Негізгі бет  /  мақалалар  /  ЖАС КЕЛСЕ–ІСКЕ

ЖАС КЕЛСЕ–ІСКЕ

Айқын-ақпарат
1363
ЖАС КЕЛСЕ–ІСКЕ Әлемдік спорт сайыстарының тәжірибесіне сүйенсек, дүбірлі додалардың ойдағыдай өтуіне ерікті топтардың қосатын үлесі орасан зор екені даусыз.

Өйткені көптеген шетелдік қонақтар мен спортшылар біреуі білсе, біреуі білмейтін бейтаныс елге келеді. Ал сол меймандарды жылы жүзбен қарсы алып, қойылған сауалдарға дұрыс жауап беріп, өтініштерін орындап, қажетті жеріне жол сілтеу – еріктілердің тікелей міндеті. 

Жуырда ғана еріктілерді іріктеу сынағы толықтай аяқталды. Бір қуанарлығы, алғаш рет елімізді алауы тұтанғалы отырған Дүние­жүзілік қысқы Универсиадаға өті­ніш білдірген еріктілер арасында жас шамасы18-ден бастап, алпысты алқымдап, жетпіске аяқ басқан аға буын өкілдері мен ақсақалдар да бар. 
Еріктілерге қойылған негізгі талаптардың бірі – ағылшын тілін жетік меңгеру. Жалпы, еліміз бойынша ерікті болуға жалпы саны 14 мыңнан аса адам өтініш берсе, соның 9 303 алматылық студенттер. Сонымен қатар еріктілер санатына қосылғысы келгендер қатарында басқа да мемлекеттің өкілдері бар. Осы орайда, Ресей азаматтарының 3 594 өтініш жібер­генін айта кетуге тиіспіз. Универ­сиада кезінде қызмет етуге ниет білдіргендер арасында Италия, Ка­на­да, АҚШ, Қытай, Ли­ван,Ұлыбритания, Гонконг, Ук­раи­на, Молдавия және Өзбекстанның да өкілдері бар. 
Еріктілерді осы байрақты бәсекеге тарту бағытында кемінде 15 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық келісім жасал­ған екен. Ал олардың жұмы­сын қадағалап, бағыт-бағдар беру мақ­сатында дәрістер мен тренинг­тер өткізіліп, нәтижесінде 150 адам таңдалынып алынды. 
Қазірдің өзінде еріктілердің жұмысы басталып кетті. Олар көптеген іс-шараға белсене араласып, дүбірлі дода алдында түрлі тәжірибелік сынақтан өтуде. Тағы бір айта кетерлік жайт, еріктілердің үстіне киген киімдері біркелкі болмақ. Олардың қонақ­тармен сөйлесу мәдениетіне және жан-жақты сала бойынша білім сапасына баса назар аударылуда. 
Универсиада кезінде еріктілер 30-дан аса міндет атқаруға тиіс. Халықтың спорт сарайына кіріп-шығуын бақылаудан бастап, көлік тұрағы, баспасөз қыз­меті, меди­цина, ат­леттер ауылы, кө­рер­мен­дер­мен жұмыс жүргізу, мәдени іс-шаралар, қонақтарды жай­ғас­тыру, тіркеу, қауіп­сіздік, бас ақ­па­раттық орталық және тағы басқа жұмыс орн­­­ында өз мін­деттерін мүлтіксіз ат­қаруға тиіс. 
Ел абыройын төмен­­дет­пей, жоғары дең­гей­де қызмет еткен сту­денттердің еңбек­тері де елеусіз қалмайды. Олар өздері біліммен су­сын­дап жатқан жоға­ры оқу орындарынан марапат қағаздарына ие болады. Сабақ­та­рына да жеңіл­діктер қарастырылған. Ең бастысы, осындай ауқымы кең, тарихи оқиғаның ойдағыдай өтуіне өзіндік үлес қосқан әр ерікті, әсіресе, студенттер үшін бұл – баға жетпес үлкен тәжірибе мектебі болары хақ. Сондықтан «Жас келсе – іске» деп қуанамыз. 

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