымдастыруға байланысты туындап жатыр. Бастапқыда барлығы жаппай тіркелгендіктен осылай болатыны заңдылық. Үкімет бұдан хабардар, алдағы уақытта шешімі табылады деп ойлаймын. Тиісті құзырлы органдарға қарапайым халықтың назын жеткізуге тырысамыз. Бір айта кетерлігі, электронды түрде тіркелуге де болады. Бәрін ретімен, дауға ұластырмай шешуге тырысқан жөн.

 


 

Тіркеуге тұру үшін не істеу керек?
Оның да жолы оңай көрінеді. Тіпті бір күннің ішінде тіркелуге болады. Ол үшін ХҚКО-ға барасыз да, электронды үкімет порталы арқылы онлайн тәртіппен тіркелесіз. Ол пәтер иесінің келісімінсіз жүзеге аспайды. Әрі оның жеке куәлігі мен тіркелетін адамның жеке куәлігі болуы міндетті. Сонымен бірге, 226,9 теңге мемлекеттік баж төлегендігі туралы түбіртегіңіз қоса болуы шарт. Электронды үкімет порталына тіркелу үшін электронды сандық қолтаңба қажет. Оны міндетті түрде Халыққа қызмет көрсету орталығынан аласыз. 
Айыппұл төлегіңіз келмесе, тезірек тіркелгеніңіз жөн. Әйтпесе 2017 жылдың 7 ақпанынан бастап, айыппұл салына бастайды. Азаматтардың тіркеуге тұрған-тұрмағанын тексеру механизмі қалай жүзеге асырылатыны әзірге белгісіз. Бастысы, 7 ақпанға дейін тіркеліп үлгеруіңіз шарт. 

Есігімді ұрмаңдаршы, сақшылар!
Тексеру механизмі демекші, қаңтардың алғашқы күндерінен-ақ, тәртіп сақшылары тексеру жүргізуді бастап кеткен секілді. Оны әлеуметтік желі қолданушылардың жазбаларынан байқауға болады. Мәселен, журналист Есенгүл Кәпқызы өзінің фейсбук парақшасында: «Ал басталды. Таң атпай рейд жасап жүрміз деп, учаскелік полицей келіп, есігімізді қақты. Үйімізде кім тұратынын, қанша адам тіркеуде екенін жазып алып кетті. Мұның дұрыс емес екендігін айтып, біраз айтысып едім.

«Біз –  орындаушымыз. Мұны заңды қабылдағандарға айтыңыз. Біздің жұмысымыз аздай, енді осы жұмысқа жегіп қойды» деп өздері мұң шақты» деп жазады. 
Ал белгілі әнші Ерлан Төлеутай да таң атпастан учаскелік полицейлердің есік қаққанын, олардың «тіркеу» мәселесімен келгені айдан-анық екендігін жазады. 
Айыппұл салу мәселесі, 7 ақпаннан бастап жүзеге асары белгілі. Онда учаскелік полицейлер неге есік қағып жүр? Осы мәселеге орай, Алматы қаласы Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбекке қоңырау шалдық. «Учаскелік полиция қызметкерлерінің үйді-үйді аралап, құжаттарды тексеріп жүргендері жақында қабылданған заңға байланысты емес. Бұл «Универсиада – 2017» қарсаңында жасалуы тиіс жоспарланған жедел-профилактикалық іс-шара. Яғни, бұрын-соңды сотталғандар, үйінде қару-жарақ ұстайтындардың үстінен тексеріс жүргізіліп жатыр. Аталған штаб жақында ғана құрылды. Ал міндетті уақытша тіркеуге байланысты түсіндіру жұмыстары қазіргі таңда БАҚ арқылы жасалуда. Яғни, басылым беттерінде, теледидар арқылы айтылып, жазылып жатыр. Учаскелік полиция қызметкерлері келесі айдан бастап жұмысқа кіріседі. Ал әзірге олар жұмылдырылған жоқ» деп жауап қайтарды. 
Жаңа заң пәтерді жалға берушіге де, алушыға да рұқсат қағазы болмаса, айыппұл салынатынын көрсетіп отыр. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, мұндай шара пәтерді заңсыз жалға берушілердің санын азайтып, ішкі миграцияға есеп жүргізуге мүмкіндік тудырады. 


