Негізгі бет  /  мақалалар  /  Үрейді қалай жеңуге болады?

Үрейді қалай жеңуге болады?

Жолдасбек Дуанабай
596
Үрейді қалай жеңуге болады? Қазір шалғай жерге ұшақпен жету түкке тұрғысыз болып қалды. Ол жайлы әрі діттеген жерге жедел жететін қауіпсіз көлік болып саналады.

 Алайда әуе кемесіне мінерде кез келген кісі қобалжып, көңілінде күдік ұялайды. Соған қарамастан үмітін үкілегендер көкте самғап, тиісті жеріне жеткенде маңдайының терін сүртеді. Алғашқы қорқынышын өзгелерден жасырғанымен жерге табаны тиген соң жан сарайында жақсы бір сезімнің пайда болары анық.  
Ұшаққа отырарда болатын қорқыныш сезімі адам атаулыға тән құбылыс.  Мықты спортшыларыңыздың өзі  әуеге көтерілерде жүрексінеді. Оның себептері - ұшақтың тым биікке көтерілетіндігі, оқыс оқиға бола қалған жағдайда аман қалу мүмкіндігінің аздығы, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарияланатын апаттар...Соған қарамастан үрейді үмітке жеңдіруге болады.
Сапар сәтті болсын! 
Жолға шығатындар интернет арқылы кез келген компанияны таңдай салуға болмайды. Олар өз бағытын қадағалап, танымал компанияны, ұшақтың түрін де таңдағаннан ұтылмайды екен. Тіпті кейбіреулер жұлдыз жорамалдарға қарап жолға шығады. Ең тиімдісі - еш жерге қонбастан, межелі жерге бірден баратын қысқа жолды таңдау.
Әуежайға ерте келіңіз
Бұл әр адамның ұшаққа үлгеруіне ғана емес, ұшуға бой үйретіп алуы үшін де қажет. Әуежайдан көкке көтеріліп немесе қонып жатқан ұшақтарды бақылау, ұшақ моторының ащы дауысына құлақ үйрету адамның жүйкесін бір қалыпқа түсіреді. Бойыңызда қауіпсіздік пен сенім ұялаған соң қорқынышты да ұмытасыз. 
Орынды дұрыс таңдаңыз
Қандай жерге отырсаңыз да аяқты еркін созуға мүмкіндік қажет көрінеді. Өйткені аяқтың отырғаннан тез ұйып қалатыны жасырын емес.  Екіншіден, аяқты созып отыру көңіл-күйге де әсер етеді. Мүмкіндігінше алдыңғы орындықты таңдаған жөн. Бұл өзгелерге қарап алаңдаудан құтқарады. 
Ерте тұрыңыз
Кейбіреулер жолға шығарда жақсылап ұйықтап алуды ұнатады. Алайда бұл жолда адамның жүйкесін жұқартатын амал көрінеді. Одан да көкте кетіп бара жатып көз іліндіріп алу - өте тиімді тәсіл.  Жол қысқарады, сіз тіпті қонатын уақытты сезбей де қаласыз. 
Бөгде дауысқа назар аударыңыз
Кез келген көлік түгілі түрлі құралдар да дыбыс шығарады. Оның жанында ұшақтан шығатын шудың  адамға кері әсері бар. Тіпті әуеде келе жатып та ұшақ моторынан шығатын дыбыс өзгеруі мүмкін. Соған байланысты үрейленуге болмайды. Үрей жетегінде қателесіп айғайлауыңыздың өзі бүкіл жолаушыны аяғынан тік тұрғызады. 
«Моторды сөндіріп қой» деп ешкімге айта алмайсыз. Сондықтан құлағыңызға құлаққап киіп отырған орынды. Әдемі музыка тыңдап, кино көріп бару  өзіңізге тиімді.  
Жолды қысқартудың да жолы бар 
Ұшақта қайта-қайта сағатқа қарау тиімсіз. Ондайда жолда ұзарып кеткендей болады. Одан да жолда журнал, қызықты кітап оқыңыз. Тіпті көршіңізбен әңгімеңіз жарасса өткен-кеткенді талқылап, жаңа бір жобалар төңірегінде сырласқан орынды. 
Ұшақтың қалай қонатынын еске алудың қажеті жоқ көрінеді. Ол адам бойында қорқыныш сезімін оятады. Ең қажеттісі - мүмкіндігінше ұшақпен жиі сапарға шығып тұру. Ол адам бойындағы қорқынышты кетіріп, бой сергітуге септігін тигізеді.  Үрейді үмітке жеңдіріп үйренудің күнделікті өмірде де пайдасы зор.