Негізгі бет  /  мақалалар  /  Бір күнде 40-тан астам қару тәркіленді

Бір күнде 40-тан астам қару тәркіленді

Айқын-ақпарат
323
Бір күнде 40-тан астам қару тәркіленді Алматы облысының бес ауданында бір тәулік ішінде қару сақтаған 40-тан астам азамат жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, Алматы қаласында өтетін 28-і қысқы Универсиада ойындарына байланысты өңірде «Құқықтық тәртіп» шарасы басталған болатын. Полиция қызметкерлері белсене жүргізіп жатқан бұл шараның бір бағыты қару айналымына қатысты бақылауды күшейту болып отыр. Тоқтала кететін жайт, «Құқықтық тәртіп» шарасы алдын алу сипатына ие. Ол бойынша Алматы қаласына жақын орналасқан облыстың Талғар, Қарасай, Іле, Жамбыл және Еңбекшіқазақ аудандарын қамтыған шараға мыңға жуық қызметкер тартылған.  Полиция бірқатар бағытта, атап айтқанда көші-қон, есірткі бизнесімен күрес, сондай-ақ лицензиялық-рұқсаттама бойынша рейдтер өткізеді. «Бірінші күнгі шара нәтижесінде айналымнан 49 атыс қаруы алынды, оның екеуі заңсыз. Бұзушылыққа жол берген 42 қару иесі жауапкершілікке тартылып, оларға қатысты 453 800 теңге сома айыппұл салынды. Бұдан бөлек, көші-қон заңнамасын бұзған 70 шетелдік азамат пен 77 қазақстандық жауапкершілікке тартылды», - делінген баспасөз баянында.  Шара аясында полиция қызметкерлері Қарасай және Талғар ауданында қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген екі күдікті ұсталған. Іле және Қарасай аудандарында із-түссіз жоғалған екі адам табылды.

 

ҚазАқпарат