 

Асыра сілтеу болғанын қаламаймын

 

 

Рамазан Салықжанов, 
әлеуметтік ғылымдардың кандидаты:

– Заң шығарушылар әрбір жаңа заң қабылданған соң, оның артықшылықтарын, өзге мемлекеттерде қаншалықты жүзеге асқандығын түсіндіріп, өз ойларын алға тартады. Құжатқа қол қойылып, қабылданған соң мемлекеттің азаматы ретінде заңға бағынуға міндеттіміз. Мұндай қиын-қыстау заманда елдің бет-бетімен кеткені де жөн емес. Осы тұрғыдан алғанда, бәрі түсінікті, бәрін орындаймыз. Бірақ мына кереғарлықты аттап өту қиын. Мәселен, өз еліңде тіркеусіз отыз күн жүре алады екенсің. Ал айталық, ресейліктер Қазақстанда тоқсан күн емін-еркін жүреді. Ресейге былтыр барғанымда, мен де тіркеусіз үш ай болдым. Көрдіңіз бе, мемлекеттің шетелдіктер мен қазақстандықтарға деген көзқарасы екі түрлі. Мен осындай асыра сілтеу болмағанын қалаймын. Себебі мемлекет ең бірінші кезекте, өз азаматтарының жағдайын жасауға тиіс. Қауіпсіздік сақтау мақсатында дегендері жақсы, бірақ олай болатын болса, шетелдіктер тарапынан болуы мүмкін қауіпке неге сондай шаралар қолданбасқа?! Терроризмнің алдын алуға бағытталғанымен, лаңкестік жасайтын пиғылы бар адамның үнемі сақ жүретіні, оның еш жерде тіркелмейтіні ескерілгені жөн. Ал әлеуметтік, экономикалық мәселелердің шешілуіне үлес қосылады дегенге келісуге болады. Бірақ пәтерді жалға беруші туысқаным деп көрсетіп, оларды тегін тұрғызып жатырмын десе, ақша алғанын қалай дәлелдейді? Бірақ ол енді екі жақты келісім арқылы шешілетін дүние. Сондықтан осындай жақсы жақтары бар дегенге аздап сенуге болады. 


 

ХҚКО-дағы дүрлігу неден шықты?
Миграциялық полицияның «Уақытша тіркеу үшін үй иесі мен уақытша тіркелушінің электронды-сандық қолы болса жетіп жатыр» дегені белгілі. Алайда Халыққа қызмет көрсету орталығына ағылған халықтың қарасы көп. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, күндігіне кемінде 200-300-ге жуық азаматтар тіркелуге келуде. Мәселен, 7 қаңтар күні 9 мың қазақстандық азамат ХҚКО-ға жеке куәліктерін рәсімдеу мен азаматтарды тіркеуге байланысты өтініш білдірген. Орталықтарға тіркеуге байланысты жексенбі күндері де жұмыс істеуге тура келді. 

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, 7-9 қаңтар аралығында елімізде 40 мың азамат тіркелген екен. Олардың 19 мыңы уақытша тіркелсе, бұрын мүлдем тіркеуде болмаған 21 мың адам тіркеуге тұрды. Ал онлайн-тіркелу мәселесі қайта қаралып жатқаны да белгілі болды. Әу баста азаматтардың электронды тіркелу мәселесі де сөз болған. Алайда онлайн-қызмет тек тұрғылықты мекенжайға байланысты сұрақтарды қабылдайтындықтан, азаматтарға ХҚКО-ға баруына тура келеді. 
Осы мәселеге орай, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бір айдың ішінде уақытша тіркелу қызметі де онлайн жұмыс істей бастайтынын жеткізді. Министр: «Қазіргі кезде ішкі логистика мәселелері реттеліп жатыр. Оның мақсаты — xалыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезектерді азайту. Ол үшін деректер базаларын өзара кіріктіру керек. Содан кейін уақытша тіркеуді онлайн режимде іске қосуға болады. Оған ұлттық ақпараттық теxнологиялар орталығы мен Ішкі істер министрлігі жауапты» дейді.

Әзірге айыппұл салынбайды
Уақытша тіркеуге тұрмаған азаматтарға әзірге айыппұл салынбайтын болды. Мұны министр Қасымовтың өзі мәлімдеді. Бір ай бойы тәртіп сақшылары уақытша тіркеуге тұрмағандарға ескерту жасаумен шектелмек. Министрдің айтуынша, бұл жаңа заңның негізгі мақсаты –  ішкі көші-қонды бақылау. «Бұл арқылы денсаулық сақтау, білім беру, жұмыс орындарын ашу және тағы басқа әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешіледі» дейді министр. ІІМ басшысы мұның жалпы әлемде бар тәжірибе екендігін айтады. «Германияда тұрақты мекенжайынан көшіп кеткені, не болмаса, бөтен біреудің мекенжайын пайдаланар болса, айыппұл төлеу міндеттеледі» дейді Қ.Қасымов. 
Әзірге айыппұл салынбайды екен деп, арқаны кеңге салуға болмайды. Бір ай ішінде тіркеліп үлгермесе, 10 АЕК көлемінде айыппұл арқалайтыны тағы белгілі. Әрбір азамат тұрақты мекенжайы болмаса да, уақытша тіркеуге тұруға міндетті. 

 


 

Түйін:

«Піскен астың күйігі жаман» деуші ме еді. Сол айтқандай, тіркеуге тұруға міндеттейтін бұл заңның да әзірге бастамасы қызу талқыға түсті. ХҚКО-ға ағылған халықта есеп жоқ. Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс кестесі таңғы сағат 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін ұзартылған және уақытша тіркеу бойынша жұмыс істейтін мамандардың да саны артуда. Соған қарамастан, ХҚКО-дағы алашапқын басылмай тұр. Мәжіліс депутаты Ахмед Мұрадов ХҚКО қызметтерін бақылап, жағдайды өз көзімен көру үшін елге баратынын айтыпты. «Егер жаңа заңға халықтың көңілі толмай жатқанына көзім жетер болса, әрі қарай не істеу керектігін қарастыратын боламыз. Керек болса, тіркеу туралы тармақты алып тастауымыз да мүмкін. Заңдағы кемшіліктер халыққа кесірін тигізсе, одан не пайда?» дейді депутат.
Елді дүрліктірмеу үшін ең алдымен, түсіндіру жұмыстары жасалу керек еді. Ертең тәртіп сақшылары ескерту жасайды делінген бір ай да өте шығады. Сонда тіркеліп үлгермегендер айыппұл төлеп отыра бермек пе? «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмаудың» жолы қайсы? Министрлік осыны неге ескермейді екен?
Алайда барлығымыз үшін аса маңызды бір мәселе бар: Қазақстандағы татулық пен тұрақтылық қоғамдық тыныштық негізінде қалыптасты. Бұл –  қымбат қазынамыз. Елдің іші тыныш болса –  ертеңіміз де нұрлы болмақ. Түрлі пиғылдағы содырлар мен бұзақыларға мемлекет болып, қоғам болып қарсы тұруға міндеттіміз. Сондықтан уақытша тіркеу мәселесін сөз етіп, түрлі дүрлікпе әрекеттерге итермелеу дұрыс емес. Әсіресе, әлеуметтік желіні қолданушылардың «отқа май құймағаны» керек! «Үр, ит соқ» деген пиғыл қазірдің өзінде-ақ байқалып жатыр. Осыған абай болайық!
Отан –  ортақ, ел –  ортақ. Демек, сол Отанның тыныштығы үшін қабылданған заң да –  ортақ!

Гүлзина ТҰРҒАНБАЙҚЫЗЫ,
Жадыра АҚҚАЙЫР